Елімізде маска режимі қайта енгізілуі мүмкін бе?
«Коронавирус инфекциясының таралуы жыл бойы жүреді. Біз оны ай сайын тіркеп, бақылап отырмыз. Коронавирус жұқтыру фондық (фоновые) аурулары бар адамдарға қиынға түседі. Бұл – негізінен қарттар. Одан бөлек созылмалы ауруы бар науқастар, әсіресе тыныс алу және жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққандарға да оңайға соқпайды. Осы орайда біз жоғарыда аталған қатардағы азаматтарды ревакцинациядан өтуді ұсынамыз», – деді Ажар Ғиният Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, өткен жылы 350 мың азамат COVID-19 инфекциясына қарсы екпе алған. Сондай-ақ, министр «Қазақстандықтар қайта маска таға ма?» деген сауалға жауап берді.
«Біз маска тағуды ұсынамыз. ЖРВИ маусымы қалай басталады, яғни қазан-мамыр айлары аралығында бас санитарлық дәрігердің қаулысымен маска кию ұсынылады. Сонымен қатар медициналық ұйымдарда да маска режимі енгізіледі. Маскаға қатысты тағы бір нақтылағым келеді, біз тек ұсынамыз», – деп толықтырды ведомство басшысы.