» » Қымбатшылық қысып барады: Халық қайтіп күн көрер?

Қымбатшылық қысып барады: Халық қайтіп күн көрер?

Азық-түлік бағасы аспандап тұр. Дүкен жағалаған жұртшылық осылай деп дабыл қағуда. Әсіресе күнделікті тұтынатын өнімдердің бағасы қымбаттап барады. Қымбатшылықтың қысымы апта сайын, тіпті күн сайын үдеп тұр. құбылған бағаны арзандату былай тұрсын, тұрақты ұстап тұрудың өзі мұңға айналғандай. Үкіметтің бағаны реттеу саясаты нәтиже беріп отыр ма? Жалпы, бағаның бұлайша аспандап кетуіне не себеп? Қымбатшылық қысымға ала берсе не болады? Саралап көрсек...
Жаға ұстататын баға
Азық-түлік бағасы халық үшін бас­ты мәселеге айналып отыр. Табыстың барлығы дерлік азық-түлікке кететін болды. Күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларынан бастап, жанар-жағармай, құрылыс заттары, ет, ұн, шай, жұмыртқа, күнбағыс майы, жем-шөп – бәрінің бағасы күн өткен сайын шарықтауда. Бірақ нарықтағы еселеп өскен бағаға сай халықтың да жалақысы өсіп, зейнетақысы мен жәрдемақысына үстеме мардымды қосылып жатқан жоқ. Нәтижесінде халықтың тапқан-таянғаны ішіп-жемнен артылмайтын, ертеңгі күнге артық жос­пары жоқ, күнделікті тамақ табуы мұңға айналуы қалыпты жағдайға айналды.
Мәселен, бір жылдың ішінде күнбағыс майының бағасы 80 пайызға дейін қымбаттаған. Ал жалақы ең болмаса 20 пайызға да өспегенін ескерсек, халықтың тапқаны тамағынан не үшін артылмай жатқанын түсінуге болады. Таратып айта кетсек, жыл басынан бері елімізде 93,3 мың тонна тазартылмаған, 76,9 мың тоннадан астам тазартылған күнбағыс майы өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға көп. Алайда қанша жерден көп өндірсек те, күнбағыс майының бағасы өспеуін қамтамасыз ете алмадық. Жалғыз күнбағыс майы ғана емес, еттің бағасы да себепсіз шарықтап барады. Қазірдің өзінде сиыр еті, жылқы еті мен қой етінің бағасы орташа есеппен 13 пайызға қымбаттағанын алға тартқан ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта еттің бағасы 4 мың теңгеге дейін өседі деп мәлімдеді. «Ет өнімдерінің бағасы 20 пайыздан 40 пайызға дейін көтеріледі. Мұның басты себебі – жанармайдың қымбаттауы, жем-шөптің тапшылығы» дейді ауыл шаруашылығы саласының мамандары. Демек, алдағы қысты талай қазақ соғымсыз қарсы алатыны айтпаса да түсінікті.
Халқымыз ең көп тұтынатын әлеуметтік өнімнің бірі – шай бағасы да шарықтап кеткен. Оның бағасы бір жылда 12 пайызға көтерілген. Сүт өнімдері өткен бір жылда орташа 11,3 пайызға өсті. Жалпы, барлық азық-түлік өнімдері бір жылда  10 пайызға қымбаттаған. Бірақ бұл ресми статистика. Шын мәнінде базардағы баға одан әлденеше есе жоғары. Көкөністер мен жеміс-жидектердің де бағасы өсіп, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке дейін жетті. Шынайы баға мен ресми статистика қабыспайды.
Жаз мезгілінде көпшілік жұрт құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Алайда биыл көпшіліктің қолы байлаулы. Себебі құрылыс заттары да бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өсуде. Яғни қымбатшылық жалынан ұстатар емес. Қанттың қат тауарға айналып, ол үшін талай тартыс болып жатқанын да әлеуметтік желіден көріп жүрміз.
