Ұстаз еңбегі – шәкірт жемісі
ХХІ ғасыр – білім мен ғылым ғасыры. Заман талабына сай бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтың туын биік ұстайтын жас ұрпақты тәрбиелеу – маңызды міндет. Адам баласын ұлы мақсаттарға жеткізетін ұлы күш – білім, оны жас ұрпақтың бойына дарытушы – ұстаздар қауымы екені сөзсіз.
Дана Абай айтқандай «Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ұстаз – тұл». Адам баласының кісі болып қалыптасуы көбінесе ұстазға байланысты. Шәкірт ұстазға қарап өседі. Ол ұстазының білімін, берген тәрбиесін, кеңесін алады. Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам жақсы қоғам қайраткері, ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп көркейеді. Алайда оқушыны білімге қызықтырып, өз әлеміне баурап алу үшін ұстазға дариядай терең білім, биік парасаттылық, талмас еңбекқорлық, таза ниет керек. Осы орайда мектебіміздің мақтанышына айналған оқушы туралы айтқым келеді. Атап айтатын болсам, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Дарын» қосымша білім беру орталығы басшылық жасап, ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиада өтті. Ол аудандық, облыстық және республикалық кезеңнен тұрды. Мектебіміздің 10-сынып оқушысы Нұрсая Қанибаева қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ауданда өткен олимпиадада екі кезеңнен өтіп, І орынды иеленді. Әрі қарай республикалық кезеңге жолдама алып, Астана қаласында да шәкіртіміз өз білімін көрсетіп, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, облыс, аудан мерейін үстем етті. Оқушымызға жетекшілік етіп, жан-жақты дайындап, қазақ тілі мен әдебиеті пәніне деген қызығушылығын арттырып, тәрбиелеп келе жатқан ұстазы – Әсем Ахметова.
Бүгінде ғылым, білімге қояр талап артып, оқу жүйесі де күрделенген шақта жаңа қоғам мұғаліміне жүктелер жүк еселене түсуде. Ұстаз қауымы алдында жай білім беру ғана емес, сонымен қатар өркениет көшіне жол бастайтын, әрі ұлттық рухта сусындаған білімді, дарынды азаматтар мен азаматшаларды тәрбиелеп шығару міндеті тұр. Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған негізгі мәселенің бірі – білім беру, ғылымды дамыту екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Мектебімізде қабілет пен қасиетті бойына сіңіре білген ұстаз жетерлік. Уақытпен санаспай, еліне қалтқысыз қызмет етіп, жас ұрпақты бақытқа жетелеп жүрген ұстаздарға толағай табыс, шығармашылық шабыт тілейміз.
Тұңғышай ӘМЕНОВА,
No27 орта мектеп директорының оқу ісі
жөніндегі орынбасары