Ерлердің ерлігі ЕЛ ЖАДЫНДА
Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстан демократиялық республикасынан шығарылғанына биыл – 35 жыл. Әрине, арада ұзақ жыл уақыт өтсе де, отты жылдар салған жүректегі сызат әлі жазыла қойған жоқ. Үкіметтің өкінішті ұранының арқасында өрімдей жас жігіттер жат елдің топырағын басып, естен кетпес қиыншылықтың дәмін татты. Мыңға жуық жауынгеріміз қан майданда көз жұмып, мәңгілік тыныс тапты. Осыдан кейін қасірет қамытын кигізген отты жылдардың қай жағын алсақ та, жақтап алар тұсы жоқ.
Бейбітшілік жолында қазақ әскерлері он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғап, өздерінің интернационалдық міндетін орындады. Қанды қырғынға Қазақстаннан 22 мыңнан аса жауынгер қатысып, лаңкестермен тоқтаусыз соғыс жүргізді. Біразы өзге елде өжеттілікпен өмірлерін қиса, жартысы Отанымызға мүгедек болып оралды. Жарқын болашақ үшін жан берген ағалар ерлігі – бүгінде ұрпақ жадында ұмытылмауы тиіс ұлағатпен тең.
Батыр ағаларды еске алып, оларға құрмет көрсету – жас ұрпақтың парызы. Жыл сайын даталы күнде батырларға тағзым ету қармақшылықтар үшін дәстүрге айналған. Аудан орталығындағы «Жастар» саябағында орналасқан ескерткішке жиналғандар гүл шоқтарын қойып, соғыста және соның зардабынан ерлікпен қаза тапқан батырларға Құран бағыштады. Жиында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, майор Дастан Байдәулетов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков Отан алдындағы борышын адал атқарып, өзге елде жанқиярлық ерлік көрсеткен батырлардың әрекеті ешқашан ұмытылмайтынын айта келе, «Сол бір қатыгез соғыс біздің тарихымызда қаттаулы оқиғалардың бірі болып қала береді. Қаншама жауынгерлер бүгінде ортамызда жоқ. Оларды әркез еске алып, құрмет көрсету – біздің азаматтық парызымыз» деді.
Сыр елінен ауған соғысына 860 адам аттанса, оның ішінде ауданнан 87 сарбаз интернационалдық борышын өтеген. Майдан даласында жерлестеріміз Нұрлан Айсауытов, Әнуарбек Өміров және Рақымжан Доспанов ерлікпен қаза тауып, бүгінде есімдері мәңгі ел есінде. Айтулы күннің іс-шарасы мұнан соң аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов сөз сөйлеп, ауған соғысының ардагерлерін облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттап, мерекелік төсбелгі медалін табыстады.
– Отан алдындағы борышын жат елде өтеп, ерлік үлгісін көрсеткен азаматтар – батырлық пен өршілдіктің жарқын бейнесі. Осы жат елде соғыста жүріп көз жұмған ағаларымыздың рухына тағы да бас иіп, тағзым етіп отырмыз. Отанға қажет кезде жауынгерлік саптан табылған батырларымыздың өмірі – бүгінгі өскелең ұрпаққа өнеге. Олардың әрбір ерлігі халық жадында мәңгі сақтаулы. Бейбітшілік құсы бір ұшса, қайта қонбайды. Сондықтан біз еліміздегі тыныштықтың қадірін білуіміз керек, – деді ол.
Іс-шара соңында «Ауғанстан және аймақтық соғыс ардагерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Ерманов жиынға қатысып, құрмет көрсеткен барша жандарға алғысын білдірді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