» » Шетелде әнің шырқалсын

Шетелде әнің шырқалсын

qarmaqshy-tany.kz Алматы қаласынан «Атадан мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында "ART BAITEREK" халықаралық байқауында "Вокал" номинациясы бойынша үздік өнер көрсеткені үшін А.Жанпейісов атындағы №105 мектеплицейінің 10 сынып оқушысы Кәусар Сқақ бас жүлде жеңіп алып, дипломға ие болды. Талантты жас әнші сонымен қатар Түркия еліне жолдама да ұтып отыр. Осындай дарынды шәкірт дайындағаны үшін оның жетекшісі, білім үйінің музыка пәні мұғалімі Арайлым Мирамбекқызы да арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Ұстазының айтуынша, Кәусар шәкірті жан-жақты. Өнерімен қоса, пәндер бойынша да сайыстарға қатысып жүрген белсенді оқушы. Байқауда украин халқының «Тримай» әнін жоғары деңгейде орындап, еліміздің әр түкпірінен барған 25 үміткердің ішінен топ жарған. Ол бұған дейін де бірнеше конкурстың жеңімпазы болып келген. Атап айтқанда, аудандық білім бөлімі ұйымдастырған «Менің Отаным – Қазақстан» атты аудандық патриоттық әндер байқауында «Жанды дауыста ән орындау» номинациясы бойынша І орын иеленсе, Таразда өткен «Ақжелең» республикалық байқауында да І орыннан табылып, Сыр елінің атын паш еткен. Ауданның құрылғанына 95 жыл толу мерекесіне орай өткізілген «Елім менің» аудандық үздік әндер байқауында жүлделі ІІ орын иеленген.
Бала қанша талантты болғанымен, оның көзін аша білуде ұстаздың еңбегі ерекше. Алдымен талантын тани білу болса, онымен жұмыс жасау да өзінше бір қасиет. Жалпы Кәусардың жетекшісі А.Мирамбекқызы мектептегі жас маманның бірі. Жоғары оқу орнын бітіріп, білім беру саласындағы мұғалімдік қызметіне араласа бастағанына да көп бола қоймаған. Солай бола тұра, оның ізденгіштігі, еңбекқорлығы оны жетістіктерге жетелеуде.
– Ең алдымен мектепте өзіме қойған талабым – музыка мен аспаптан хабары бар балаларды іріктеу болды. Олардың дауыс мүмкіндігін, әртістік қабілетін анықтаған соң, жұмысыма кірістім. Жұмыс болғанда, шығармашылық жағынан «Мектеп театрын», «Домбыра», «Хор»үйірмелерін аштым. Қазір оған мектептің көптеген баласы қатысып жатыр.
Кәусармен бірге жұмыс істей бастағаныма көп болмады. Оқу жылының басынан, қыркүйектен басталды. Өнерді барынша жақсы түсінеді. Вокалдан жарыстарға енді қатысып жатыр. Оның алар асуы әлі алда десем қателеспеймін, – дейді ұстазы Арайлым.

Сыр елі – өнер қонған ел. Өнер қалықтап көкке көтерілгенде қанатын кеңге жая алады. Еркін самғай алады. Дарынды шәкіртке де осындай бір мүмкіндік туып тұрғандай. Және ол оған өзі мен ұстазының маңдай тер еңбегімен қол жеткізіп отыр. Ендігі мәселе Кәусардың Түркия мемлекетінде өнер көрсетуі болып тұр.
Бұл жөнінде жетекшісі Түркияға баруға демеуші іздеп жатқанын айтып, егер жанашыр азаматтар табылып жатса, міндетті түрде ол жақтағы байқауда қазақ өнерінің мерейін асыруға барымызды салатын боламыз дейді.
«Байқау сәуірде өтеді деп хабарланып отыр. Біз секілді ауыл баласына шетел сахнасында өнер көрсету бақыты күнде туа бермейді ғой. Жолдамам күйіп кетпесе екен» дейді халықаралық байқаудың бас жүлде иегері Кәусар қызымыз.
С.ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ

09 қаңтар 2024 ж. 347 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 406

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 482

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930