Күріш бағасы неге қымбат?
Қарапайым халықты қымбатшылық қысып барады. Азық-түліктің бағасы қалтаны қағып тұр. Дүкенге кіріп қажетті керек-жарақты алып шығуға кейбірінің тіпті бір айлық жалақысы кетеді. Бірақ алған тауардың барлығы дерлік келесі еңбекақыны аламын дегенше жатады. Ал жалақының жайы мәз емес.
Құбылған бағаны арзандату былай тұрсын, бір қалыпта ұстап тұрудың өзі мұңға айналғандай. Оның ішінде күріштің бағасы аспандап барады. Жергілікті жұртшылық ақ маржанның отанында отырып, басты дақылдың негізсіз көтерілуінің себебін түсіне алмай әлек. Күзгі жиын-терім науқанында Сыр салысының әр келісіне 100-150 теңгеден қосылып отыр.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі күріш өнімінің көп бөлігі біздің өңірімізге тиесілі. Сыр өңірінде бұл дақылдың үлесі 90,4 пайызды құрайды деген ақпар бар. Дерекке сәйкес, өткен жылы республика бойынша 213,4 мың тонна күріш өндірілген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,8 пайыз артық өнім өндірілгенін көрсетеді. Осы ретте ағартылған күріш экспорты 11,8 пайызға артып, 32 тоннаға жеткен. Керісінше, ішкі нарықтағы сатылым бір жылда 32,8 пайызға түсіп, 31,3 мың тоннаға дейін қысқарыпты. Бұл тұрғыда күріштің басым бөлігі ТМД елдеріне жөнелтілетінін де айта кеткен жөн.
Негізінен, елімізде күріш бағасының күрт көтерілуі былтырдан қатты сезіле бастады. Дәлірек айтсақ, өткен жылдың тамыз-қыркүйек айларында 280-300 теңгеге бағаланған Сыр салысы желтоқсан айына таяу 400 теңгеге көтерілді. Яғни, жыл аяғы жақындағанда күріш бағасы 31 пайызға жоғарылады. Бірақ баға мұнымен шектелген жоқ. Биыл да күріш бағасына тоқтам жасалмай тұрғаны байқалады. Қазіргі уақытта аудандағы базар мен сауда орындарында күріштің 25 келі бағасы 12000-13000 теңге арасында болып тұр. Ең арзан күріш келісінің өзі 500 теңгеден басталады.
Биыл өңіріміздегі су тапшылығына қарамастан егін бітік шықты. Шаруалар күріштің әр гектарынан 55-60 центнерден өнім алуды көздеп отыр. Демек, Қызылорданың күріші мен ішкі нарықты толық қамтып, шет мемлекеттерге де экспорттауға да мүмкіндік бар. Алайда қара халықтың өзімізде өсірілетін өнімді сауда дүкендерінен қымбат бағада сатып алудан басқа амалы қалмай тұрғаны көңілге қаяу салады.
– Бағасы удай қымбат. Алдыңғы жылдары қант қымбат деп қырылған қауым бүгінде күріш құнының қымбаттағанын айтып қынжылады. Жейтін асымыз болған соң, амалдың жоқтығынан сатып алудамыз, – дейді кент тұрғындарының бірі.
Еліміз осы күнге дейін күріш мәселесіне бас ауыртпаған еді. Дегенмен соңғы жылдары диқандар егін алқаптарын біршама азайтуға мәжбүр болды. Себебі су тапшылығы саланы қыспаққа салған.
Мамандардың аутынша, тыңайтқыштардың бағасы 2,5 есеге өскен. Жанар жағармай мен тасымал құнының бағасы да едәуір көтерілген. Соның салдарынан күріштің бағасы шарықтап кетіп тұр.
Жылдағы «дәстүр бойынша» жалақы қосылса, зейнетақы өссе, азық-түлік бағасы аспандайтыны белгілі емес пе?! Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауы қара халыққа қиынға соғуда. Сол себепті қарапайым халыққа ішер астың арзанға түскені мемлекет үшін үлкен жетістік екенін ескерсек екен.
Ақнұр САҒЫНТАЙ