Құтты мекен – Қармақшы
- Құтты болсын "тоқсан бесің", мерейің!
Шамам келсе мен де жырлап көрейін..
Құрметіне ғұмырыңның ғасырлық,
Сый ғып саған өлең жазып берейін!
Күй толқытып қос ішекті пернеден,
Аңыз-жырды тамылжытқан термеден,
Бұл Қармақшы шайырлардың мекені,
Кідірмеген, үзіп өтіп кермеден..
Ақындықтың айқара ашып есігін,
Ежелден ақ жыр тербеткен бесігін,
Қармақшының аспанында тұратын,,
Домбырадан әуездеткен есіп үн..
Түбін айтсам сөз төркінін кім аңдар?
Білмейтіндер білетіннен сұраңдар..
Алты алашқа аты мәлім шайырлар,
Балқы Базар, Ешнияз сал, Дүр Оңғар,
Білгің келсе құлақ салып ал тыңда,
Тіл қаймағы бұзылмаған қалпында,
Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары,
Аңыз болып ізі қалған артында..
Қыран құстың айырмасы жай құстан,
Ілмей қоймас түссе дағы қай тұстан..
Атағы көп естілмеген ақын бар,
Шораяқтың Омарымен айтысқан..
Жастайынан сөздің терген тұнығын,
Естімедік.. демеңіздер мұны кім..
Айтылмаса айып болар Таубайдың,
Жүсібі атты сүлейлердің сынығын..
Терме -десең, "Сыр бойына" билік бер!
Билік бер де әрі қарай килікпе!
Шашасына шаң жұқтырмас шапқанда,
Жиенбай мен Сәрсенбайдай жүйріктер..
Әуезі мен өзі бөлек өзгеден,
Сол әуезбен беретұғын сөзге дем..
Ағытылып жырлағанда Көшеней,
Арынына ешкім оның төзбеген..
Тағы да бар ақын, жырау бізде кім?
Аты аталмай қалмасын -деп, іздедім..
Жырау Алмас, Сері ақын, Әбзәли,
Жалғастырған алдыңғылар тізбегін..
Тегі бөлек, қарапайым пенде емес,
Мұның теріс -деп, ешкім де жөндемес..
Намысына қайрап өткен найзасын,
Сырдың жері батырдан да кенде емес..
Баян қылсақ батырлардың жайын тек,
Елге жаным құрбандыққа дайын- деп,
Ұлы Отан соғысында ерлікпен,
Аты шығып батыр болды Тәйімбет..
Әрісінде Арыстанбай, Қашқынбай,
Жауға шапса таудан аққан тасқындай,
Құтқармаған ерегіскен дұшпанын,
Тығылса да қара жердің астында ай..
Алға сүйреп қазақ ұлттық күресін,
Қосып жүрген күш-қайрат пен үлесін,
Еламан мен Мақсат "қазақ барысы",
Батырлығын қайратынан білесің..
Азия мен әлемдердің жүлдесін,
Алған батыр.. ұлды кімдер білмесін?..
Жауынтаев Бауыржанның атағы,
Кейінгі жас өрендерге үлгі, есім..
Талайынан бұзып өтіп мәреңнің,
Арасынан мықтылардың бәлен мың,
Кірдің тасын көтеруден Ерасыл,
Сәулебеков жеңімпазы әлемнің..
Еңбекте де жібермеген есесін,
Тер төкпесең қалай дамып, өсесің?
Сәлима апам, Цай Ден Хак пен Қасымтай,
Есімдері иемденген көшесін..
Көші еңбектің мұнымен де тоқтамай,
Ерлер шықты Қармақшыдан көп, талай.. - Хайруллаев Әділбекке бұйырды,
Шопандық пен қол еңбектің көкпары ай..
Ғылымның да кенде қалмай көшінен,
Ой, біліммен толық болар несібең..
Ісі адамның алға басар алдымен,
Ана тілін шығармаса есінен..
Тозбау үшін кейін қалып "бір елден",
Ұлт тағдыры тілге келіп тірелген,
Өшіп қалмай, өсетұғын елдердің,
Тілі арқылы рухына кірер дем..
Білімменен болар мықты, шын іргең,
Көзін ілмей кітап жазып іңірден,
Профессор Тебегенов Темірхан,
Ана тілге ерен еңбек сіңірген..
"Кеңес заман" дүрілдеген тұста анық,
Адалдықты, әділдікті ұстанып,
Министр боп елге еңбек жасады,
Алматыда Әбдуәли Спанов..
Дұғасымен құт дарытқан мекенге,
Марал ишан атын айтпай кетем бе?
Абыз әулие, Жаратқанның сыйлысы,
Батасымен берекелі екен де..
"Шірік Рабат" тарихтағы ақтаңдақ,
Түркі жұрты тыныс алып тапқан бақ.
Кәріз тартып, су құбырын жүргізген,
Батыс жұрты тас үңгірде жатқанда ақ..
Туған жердің топырағы тым ыстық,
Тіл жеткенше баяндауға тырыстық..
Жерұйығын іздеп келіп Қорқыт та,
Осы жерде жатыр тауып тыныштық..
Ақындары елге сөзін тыңдатқан,
Батырлары жерін қорғап түн қатқан..
Қармақшының топырағы киелі,
Перзентіне сіңетұғын құндақтан..
Мейір шашқан құшағың да кең сенің,
Бір қиыршық құмың.. таумен.. тең сенің..
Қасиетіңді қара сөзбен анықтап,
Жеткізуге тілім жетпес мен сенің.. - Орынбасар ЖӘМІЛОВ