» » Ұлықты әйел – ұлт ұйытқысы

Ұлықты әйел – ұлт ұйытқысы

qarmaqshy-tany.kz КЕШЕГІ ТАҢ ӨЗГЕ КҮННЕН ЕРЕКШЕ АТТЫ. АУДАННЫҢ БЕЛСЕНДІ, ӨНЕГЕЛІ ӘЙЕЛ-АНАЛАРЫ БОЗАРЫП АТҚАН ТАҢМЕН ТАЛАСА ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНА САПАРҒА ШЫҚТЫ. БАРША ИГІ ЖАҚСЫЛАР ЖИЫЛЫП, ӘЖЕЛЕР ӘУЕЛЕТЕ ӘН ШЫРҚАП, ЖҮЙРІК КӨЛІКПЕН ЖҮЙТКІП, "Ә" ДЕГЕННЕН-АҚ ҚАЛАҒА ЖЕТІП АЛДЫҚ. АРДАҚТЫ АНАЛАРДЫҢ БІРҚАТАРЫ ЕРТЕ БАРЫП, КЕШЕГІ КЕШТЕН-АҚ ДАЙЫНДЫҚТЫ БАСТАП КЕТКЕН ЕДІ. ОСЫЛАЙША АЙМАҚ ӘЙЕЛДЕРІНЕ ҚҰШАҒЫН АШҚАН "АНАҒА ТАҒЗЫМ" ОРТАЛЫҒЫНДА ҚАСИЕТТІ ҚАРМАҚШЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ҚОНАҚТА БОЛДЫ.

Сән-салтанатымен менмұндалаған орталық ғимаратқа келіп тоқтағанымызда көнерген салт-дәстүрдің куәсі болдық. Қармақшыда дүние есігін ашқан, Қызылорда қаласына жұмыс бабымен қоныс аударып облыстың даму жолында аянбай қызмет қылып жүрген бір топ қыз-келіншектер «төркінін» көріп, ақ жаулықты аналарды құшақ жая қарсы алды. Көптен бері қауышпаған жақындар мәре-сәре болып, есен-саулық сұрасып жатты. Осы сәтте қазанға да ет салынып, қонақтың кәделі тамағына дайындық басталды.
«Ұлықты әйел – ұлт ұйытқысы» тақырыбында өткен тағылымға толы шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов арнайы барып, нәзікжандылардан құралған делегация жұмысына сәттілік тіледі. Оны ауданның құрметті азаматы Бибігүл Әбішова мен ауданға белгілі жеке кәсіпкер Шолпан Махмудова бастап барып, «Анаға тағзым» монументіне гүл шоқтарын қойды. Осы сәтте аудандық әжелер ансамблінің мүшелері Талмаш Жұмабаева, Рыскүл Садықова, Жауһар Бакеева, Роза Қыпшақбаева, Ақбаян Бағатова, Балгүл Жалғасбаевалар «Қармақшым» әнін шырқады.
Рухани құндылықтарға толы мәдени шара барысында ұлттық қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, «Әжелер ансамблі» ән мен жырдан шашу шашып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Орталықта аудан делегациясы «Қазақ елінің Ұлы аналары» атты экспозициялық картинамен танысты. Мұнда 53 қазақ елінің аналары бейнеленген. Арнайы қосымшаның көмегімен әр ананың суретіне ұялы телефонды жақындатса, оның толық ғұмырнамасының аудионұсқасын тыңдауға болады. Ал «Ұлт жақұты» музейлік залында аналар қазақ қыздары мен әйелдерінің маусымдық киім үлгісін тамашалады.
Әсем әні, тәтті шашуымен шаңыраққа енген ардақты аналар ашық есік күнін той-думанмен, арнаумен бастап, әрі қарай рухани-танымдық бағыттағы секциялық жұмыстарға жалғады. Мәселен, «Мирас» әжелер клубында тағылымды әңгімелер айтылып, ұршық иіру, кесте тоқу технологиясы көрсетілсе, «Бойтұмар» қыздар клубында Зарипа Тасымованың жетекшілігімен «Қазақ қызы әдебімен әдемі» тақырыбында әдемі әңгіме өрбіді. Мұндай өнегелі пікір алмасу «Жас отау» клубында да өтті. Сонымен қатар психолог кабинетінде бір топ аналарға психологиялық тренинг ұйымдастырылды. «Ана тілі» клубында No250 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжанат Дүзенова «Сөйлеу мәдениеті» тақырыбында тренинг жүргізді. Мұнан бөлек аудан аналары ұлттық тағам түрлерінен ас мәзірін дайындап, келген қонақтарға концерттік бағдарламасын да ұсынды.
Концерттік бағдарлама барысында қонақтар аудандық «Әжелер ансамблі» мен Жыраулар үйінің директоры Айгерім Ешбаеваның өнеріне тәнті болды. Мұнан соң бірқатар аналар облыс әкімі аппараты басшысының алғыс хатын иеленді.
Рухани кеште елімізде үш қалада бой көтерген шаңырақтың идеясы мен құндылығы туралы ашық әңгіме айтылды. Орталық басшысы Алтынай Молжанованың іскерлігін, ұлттық құндылыққа деген жанашырлығын, аналарға деген ілтипатын, ибалылығын көрген көпшілік ризашылығын жасырмады.
– Дүниеде анадан қымбат, анадан артық жан жоқ. Әрбір перзент асыл ананың алдында бас иіп, тағзым етеді. Ашылғанына аз уақыт болса да осы орталықта ананың даналығы, мейірімі сезіледі деп қонақтар үзбей келіп жатыр. Біздің өңірде қажырлы еңбегімен ел ықыласына бөленіп жүрген ақжаулықтылар жетерлік. Солардың ішінде әр ауданның абзал аналарының басын қосып, кездесу өтті. Бүгін соның қорытындысын өздеріңіз түйіндеп отырсыздар. Айтар ақылдарыңыз бен ұсынатын кеңестеріңіз болса әркез тыңдауға дайынмын. Алдағы уақытта бірлесе жұмыс істейміз деген сенімдемін, – деді орталық директоры.

Мұнан соң аудан аналарына алғыс хат табысталды. Ал жоғарыда айта кеткен қалаға табан тіреген қармақшылық аналар да сөз сөйлеп, үлкен ризашылықтарын білдіріп, барша келген қонақтарға ақ жаулықты сыйға тартты.
– Осыдан бір ай уақыт бұрын осы орталықта ауданның «Ашық есік күні» өткелі жатқаны туралы хабарлады. Қызу дайындыққа кірістік. Күнделікті ақылдасып, кеңестік. Біріккен жерде – береке бар. Күн демей, түн демей ауызбіршілік танытқан қыз-келіншектерге алғыс айтамын. Міне, жоғары деңгейде аудан абыройын биіктен көрсете алдық деп ойлаймын. Көңілді бірлеп, аман-есен ауылға қайтқанымызға қуаныштымын, – дейді ардагер ұстаз Талмаш Жұмабаева.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
25 қараша 2023 ж. 684 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

№86 (10351)

29 қазан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 2 953

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930