» » Бала қиялдан басталған қадам

Бала қиялдан басталған қадам

Өрт сөндіруші болуды армандамаған бала кемде-кем. Осындай бала арманын орындаған бақытты жанның бірі – Дәурен Шайхымұратов. Ол он төрт жылдан бері аудандағы No10 Өрт сөндіру бөлімінде еңбек етуде. Күн сайын өз өміріне төнген қауіппен бетпе-бет келеді. Көптеген ірі жалындарды ауыздықтау кезінде алдыңғы шепте жүріп, өзінің батылдығын бірнеше рет дәлелдеген. Мұндай қызмет қаншалықты қауіпті болса, қоғам үшін соғұрлым пайдалы және құнды. Өміріне қауіп төніп, өзгенің өмірін сақтап қалғандар қызыл жалын құтырған сайын ерлік жасайды.
– 2010 жылы осы аудандағы бөлімге өрт сөндіруші болып жұмысқа қабылдандым. Сол кезде Мұратхан Маханов, Алмас Досмұратов секілді аға қызметкерлерден сабақ алдық. Әрбір өрттен кейін оны талдап, бізге бағыт-бағдар беретін. 2015 жылы бөлімше командирі болып ауыстым. Бұл қызметте былтыр зейнетке шыққан Серік Төрежановтан үйренгенім көп болды. Осы жылдар ішінде қаншама оқиғаны бастан кештік. Қатты есімде қалғаны вагон жуу стансасында орын алған өрт еді. Бұл кездегі жалынды ауыздықтау ұзаққа созылды. Жер үйлерге де барамыз. Бірінші кезекте адамды, кейін газ баллондарды алып шығамыз. Кез келген оттың ортасына кіргенде қорқыныш болады. Алайда біз сол қорқынышты жеңіп, елдің амандығы үшін өз басымызды қатерге тігеміз. Тек өрт сөндіріп қана қоймай, одан өзге де кез кел- ген төтенше жағдайдағы құтқару қызметіне барамыз. Мәселен, бір жылдары Петропавлдың Булаев ауылын су басу қаупіне байланысты көмекке бардық. Бір ай шамасында сонда болып, суға кеткен үйлерге көмек қолын создық. Мекемедегі жұмыстан бөлек, жазда Сырдария өзеніне кезекшілікке тұрсақ, қыста өрттің алдын алуға байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз, – дейді азаматтық қорғау старшинасы Дәурен Камалұлы.
Кейіпкеріміздің жұмысқа деген ынтасын оятатыны – табандылық танытып, қиыншылыққа тап болған адамдарға көмектесу мүмкіндігі. Өрт сөндіруші болу оңай жұмыс емес екенін жақсы біледі. Төзім мен сабырға ерік беру қажет, кәсіби және дене дайындығы жоғары болуы тиіс. Мұндай үдеден барлығы бірдей шыға бермейтіні анық. Балалық арманы бүгініне айналған азамат мамандығын мақтан тұтады.
– Бала кезімізде өрт сөндірушілерді көрдік. Сонда «Бұл кісілердің жұмысы рахат қой. Өртенген жерге барып су шашып, қайтып кетесің» деп ойлайтынбыз. Сол кездегі аңғал көңіл ғой. Сөйтсек, бұл нағыз өмір мен өлімнің ортасындағы, минут, секунды санаулы, тәртібі темірдей, жұмысы жүйелі мамандық екен. Алай- да бұл мамандықты таңдағаныма өкінбеймін, өйткені адамдарға көмектескенді және мемлекетіме пайдамның тигенін жақсы көремін. Өрт сөндіру қызметінің мамандары үшін әрбір құтқарылған адам үлкен қуаныш әкеледі. Бізде өте тату ұжым бар және жігіттер бір-біріне қызметте ғана емес, одан тыс уақытта да көмектесуге әзір. Мен мұны мақтаныш тұтамын. Күнделікті кезекшілікке келгенімізде «Ел аман болса екен. Өрт болмаса екен» деген шынайы тілекпен келеміз. Себебі тілсіз жау санаулы уақыт ішінде айналасына әл бермей кетеді емес пе? Ал қызмет көрсету біздің тікелей жұмысымыз, әркім өз орнында болуы тиіс. Біздің мамандықта ең маңызды дүние – жылдамдық. Әр секунд маңызды. Сол себепті шеберлігімізді үнемі шыңдап тұрамыз. Біз әрқашан сақадай саймыз және кез келген уақытта ешбір әсірелеусіз көмек көрсетуге дайынбыз, – дейді білікті маман.

Ал біз елімізде осындай өз ісіне берілген батырлардың көп болғанын қалаймыз. Басына қатер төнетінін білсе де, елге қызмет етуді борышым деп біледі. Бұл екінің бірінің қолынан келмейтін дүние. Дәурен қызметте білікті құтқарушы болса, отбасында сүйікті әке, әулетінің арқасүйері. Әке өнегесін көрген ұлы да бұл мамандықтың қиындығына қарамай «мен де өскенде әкем секілді құтқарушы боламын» дейді екен. Біз де әрбір жұмыс орны Дәурендей білікті мамандармен толықса дейміз. Осындай кәсіпқойлар қызметке келгенде балаларымыз бен жақындарымыздың қауіпсіздігіне алаңдамаймыз.
А.Сәкенқызы
11 ақпан 2024 ж. 285 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 386

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 465

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930