» » » Амал – бірлік пен берекеге толы мереке

Амал – бірлік пен берекеге толы мереке

ЖЫЛ САЙЫН ЕЛІМІЗДІҢ БАТЫС ОБЛЫСТАРЫ НАУ­РЫЗ МЕЙРАМЫН ТОЙЛАУДЫ ЕРТЕРЕК БАСТАЙДЫ. АЙТЫП ОТЫРҒАНЫМЫЗ – 14 НАУРЫЗДА ӨТЕТІН АМАЛ МЕРЕКЕСІ. БІРІ БІЛСЕ, БІРІ БІЛЕ БЕРМЕЙТІН АТАУЛЫ МЕРЕКЕНІҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ ҚАЙ КЕЗЕҢДЕ ҚАҒЫЛҒАН? НЕНДЕЙ МӘНІ БАР? БҰЛ ТАҚЫРЫПҚА ҮҢІЛУДІ ЖӨН КӨРГЕН СЕБЕБІМІЗ – АМАЛ МЕРЕКЕСІ БІР КҮНДЕРІ ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ МЕРЕКЕГЕ АЙНАЛУЫ МҮМКІН. СЕБЕБІ ӨЗГЕ ӨҢІРЛЕР ДЕ БҰЛ МЕРЕКЕНІ ТОЙЛАУДЫ ҚОЛҒА АЛУДА.
Қазақстанның батыс облыста­рындағы тұрғындар Наурыз мейрамын тойлауды 14 наурыздан бастайды. Бұл мерекені «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі деп атайды. Таң атысымен «Көрісу» мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарқанын қазақтың құрт, бауырсақ, ірімшік, сары май, уыз сынды ұлттық тағамдарымен көмкеріп, нау­рыз көжесін дайындап, табалдырығын аттаған әр қонағын жылы жүзбен қарсы алады. Оларға ерекше ілтипат көрсетіп, төріне шығарып, ас ұсынады. Дәл осы күні әр адам өзінен жасы үлкен кісілердің шаңырағына кіріп, амандасып көріседі. Барған үйіне «Бір жасыңызбен!» деп еніп, жаңа жылға аман-есен аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқандарын құт­тықтайды. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса кешіріп, амандық-саулық тілеседі. Сондай-ақ, әр отбасы көршілерімен көріседі. Бұл күні әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашуы керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс деген ырым да бар. Үй-үйді қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарқанынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы «жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарқанымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін» деген ниеттен туған екен.
Бір ерекшелігі – «Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді. Ал неліктен «Наурыз» неге «Амал» мерекесі деп аталған дегенге келсек, бұрынғы қариялар 22 нау­рызды «қызылбастың наурызы» дейді екен (Қызылбас – Иран, бұрынғы Парсы елінің қазіргі атауы). Қазақ халқы наурыз демей – амал деген. Қазіргі күні 14 наурызда еліміздің батыс өңірі ғана ұлыс күнін тойлап, көрісетінін жоғарыда айттық. 70 жылғы тепкіден еліміздің қалған аймақтарында бұл дәстүр ұмытылған. Әйтпесе, күллі қазақ күні кешеге дейін амал мерекесінде көрісу салтын жасап келген деген дерек кездеседі. Бұған Шәкәрім қажының баласы Ахаттың «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі. «Жаңа күн» деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – «ұлыс» деген естелігі дәлел. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. Ал «Көрісу» деп аталып кетуі осы «Амал» мерекесінде жасалатын басты салт – көптен көрмеген бір-біріне жақын адамдардың кездесіп, бір-бірімен көрісуі, өкпе-ренішке байланысты бет көріспей жүрген кісілердің кешірісіп, жүздесуінен туған болса керек.
Бүгінде Маңғыстау, Атырау облыс­тарында тегіс, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кей бөлігінде аталып өтілетін бұл мерекені көршілес Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор өлкесіндегі қазақтар да, Қарақалпақстанның қазақтар көп қоныстанған өңірлері де тойлайды екен. Жыл сайын әлеуметтік желідегі әлеуметтің де осы күнге орай арнайы жазба жариялап, көпшілікті құттықтаушылардың қатары артуда. Онлайн құттықтаулар офлайнға ауысып, ел болып тойласақ, бірлікке ұйытар мерекенің көптігінен керегеміз кеңімесе, құламайтыны анық. Аңғарғанымыздай, «Амал» мерекесі мен Наурыз мейрамы – екі бөлек қуаныш, бірақ ұйытар игі ісі бір. Алғашқысы, байырғы бабалар иланып, көне аңыз айғақтаған жаңа жыл болса, екіншісі күн мен түн теңескен, жер жібіген киелі шақ. Түптеп келгенде бірлік пен татулықты ту еткен «Амал» мерекесі қазақ халқының бауырмалдық салтының бір көрінісі екені анық. Олай болса, біз де сіздерге «Бір жасқа келуіңізбен!», «Жасыңызға жас қосылсын!» дейміз.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
12 наурыз 2022 ж. 1 237 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031