» » Ұстаз есімі ұмытылмайды

Ұстаз есімі ұмытылмайды

qarmaqshy-tany.kz Ауданның кәсіптік білім саласында көптеген аға-апалардың ізі қалған. Кеңес Одағының саясатымен құрылған жүйенің мақсаты еліміздің ауыл шаруашылығы саласына жас жұмысшыларды даярлау болды. Міне, осындай халық тұрмысы үшін қолға алынған жауапты жұмыста қолтаңбасы қалған азаматтың бірі – Сәду Қалимаханов.
Абзал азаматтың өмір жолына қысқаша тоқталып кетсек. Ол 1968 жылы қаладағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Физика-математика» факультетін бітіреді. Жоғары білімді маманның еңбек жолы аудандық комсомол комитетінде нұсқаушылықтан басталған. 1970-1972 жылдар аралығында аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болады. Одан соң шаруашылық жұмыстарында, №30 жылжымалы механикалық колоннасында партия ұйымының хатшысы қызметін атқарады. 1985-1987 жылдары №14 Қармақшы кәсіптік-техникалық училищесінің директоры болып, абыройлы басшылық қызмет жасаған. Сәкең ағамыз бұдан әрі оқу орнында оқу шаруашылығының меңгерушісі, директордың орынбасары, математика пәнінің мұғалімі секілді қызметтер істеп, 2009 жылы зейнеткерлік демалысына шыққан.
«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп Ілияс ақын жырлағандай, жуырда ардагер ұстазды еске алуға арналған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында президенттік тест спорт түрлерінен облыстық жарыс өткізілді.
– Спорт бәсекесі облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары ардагерлерін еске алу және есімдерін ұлықтау мақсатында мәдени-спорттық іс-шаралар жоспарына сәйкес өтуде. Оған аймағымыздағы 13 колледжден 39 студент қатысып, бақ сынады, – дейді колледж директорының уақытша міндетін атқарушы Әбдікәрім Жұбанышов жарыс барысында сөйлеген сөзінде.

Сонымен президенттік тест түрлері бойынша 100 метрге жүгіру нәтижесінде «Орда» жоғары колледжінің студенті Аят Сейдуллаев І орын, «Болашақ» жоғары колледжінің студенті Аян Орманов ІІ орын, академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжінің студенті Рамазан Серікқалиев ІІІ орын жүлдегері атанды. Ал 1000 метрге жүгіруден «Орда» жоғары колледжінің студенті Ақжан Ерсұлтан І орынмен, «Болашақ» жоғары медицина колледжінің студенті Ақбаян Бертаева ІІ орынмен, Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің студенті Әлия Сырымова ІІІ орынмен марапатталды. 2000 метрге жүгіру жарыс нәтижесінде «Болашақ» жоғары медициналық колледжінің студенті Дамир Дүйсенбеков І орынды, Қызылорда жоғары көпсалалы колледжінің студенті Нұржан Сейітов ІІ орынды, Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінің студенті Нұрдәулет Орынбасар ІІІ орынды жеңіп алып, мерейлері үстем болды. Жалпы командалық есепте І орынды «Орда» жоғары колледжі, ІІ орынды «Болашақ» жоғары колледжі, ІІІ орынды Қызылорда жоғары көпсалалы колледжі қанжығасына байлады.
Спорттық жарыстың марапаттау қорытындысында саналы ғұмырын кәсіптік білім саласының өсіп-өркендеуіне арнаған Қуаныш Сүлеев, Сәду ағамыздың жұбайы Бақыткүл Смханова апамыз жарыс жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстап, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
17 қазан 2023 ж. 477 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (10338)

14 қыркүйек 2024 ж.

№72 (10337)

10 қыркүйек 2024 ж.

№71 (10336)

07 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 1 586

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30