» » БІЗДІҢ ҚҰТҚАРУШЫ

БІЗДІҢ ҚҰТҚАРУШЫ

Адамзаттың бір-біріне қол ұшын созуы – кісіліктің белгісі. Ал әр күн сайын жақсылық жасау – құтқарушының қызметі. Басын бәйгеге тігіп, барын салатын қарапайым жан­дардың жүректілігіне қалайша разы болмайсыз? Төтенше жағдай кезінде жұмыстың дұрыс үйлестірілуі мен ұжымның ауызбіршілігі маңызды. Батыл мамандар елдің кез келген жеріне жедел көмекке келуге дайын. Адам өміріне қауіп төнген уақытта еш кідіруге болмайды. Осындай бесаспап мамандардың бірі – аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты  Еламан Жамбылұлы.
Талапты жас мектеп қабырғасын тәмам­даған соң 2013 жылы ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті Көкшетау техникалық инс­титутында білім алады. Оқуын бітірген соң Шиелі ауданында №9 Өрт сөндіру, Қызылорда қаласында №12 Өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы қызметін атқарады. Былтыр ғана аудандық Төтенше жағдайлар бөліміне орналасқан ол бүгінде аудан тіршілігімен біте қайнасқан. 
– Бұл біздің күнделікті қызметіміз әрі міндетіміз. Құтқарушы тек спорттық қалыпта ғана емес, психологиялық жағынан да өте мықты болуы тиіс. Біздегі негізгі қызмет төтенше жағдайлардың алдын алу. Қауіп айтып келмейді. Қарекет еткенде ғана сол қауіп сейіледі. Қыста балық аулау, пеш, газдан уланумен күрессек, жаз басталысымен өртпен алысамыз. Тұрғындарға насихат жұмысын жүргізіп, қауіпсіздік ережелерін ескертеміз, – дейді Еламан Ешмағанбетов.
Қарапайым мысал, 112 нөмірінен ескертпелер келеді. Алайда мұны тұрғындар назарға алмайды. Соның салдарынан өзі зардап шегеді.
– Бүгінде адам өміріне қауіп төнгенде тек бір ғана құтқару қызметінің нөміріне хабарласу жеткілікті. Сол кезде білікті маман қажетті құтқару қызметін жолдап, олардың жұмысын қалай орындағанын қадағалап отырады. 112 нөмірінің қоңырауына ұялы телефон мен кез келген стационарлы телефоннан хабарласуға болады. Шұғыл әрекет етуді қажет ететін хабарды түсінікті әрі нақты уақытында жеткізген абзал, – дейді ол.
Апта сайын қауіптің алдын алуда құтқарушы рейд жұмыстарына белсене қатысады. Мәселен, былтыр суға кету факторы бойынша Жосалы кентінде 3 адам тіркелсе, биыл мүлдем тіркелмеген. Себебі арнайы жасақ кезекшілік жүргізуде.
Құтқарушы батарея мен қуыста қыс­ты­рылып қалған ойын баласына да көмекке келеді. Саусақтары ісініп кетіп, сақинасын шеше алмаған әйел де құтқарушылардан көмек сұрайды. Олар далада жоғалып кеткен, қарлы боранда қалып қойған адамдарды да іздестіреді. Су тасқыны мен өрт кезінде адамдар мен мүліктерді тасымалдау жұмысын істейді. Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары тек адамға ғана көмек көрсетіп қоймай, су құбырында қалып қойған мысықтар мен иттерді алып шығады. Дегенмен, олардың алға қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу.

Айнұр ӘЛИ
03 шілде 2019 ж. 1 023 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 155

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930