» » Кешенде келелі істер көп

Кешенде келелі істер көп

Қазірде барлығын бір мезетте қолдағы қалтафоннан көре салатын кез ғой. Оның ішінде даму жолына, пайдалы ақпаратты көріп-біліп жүрсеңіз құба-құп. Жақында осындай жақсы дүниелермен бөлісіп отыратын бір қыздың парақшасынан кент орталығындағы орналасқан спорт кешеніне барып, фитнес залда жаттығып жүргенін көзім шалып қалды. Өзі қара шаңырақтағы келін. Бес бірдей баласының бабы, сабағы, келіндік міндетімен қоса тән саулығына да көңіл бөліп жүргені сүйсінтті. Кенжесі 8 айлық. Соған қарамай үй шаруасының бәріне үлгеріп жүргені таң-тамаша етті.

«Қалауын тапса, қар жанады» дейді емес пе?! Ебін тапса бәрінің реті табылады. Бұл көп қызға мотивация да болған көрінеді. Себебі жаттығуға алғашқы барып жүрген кездердегідей емес, қазір адам қарасы көбейген. Қала берді әлеуметтік желіден «Аудан газетінен қандай жаңалық күтесіз?» деп сұрау салғанымызда «Тән саулығын қалай қолға алуға болады, қайда барып жаттыға аламыз, осы туралы жазсаңыздар» деген секілді жауап алдық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Халықтың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалуы қажет» деген болатын. Өңірімізде спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Оның ішінде ауданымызда бұқаралық спортты дамыту бірізді жолға қойылуда. Осыған сәйкес өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен Жосалы кентінде Дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне берілген болатын. Жарты жылға жуық жұмыс істеп тұрған кешеннің бүгінгі тыныс-тіршілігін білмекке тілшілер табан тіреген едік. Түскі үзіліс уақытына сәйкес келіппіз. Мұндағы дайындықтың қызу жүретіні түстен кейін және кешкілік уақыт. Біз барған уақытта техникалық қызметкер үлкен залды тазалау үстінде екен. Қар жауып, дала батпаққа батқанда, бұл кісілердің сырт көзге білініп, елене бермейтін еңбегіне еріксіз бас игіңіз келеді.

Соңғы жылдары ауданымызда құрылыс жұмыстары қарқын алып келеді. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрден асатын спорт кешенінде тренажер, фитнес және әмбебап залдар бар. Кешенге Марат Асылов басшылық етеді.

Еткен еңбек, төккен тер нәтижесіз емес қармақшылық спортшылар да байрақты бәсекелерде аудан намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Осы орайда олардың жайлы, қолайлы жерде тұрақты жаттығуы бәрінен маңызды. Бізде бүгінде жасөспірімдер арасында 192 спортшы жаттығады. Оның ішінде қол добы (гандбол), футбол, баскетбол, волейбол сынды спорт түрлерінен жаттығады. Сонымен қатар соңғы уақытта Президенттік көпсайыс жүгіру, секіру, доп лақтыру секілді түрлерге басымдық берілуде. Мұнан бөлек, кент тұрғындары кешкілік уақытта тренажер залдарына келіп инструктор көмегімен дене шынықтырумен айналысып келеді. Олардың арасында үлкен жастағы аға-апаларымызды көріп қуанып қаламыз. Себебі қай жаста болса да деннің саулығы бәрінен биік тұрады ғой, – дейді Марат Мұқанғалиұлы.

Сонымен қатар мұнда Сания Молдабаеваның жетекшілігімен қыз-келіншектерге арналған «Зумба» биі жүргізілуде. Дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері кешкі уақытта қатысуға болады. Қазірге бұл топта 20-ға жуық қыз бар. Мұнан өзге тренажер залында жаттығуға мүмкіндік бар. Апта ерлер мен әйелдер күніне орай бөлінген. Мысалы аптаның сейсенбі күні тек әйелдер жаттығады. Айта кетейік, бұл тегін. Яғни залға келіп дене шынықтырғаныңыз үшін ешкімге ақы төлемейсіз. Тән саулығына көңіл бөлемін деген жанға бұл тамаша емес пе?!

Кент орталығынан спорт кешенінің ашылғанына қуаныштымын. Бүгінде көбінде кездесетін ең үлкен проблема ол – артық салмақ. Осы салмақтан арылу үшін қайда барып, не істерін білмей жүрген жандар бар. Олар осында келіп жаттығуына болады. Тек артық салмақ үшін емес, саламатты өмір салтын ұстану мақсатында да баруға кеңес берер едім. Үлкен кісілерден бөлек, жастарда қазір тізе, буын ауруларына көп ұшырап жатыр. Сол кісілерге жақсы көмектесер еді. Ең қолайлысы – тегін. Бәріне қолжетімді. Мұнда барлығына жол сілтеп, қалай жаттығу қажет, кімге істеуге болады, кімге істеуге болмайды, барлығын түсіндіріп жүрген инструктор тренер бар. Өз бетіңше жаттығу жасаған бір бөлек, тренердің нұсқауымен жасаған бір бөлек. Берілген бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, басты байлық денсаулыққа көңіл бөлгеніміз дұрыс болар, – дейді кент тұрғыны Назерке Қожаберген.


Ақнұр САҒЫНТАЙ
13 қаңтар 2024 ж. 246 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 401

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 477

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930