Бүгін − Шәкен Аймановтың туған күні
Бүгін қазақтан шыққан тұңғыш режиссер, актер Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толды, деп хабарлайды Egemen.kz.
фото: kazakhfilmstudios.kz
Ол 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысында дүниеге келген. Семей мұғалімдер техникумында оқып жүргенде, Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылып, 1933 жылдың маусым айында театрға жұмысқа қабылданады.
Ш.Айманов алғашында Грамофонов (К.Погодин «Менің досым»), Қодар, Алдар көсе (Ш.Құсайынов «Алдар Көсе»), Исатай (I.Жансүгіров «Исатай - Махамбет»), Кассио (У.Шекспир «Отелло») рөлдерін ойнады. Көп ұзамай Тихон, Великанов (А.Островский «Таланттар мен табынушылар», «Найзағай»), Шадрин (К.Погодин «Мылтықшы адам»), Кидд (Б.Лавренов «Америка дауысы»), Бретт (Дж.Гоу, А.Дюссон «Терең тамырлар»), Хлестаков (Н.Гоголь «Ревизор»), Казанцев (М.Әуезов «Түнгі сарын») сияқты классикалық рөлдерді сомдады.
1953 жылы театрдан киноға ауысады. Өз мамандығының хас шебері ретінде Шәкен Айманов өз кейіпкерлерін сомдағанда көзтартар іс-қимылдар жасаумен қатар, оның ішкі дүниесін ашуға тырысатын. Режиссерлік қызметі барысында Айманов кинофильм мазмұнын жан-жақты ашып, ой толғамдармен қызықтырып, көркемдік жағынан суреттеген. Дарынды актер, шебер режиссер қазақ киносының негізін қалаушылардың бірі болып, қазақ өнерінің жанданып, дамуына үлкен үлес қосты.
Ш.Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, 1958-70 жылдары одақ басқармасының 1-хатшысы қызметін атқарды. 1972 жылы Алматы қаласының көшесі және 1984 жылы «Қазақфильм» студиясы Айманов есімімен аталады. Ол тұрған үй мен киностудия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды.
Шәкен Аймановтың «Дала қызы» (К. Гаккелмен бірге), «Махаббат туралы аңыз» (К. Гаккелмен бірге), «Біз осында тұрамыз» (М. Володарскиймен бірге), «Біздің сүйікті дәрігер», «Бір ауданда», «Ән шақырады», «Жол торабы», «Алдар көсе», «Атамекен», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» сынды фильмдері бар.