» » Қырағы құтқарушы

Қырағы құтқарушы

Өмірін қатерге тігетін бір мамандық бар. Қай уақытта болмасын адам өмірінің арашасы. Ол су тасқыны, өрт, түрлі апат пен қарапайым тұрмыстық жағдайларда орын алған тосын оқиғада бірінші болып жәрдем береді. Иә, бұл – төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Физикалық тұрғыда шыңдалған сала мамандары қандай оқыс оқиға болсын, қиындыққа қарамай зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетеді. Түтінге уланған адамды шығару үшін лаулаған өрттің ортасына кірсе, жол апатына ұшырағанды темір құрсауынан босатып, қатыгез қыстың аязында қалғандарға да қолұшын созады. Бірақ, олар мұны ерлік деп есептемей, күнделікті қызметіміз деп қарайды. Сол үшін құтқарушы мамандығының мәртебесі қашанда жоғары.

Құтқарушылар күні қарсаңында аудандағы №10 өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен жанжақты танысқан едік. Аталған бөлімде штат бойынша 35 қызметкер болса, оның офицер лауазымында 6 маман, кіші басшы құрамда 29 қызметкер жұмыс істеуде. Мекеме қазіргі заман талабына сай кеңселік жиһаздармен, өрт техникасы және басқа да құрал жабдықтармен толық қамтылған. Жауынгерлік дайындықты жоғары деңгейде ұстап тұру мақсатында 3 өрт сөндіру автокөлігі сақадай сай тұр.
Өрт оқиғасы орын алған кезде қоңырау дабылы ең бірінші осы мекемеге түседі. Тұтқада отырған кезекші диспетчер оқиға болған орынды анықтап, жауынгерлік жасақ пен өрт сөндіру көлігін жібереді. Мұндағы тонналап су тиеген көліктің күші жалынның бетін қайтаруға қауқарлы. Қызыл жалынның беті қашан қайтқанша отпен арпалысып, шоғы өшкенше бір тынбайды.

ӨРТ СӨНДІРУШІ БОЛУҒА АҒАЛАРЫМ СЕБЕПШІ БОЛДЫ
Біз бөлімге келгенде алдымыздан бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Серік Төрежанов қарсы алды. Оның мұнда абыройлы қызмет етіп жүргеніне он жеті жылдан асқан. Бөлімдегі ең тәжірибелісі, әрі жасы үлкені.
– Осы салаға дейін «Қармақшы агроөнеркәсіп техникасында» токарь болып еңбек еттім. 2003 жылдан бастап аудандағы №3 өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші болып орналастым. Бұл салаға келуіме Сәду Әлібаев, Нұрлыбек Шынарбаев, Алмас Досмұратов ағаларым себепші болды. Себебі осы кісілер сол кездегі өрт сөндіру бөлімінде қызмет істеп жүрген абыройлы азаматтар болатын. Қазір олар зейнет демалысында. Солардың еңбек жолына қатты қызықтым. 2008 жылға дейін өрт сөндіруші, кейін бөлімше командиріне көтерілдім, – дейді майталман маман.
Мұндағы жұмыс азанғы 8.00-де басталады. Күзетші ауысымы болып, келесі жұмысқа түсетіндер өрт сөндіру құралдары мен техниканың жағдайын тексереді. Оған дейін нұсқаулық өтіп, жауынгерлерге сабақ өтіледі.– Бөлімде төрт күзетші ауысымға түседі. Әр ауысымда сегіз маман бар. Бір күзет басшысы мен бір бөлімше командирі, үш өрт сөндіруші, екі жүргізуші және бір радиотелефоншы қамтылған. Әрқайсысының өзіне жүктелген жұмысы бар. Басты мақсат – оқиға орнына тез жету. Ал менің міндетім жүргізушіге бағыт-бағдар беріп, өрт болып жатқан жерге қысқа жолмен тезірек жеткізу. Бөлімше командирі болғандықтан құрамдағы жігіттерге бас көз болып, өртке кіруге жағдайға қарай тапсырма беремін, – дейді Серік Жалғасбайұлы.
Өрт сөндіруші болғаннан кейін кез келген тосын жағдайға дайын болу керек. Серік ағамыз да құрамындағы жігіттердің тәжірибесін шыңдау үшін өрт сөндірудің әдіс-тәсілдері жөнінде сабақ өткізіп тұрады. Себебі оттың ортасына кіруде алдымен жүрек керегін айтады. Әңгіме барысында ең алғаш өрт оқиғасына барғанын еске түсірді.
– Кенттің арғы бетіндегі Тайшық би көшесінде үй өртеніп жатыр екен. Күзет басшысы Айдос Сармолдин бастаған топ өртке кірдік. Ол кезде түтіннен қорғайтын аппарат жоқ. Үйдің іші қою түтін. Менің ол кезде аса тәжірибем де жоқ. Үйге кіргеннен күзет басшысы «отыр» деп бұйырды. Мен тізерлеп жүрдім. Сөйтсем олай да болмайды екен. Еңбектеп қозғалып жүріп өрттің ошағын табады екен. Ақыры түтінге тұншығып сыртқа шығып кеттім, – дейді бөлімше командирі.
Соңғы күндері кентте өрт оқиғасы жиілеп кеткені байқалып жүр. Әсіресе тұрғын үйдің өртенуі орын алуда. Оған себеп, тұрғындардың салғырттығы дейді маман. Баланың қолы жететін жерге сіріңке қою, жылу беру маусымында пештердің дайын болмауы, қорадағы қоқыс шөптерді ашық алаңға өртемей қараусыз тастауы бәрі осы үлкен өрттің шығуына себепші екенін жұрт білсе де орындамай келеді.
Серік ағамыздың үлкен ұлы Абай да әке жолын жалғаған. Қазіргі күні ол Қызылорда қаласындағы мамандандырылған №2 өрт сөндіру бөлімінде аға өрт сөндіруші.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
(сурет автордыкі)

17 қазан 2020 ж. 709 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 374

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 454

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930