Ауғанның от жалыны
1979-1989 жылдар аралығындағы Ауған жерінде он жылға созылған соғысқа қатысқан Кеңес әскерінің Ауғанстан Республикасынан шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ауғанның от жалыны» тақырыбында лекцияны назарларыңызға ұсынамыз.
Күш-жігері мен әл-ауқаты мол, интернацианализм идеаларын бойына сіңіріп отан алындағы борышын адал атқарған және өз болашағына имандай сенген жас ұрпақ осынау үлкен саяси ойынның құрбандығына шалынды. Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оқпен оттың ортасынан аман-есен оралғандар үшін Ауғанстан мәңгілік жан жарасына айналды.
Қаза тапқандардың ата-аналары, жақын туыстары мен таныстарының қайғысын сөзбен айтып жеткізу қиын. Ауған соғысының ардагерлері ұрыста қаза тапқан қаруластарын жүрегінде мәңгі сақтайды. Бұл күн көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты жылдар болды. Әрине, бәз біреулер үшін бұл күн қатардағы күннің бірі ғана шығар, алайда бұл күн сол кездегі елге ағылған темір табыттардың тоқтаған күні! 1989 жыл 15 ақпан Кеңес әскерінің ақырғы легі Ауған елінен біржолата шығарылды. Елімізде сол күннен бастап «Ауған соғысына қатысқандарды еске алу күні» болып есептеледі. Бүгінде арамызда осынау алапат ойранға қатысып келген жерлестеріміз де бар. Сонау Ауған жерінде қару асынған сын сағаттарда ерлігімен көзге түскен жерлестеріміз Роман Досаев, Данабек Нұрмаханов, Мархабай Сандыбаев «Кызыл жұлдыз» орденімен, Бақытжан Оспанов, Куаныш Ниязбаев, Әділ Жұмағұловпен қатар өзге де азаматтар «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Қан майданнан тағдыр жазуымен аман-есен оралған ардагерлеріміз бүгінде түрлі салада елеулі еңбек етуде. Ауған жерінде қаза тапқан жерлестеріміз интернационалист жауынгерлер Рақымжан Доспанов, Әнуарбек Өміров, Нұрлыбек Айсауытовтар, боздақтардың артынан зар еңіреп қалғандар бұл күнді ұмытпақ емес. Сондықтан қыршын кеткен ерлердің ерліктеріне тағзым етіп, кұрмет көрсету біздің міндетіміз, ардагерлердің есінде бұл уақыт мәңгі сақталып қала бермек. Залалы мен зардабы көп соғыс туралы ащы шындық жылдар бойы тұмшаланып, жасырын ұсталды. Тек еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана шындықтың беті ашылуда, соған қарамастан сыр жасырған тарих беттері әлі де болуы мүмкін.