» » Жарқын естеліктерге толы Жаңа жыл

Жарқын естеліктерге толы Жаңа жыл

qarmaqshy-tany.kz Міне, тағы да бір жыл тарих қойнауына кетіп, төрімізге жаңа жыл енді. Баршамыз Жаңа жылдан үлкен үміт пен жақсылықтар күтеміз. Бүкіл әлем халқы бұл мерекені ерекше салтанатпен қарсы алады. Осы мереке бала күнімде көңілімді шаттыққа бөлеп, жүрегіме ерекше жылулық сыйлайтын. Неге екенін белгісіз, адамның барлығы бұл күні бір-біріне мейірімді, тек қуаныш сыйлап тұратындай. Осыдан 20-25 жыл бұрынғы мерекені қарсы алу мен бүгінгі күннің парқы мүлде бөлек. Осы орайда ескі естеліктер, Жаңа жылдағы жағымды сәттер ойға оралуда.

Ол уақытта Жаңа жылға дайындық мектептен басталатын. Мерекелік кешке арналған тақпақ тапсырылып, оны жаттауға кіріскеннен кейін, киер киімімізді сайлаймыз. Қазіргідей барлығы бірдей жаңа киім ала бермейтін. Бірі – тапқанын, енді бірі – кездескенін, тіпті бірі – мүмкіндігіне қарай қолы жеткен киімге риза болатын. Киімдер әртүрлі болғанымен көңілдегі шаттық, жүректегі жылулық бірдей еді. Мерекеге бірнеше күн қалғанда үйімізді сәндейміз. Бүгінде әрбір үйдің төрінде тұратын шырша ол уақытта кездесе бермейді. Алайда түрлі-түсті қағаздан жасалған шынжыр, кілемге мақтамен жазылған Жаңа жыл, терезелерде ақ парақтан жасалған қағаз қардың бейнесі әрбір үйдің көркі еді. Мектептен алатын сыйлығымыздың орны бір бөлек. Оны өз ата-аналарымыз дайындайтынын білсек те, сол сыйлықты асыға күтуші едік. Қолымызға тие салысымен қорапты ашқанда мандариннің иісі мұрнымызды жарушы еді. Иә, біздің бала кезімізде мандарин тек Жаңа жылда ғана қолымызға тиетін. Өзге уақытта бұл жемісті кездестіре бермейтінбіз. Сондықтан да болар замандастарымның біршамасында Жаңа жыл десе бірінші мандариннің иісі еске түседі. Ал 31 желтоқсанда әдеттегідей отбасымызбен ерекше дастарқан дайындаймыз. Жыл сайынғы үрдіс бойынша бұл мерекені жүрегі мен тілегі бір отбасы мүшелерімен толық өткізгенді құп көретінбіз. Дәстүрлі тағамдарды дайындап, бір-бірімізді сыйлықпен қуантамыз. Сондағысы – қағаздан жасалған құттықтау хат. Бұл біздің ата-әжеміз бен әке-анамыз үшін құнды сыйлық болатын. Оны да шынайы көңілмен, адал пейілмен, ерекше ықыласпен жасаушы едік.
Ал кешке қарай ата-анамыз бізді орталық алаңға апаратын. Онда шырша жанында арнайы фотоаппаратпен суретке түсеміз. Қазіргідей екінің бірінде көлік жоқ уақытта ауа-райының аязына қарамастан бұл үрдісті жалғай беретінбіз. Жыл сайын түсетін осы бір суреттер отбасылық альбомда әлі де бар. Оның өзі бүгінде жанға жылу, жарқын естелік сыйлайды.
Ал орталық алаңнан келген соң, дастарқан басына жиналып теледидардан Мемлекет басшысының жылы лебізін тыңдайтынбыз. Жаңа жылды осылайша жақсы көңіл-күймен қарсы алатынбыз. Сағат 12-ні соққан соң, көрші-көлем бірін-бірі құттықтаса, алыстағы ағайынды телефон арқылы құттықтап мәре-сәре болатынбыз. Жаңа жылдың алғашқы күні біздің әулет ата-әжеміздің үйінде бас қосады. Немере-шөбересінің тағы бір жылға түгел жеткенін көріп, ақ тілегін айтып, олар да мәз болатын. Осылайша Жаңа жыл ерекше тілекпен басталып, керемет көңілмен көркемделетін.
Қарап отырсақ, ақ жамылған айнала, жасыл шырша, сыйлықтар, отшашулар, бәрі-бәрі осы бір атаулы күнге тән. Бүгінде Жаңа жыл мерекесін тойлауды құп көрмейтіндер де арамызда кездеседі. Алайда біз үшін бір уақыттарда орны бөлек болған бұл мерекенің санадағы жарқын естеліктері өшпейтіні анық. Бүгінгі мерекенің тойлану қалпы өзгеше болса да, бастысы – көңіл кішіреймесін, армандар аласармасын.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
06 қаңтар 2023 ж. 389 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 240

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 343

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930