Ерекше естелік
Бір күннен соң күнтізбе жаңарып, есігімізден Ұлу жылы енгелі тұр. Жаңа жылдың сәнін келтіретін шыршамыз да құрылды. Бұл күнде барлығы қарбаласқа толы күндерін өткізуде. Бірақ жүзінен күлкі мен шаттық сезіледі. Бәрінен бұрын балақайлардың қуанышында шек жоқ. Аяз атадан сыйлығын алып мәре-сәре күй кешеді. Ал ересектер жағы өткен жылы «Нендей әрекет қылдым, қандай жағымды оқиғалар орын алды, кімге пайдалы болдым?» деп өзіне есеп беріп, жаңа жылға жоспар жасап та үлгерді. Қош. Жылына бір келетін осы кезеңнің өзіне тән ерекшелігін жыл сайын қаламның ұшына салатын дәстүріміз бар ғой. Әдеттен биыл да жаңылмайық.
Жаңа жылды әр отбасы әрқалай қарсы алады. Бұл күні ғажайыпқа сенетін балалардан бөлек үлкендердің өзі келер жылдан қуаныш күтеді. Мерекеге қызу дайындалып, бала-шағасымен бірге шырша безендіреді. Отбасы мүшелері бір-біріне сыйлық әзірлеп, дастархан жайылады. Тіпті «жылды қалай қарсы алсаң, солай өтеді» деген ырымға сенетіндер де бар.
Ертегіге сенбесек те, жүрек түкпірінде жаңа жылдан бір жақсылық күтіп, бақыт тілейтініміз бар-ды. Сол себептен де мерекеге тыңғылықты дайындаламыз. Үлкен мерекелік дастархан әзірлеп, қуантуға сыйлық алып әлек. Дүкен іші лық толы адам, түрлі қызылды-жасылды сыйлықтардың қасынан өтіп кете алмайсыз. Қалтаны қағып түсетіні болмаса өзгені қуантудың өзі ғажап емес пе?!
Балалар жағы шат-шадыман күйде мектепішілік шыршаға қатысады. Енді былдырлап сөйлеп келе жатқан балақайлар да балабақшаның жаңа жылдық мерекелік кешінде түрлі аңдардың киімін киіп, тақпақтарын айтады. Енді бірі тамылжыта ән салып, мың бұрала би билеп Аяз атаның қоржынынан бұйырған сыйлығын алады. Ал жоғары сынып оқушыларының өзгеше өтетін «бал маскарады» бар. Одан кейінгі кезекте ересектер жағының басқосуы, ұжымдық кештерді де тағатсыздана күтеді.
Бәрінен бұрын жаңа жыл қарсаңында қардың жауғанын барша аудан жұрты күтеді. Жақында жауған қар қалың болғанымен жерде ұзақ жатпады. Балалар аққала жасап, шанасына сырғанап та үлгермеді. Қар болмаса қызықсыз болып қалатындай көрінеді. Әрине, оның болғаны жақсы-ақ. Айнала ақ ұлпа қарға малынып, жап-жарық болатын табиғат тылсымы қай-қайсысына да ұнары анық. Жаңа жылға дайындықтың соңы орталық алаңға барып, естелік суретке түсумен аяқталады емес пе?! Осындай кезде қара суықтың қаһарын көрмексек дейді көбі. Сондықтан да болар «қар жауса екен» деген тілекті жасы да, қарты да қалайды.
Бүгінде жаңа жыл мерекесін тойлауды құп көрмейтіндер де арамызда кездеседі. Дегенмен, бұл мерекенің де өзіне тән жақсылығы бар. Ол – қуаныш, отбасымен бірге басқосу, жақындарыңа шаттық сыйлау, ізгі тілек айту, жақсылыққа деген сенім.
Әр жылдың өзіне тән қиындығы мен қуанышы болады. Өмір алма кезек деп айтып жатамыз. Айналада тізе берсеңіз, жамандықтың санында есеп болмайды. Десе де назарымызды тек жақсылыққа қарай бағыттап отырсақ болғаны. Сонда ғана көкірек көзіміз ашылып, жан сарайымыздың семіретіні анық.
Ақнұр САҒЫНТАЙ