» » Құрақ құрап, рекорд орнатқан қармақшылық

Құрақ құрап, рекорд орнатқан қармақшылық

qarmaqshy-tany.kz ӘЛЕМДЕ 50-ГЕ ЖУЫҚ ЕЛ ӨЗДЕРІНІҢ РЕКОРДТАР КІТАБЫН ШЫҒАРАДЫ. ҚАЗАҚСТАН РЕКОРДТАР КІТАБЫ 1999 ЖЫЛДАН БАСТАП ТҰРАҚТЫ ТҮРДЕ ШЫҒЫП КЕЛЕДІ. ОЛ – КИНЭС. ОСЫ КІТАПҚА БИЫЛ ҒАНА ЕСІМІ ЕНГЕН ҚАРМАҚШЫЛЫҚ ТІГІНШІ ТУРАЛЫ ХАБАРДАРСЫЗ БА? ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕРІНІҢ АРҚАСЫНДА ЕСІМІ ЕЛГЕ ТАНЫЛЫП, ЕҢБЕКПЕН ШЫҢДАЛЫП, ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН КӘСІПКЕ АЙНАЛДЫРҒАН КЕЙІПКЕРІМІЗ ТУРАЛЫ ТОЛЫҒЫРАҚ ТАРҚАТСАҚ.

