Есірткі есті кетіреді
qarmaqshy-tany.kz Есірткі мәселесі ауданымыз бойынша аса өткір де өзекті мәселеге айналып отыр. Ол тек медициналық тұрғыдан ғана емес, жалпы әлеуметтік тұрғыдан да көкейкесті мәселенің бірі болуда. Себебі, нашақорлыққа тәуелді он адамның тоғызының іс жүзінде толық емделіп кетуі екіталай. Олардың көпшілігі 40 жасқа дейін де өмір сүрмейді.
Есірткіге тәуелді адамдардың отбасында қақтығыстар, оқу орнында немесе жұмысында қиындықтар көбейеді. Өз туыстарына және өзінің міндеттеріне немқұрайлы, жауапсыз қарай бастайды, моральдік тұрғыдан құлдырайды. Жеке тұлғалық ажыраумен қатар, ағзалық және психикалық деңгейде күрделі аурулар туындайды. Есірткінің алғашқы белгілері кетіп, сабырлығы жоғалады, оны тұрақты түрде іздеумен болады. Дозаның көлемін ұлғайту нәтижесінде өз іс-әрекетіне деген бақылауын жоғалтып, ал мөлшерден тыс қолдану өлімге алып келеді. Есірткіге тәуелділік көбіне қылмыстық іс-әрекеттермен ұштасады.
Сол себепті халық денсаулығына әсер ететін ауыр қылмыстардың алдын алу бағытында аудандық прокуратураның бастамасымен «Есірткісіз аймақ» жобасы аясында уәкілетті орган өкілдерінен құралған жұмысшы топпен аудан аумағындағы жерлерді арнайы құралдарды пайдалану арқылы аралау жұмыстары ұдайы жүргізілуде.
Нәтижесінде, құрамында есiрткi заттары бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсірудің алты фактісі анықталып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 300-бабымен қылмыстық істер тіркелді.
Атап айтқанда, ауданның тұрғыны «В» есімді азамат Көмекбаев ауылына қарасты далалық жерге 78 түп құрамында есірткі заты бар өсіруге тыйым салынған сора өсімдігін егіп өсірген.
Тергеп-тексеру нәтижесімен аталған қылмыстық іс сотқа жолданып, сот отырысында айыпталушы «В» есімді азамат өзінің іс әрекетін толық мойындап, шын ниеттен өкінетінін көрсеткен.
Аудандық соттың үкімімен айыпталушы «В» есімді азамат Қылмыстық Кодекстің 300-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Құрметті аудан тұрғындары, сіздерді келешек ұрпағымыздың өмірі мен болашағына бей-жай қарамай, қоғамды улайтын ауыр қылмыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырамыз.
Ол үшін есірткі қылмыстары туралы кез келген ақпаратты «Есірткісіз аймақ» жобасы аясында қоғамдық орындарда ілінген QR код арқылы прокуратураның «Telegram» каналына жолдауды немесе құқық қорғау органдарына хабарлауды сұраймыз.
Н.ШАЙМАХАН,
аудандық прокуратураның прокуроры