Ауданға қарасты Қорқыт бекетінің тұрғыны Асел Сқақованың тігіншілік кәсіпке бет бұрғанына 2 жылдан асты. Дизайнерлік және мұғалімдік мамандық бойынша қос дипломы бар келіншек қазір кәсіппен көкжиегін кеңейтуде. Ол қазіргі таңда қыз жасауы мен түрлі құрақ көрпеше, сәнді жастықшалар мен ерекше үлгідегі перделер тігеді. Ал бұл кәсіпті бастауына бала кезден санаға сіңген көрініс пен қанмен берілген өнер себепші болғанын айтады.
– Өзімнің әжем тігіннің тілін білетін шебер кісі еді. Бала кезімізден құрақтарға қарап бой жетіп, ой түйгенбіз. Сол кездегі көрген құрақтар бүгінде жеке кәсіпкер атануыма көмегін тигізуде. Әкемнің қарындасы, яғни менің әпкем де жасау тігудің шебері. Екі мамандық бойынша жоғары білім алсам да, жүрегім қолөнерді қалады. Бүгінде кәсіппен айналысуыма отбасымның қолдауы шексіз. Енем үй тіршілігі мен бала тәрбиесінде көмек қолын созса, отағасым өзінің жұмысынан бос уақытында маған тігіске дейінгі жұмыстың барлығын дайындап береді. Ал қыздарым көрпе-көрпешеге мақта салғанда жәрдем береді. Олар болмаса мен сүйікті ісімді бұлай дөңгелете алмас едім. Құрақтан бөлек перде тігу, құдалық, тұсаукесер, сүндет тойларға арналған жасаулар жасаймын. Мемлекет тарапынан берілетін грант конкурсына қатысу үшін курсқа жазылып, кәсіпкерлік бойынша білім алдым. Мемлекеттік конкурсқа қатысып, қайтарымсыз грант иегері атандым. Бұл да менің аяқтан тұруыма демеу болды, – дейді кәсіпкер Асел Қабаққызы.
Иә, кейіпкеріміз айтқандай, қандай істе де отбасының қолдауы өте маңызды. 5 перзент тәрбиелеп отырған көпбалалы ананың берекелі кәсібі осы қолдаудың арқасында құлашын кеңге жайып келеді. Аселдің қолынан шыққан дүниелер бүгінде талай тойға көрік беріп, көп қыздың көзіне ыстық көрінер құтты дүниесіне айналуда. Заман талабына сай әлеуметтік желі жүргізуді де қолға алған ол өзге облыстардан тапсырыс қабылдап, ерекше дүниелерімен елдің алғысын алып жүр. Өзінің жасап жатқан дүниесін жақсы көретіні соншалық, әрбір қыз жасауын аяқтағанда арнайы алаңдарға барып, білікті фотографпен сапалы суретке түсіріп, жинақтауды да қолға алған. Жұмысы жүйелі тігінші биыл еліміздің рекордтар кітабына еніп, аудан абыройын көтерді.
Мемлекеттік рәміздер күніне орай, Астана қаласында өткен «Аламан құрақ» жобасына республика бойынша 200-ден астам келіншек қатысқан. Оған облыстан 13 құрақшы барса, оның біреуі болып біздің ауданнан Асел Қабаққызы қатысқан. Жобада аналар ту түстес, ұзындығы 500 метрлік құрақ көрпе тігіп, Қазақстан «КИнЭС» рекордтар кітабына енген.
– «Аламан құрақ» жобасының ауқымы өте үлкен. Жоба туралы естігенде, отбасыммен ақылдасып, қатысуға бел будым. Бізге алдын ала арнайы пдф формат ұсынылды. Онда құрақ көрпешенің өлшемі, оюлардың орналасуы, қолданылатын мата түрлері көрсетілген. Ауқымды жоба болғандықтан оған жоғары сападағы қымбат маталар таңдалған. Көрпешеге қажетті заттарды сатып алып, берілген нұсқау бойынша 2 күнде тігіп шықтым. Аудан әкімдігі осы жобаға қатысып, барып келуіме қаржылай қолдау білдірді. 200-ден аса құрақшы 2,5 метрден бірдей типтегі көрпеше жасап алып бардық. Көк тумен түстес көрпешелер орталық алаңға төселді. КИнЭС кітабінің ресми өкілі Қуандық Құдайбергеновтің өзі барлық көрпешені өлшеп, рекордтар кітабына енгізді. Бізге үлес қосқанымыз үшін алғыс хат табыстап, сертификат берді. Алдағы уақытта кітап та жарыққа шығатын болады. Сол уақытта біз дайындап апарған көрпешенің құны 70000 теңгемен бағаланды. Одан бөлек түрлі қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Астана халқының ұлттық құндылыққа деген құрметі ерекше екен. Өнімдерін апарған құрақшылар жәрмеңкеден олжалы оралды. Елге танымал тігіншілермен танысып, әлемді таңқалдырып жүрген Ырза ханымнан бата алдым. Жаңа таныс, жаңа ортадан тың дүниелер үйреніп, біліктілігімді арттырдым. Қазіргі таңда бір құрақтың бетіне қарап отыра беруге болмайды. Адам өзін-өзі үздіксіз дамытып отыруы тиіс. Жаңа дизайн, жаңа нәрсені үйрену тек жақсы нәтижеге жетелейді. Енді тігіншілер қауымы болып келесі жылы осындай құрақпен әлемдік рекордқа шығуды жоспарлап отырмыз.Оған дайындықты бастап кеттік, – дейді шебер.
Әрбір сөзінен өз ісіне деген сүйіспеншілігі айқын білінетін шебердің отбасында аяулы ана, ибалы келін, асыл жар екені де аңғарылады. Астанаға сапарында да отағасы бірге барып, барынша көмек көрсеткен. Ал енесі балаларды қарап, келініне қолдау білдірген. Бұл – берекелі отбасының айқын көрінісі.
Көрсең көзің тоятын қолөнер туындыларымен біз де танысып шықтық. Бірі екіншісінен әсем. Бұл әсемдіктің астарында көзге көрінбейтін қаншама еңбек пен маңдай тер, ұйқысыз түндер мен күндер бар. Шыдам мен жауапкершілік бар. «Әрбір тапсырысты өзім қолданатындай етіп дайындаймын» деген кәсіпкердің бір ауыз сөзінен-ақ кәсіпке адалдығын, жұмысына тиянақтылығын аңғаруға болады. Қолы өнерлі, ісі жүйелі кәсіпкердің тасы өрге домалап, қазақтың құрағын көпке танытсын дейміз.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
18 қараша 2023 ж. 1 104 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№40 (10305)

21 мамыр 2024 ж.

№39 (10304)

18 мамыр 2024 ж.

№38 (10303)

14 мамыр 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031