Өткен жылмен салыстырмалы түрде есептесек, құрылыс  заттары – орташа есеппен 70-80 пайызға, күнделікті тұтынатын өнімдер – сұйық май, қант, шай, картоп, сәбіз 80-90 пайызға, әлеуметтік төлемдер 50-60 пайызға қымбаттаған. Ал елімізде көтерілген бағаның түсуі сирек құбылыс. Баға бақылауға алынған күннің өзінде бүгінгі күндегі бағамен тоқталмақ. Әзірге қымбатшылыққа түсініктеме беріп, қадағалауға алып, бағаны ауыздықтау бағытында жасалып жатқан жұмыстар байқалмайды. Күнде бір тауардың бағасы аспандап шыға келеді. Қолдан туындатып отырған қымбатшылықтың соңы не болар екен?
Қымбатшылық несиеге тәуелді етер...
 «…Алған айлығым несие төлеуден артылмайды. Балам үйленді, той жасадым. Қатарынан қалдырамын ба? Бас­пана әпердім. Осының бәрі несиемен келген «байлық». «Елден қаламыз ба?» деген бәсекемен жүріп басым бәлеге қалды. Оның үстіне қымбатшылық та бой бермей барады. Ас-ауқатымның бәрі ақшаға тәуелді болып тұр»… Иә. Бұл жайт – бүгінде екінің бірінің айтар «жыры». Жалпы, қоғам тауар өндіруші мен тұтынушыдан тұрады. Екеуі де қаражатқа тәуелді. Алғашқысы несие алып – бизнесін жүргізгенімен, тауарын қымбатқа саудалайды. Екіншісі сол қымбат тауарды несиеге сатып алады. Қымбатшылық тізбегі осылайша айналымда жүре береді.
Халықтың 70 пайызы айлықтан айлыққа дейін өмір сүреді. Бұл – айқын нәрсе. Халықтың тұтынушылық қабілетін жоғарылатып, тауар өндірушінің несібесін еселеп отырған негізгі фактор – несие. Соңғы уақытта адамдардың несиеге деген тәбеті тым жоғарылап кетті. Баспана, дүние-мүліктен бөлек, азық-түліктің өзін несиеге берілетіндігін көріп жүрміз. Еңбекпен тапқан айлығымыз еселеніп, несиеге кетіп жатыр. Бұл адамдардың қанына сіңген үйреншікті жағдайға айналған. Қалтасында ақшасы қалмаса да «қатардан қалмаймын» деген бәсекелестік кредиттің құлына айналдырды. Тіпті, несиеге тауар алатын болсаңыз, «қолма-қол ақшамен бағасы мынша, егер бөліп төлеумен алсаңыз сәл жоғарылау болады» дейді. Сол сияқты барлық бөліп төлеу үрдісінде де үстеме пайыздар қарапайым халықтың қалтасын қағып жатады.
– Банкке несие рәсімдеуге келген адам ең алдымен ай сайынғы төлемінің аз шыққандығын қалайды. Сол арқылы жылын созады. Сайып келгенде бұл жылдық үстеменің бірнеше пайызға жоғарылап кететінін ескергісі де келмейді. Айта кетейік, егер 3,5 млн теңге қаражатты 60 айға несиеге алсаңыз, үстіне 2,2 млн теңге қосымша пайыздық үстеме қосып төлейсіз. Сонда, бұдан кімнің орасан зор пайдаға батып, кімнің қалтасы қағылып жатқанын айтпай-ақ түсінікті, – дейді банк қызметкері Индира.
Философ Маурицио Лаццаратто «Әлемдік экономиканың күретамырына қан жүгіртіп тұрған сала – қарыз экономикасы» дейді. Ол осы теориясы арқылы адамдар көлікті, пәтерді, тұрмысқа қажетті заттарды банктерден несие алу арқылы қол жеткізіп, бұл құрылыс компанияларының да, сол технология­ларды айналымға шығарып отырған зауыттардың да жұмысын жүргізеді деген пікірін алға тартады.
Статистикалық деректерге сүйенсек, қазақстандықтардың банк алдындағы несие қарызы жан басына шаққанда 400 мың теңгенің үстіне шыққан. Экономикалық белсенді халықтың 80 пайызының басында екіден, тіпті үштен несиесі бар. Біздің елде қарызға өмір сүру үйреншікті әрі қалыпты жағдайға айналып кетті. Көңіл қынжылтатыны, халық алған несиенің 90 пайызы тұтынушылық мақсатқа жұмсалған. Яғни қарызға техника немесе жылжымайтын мүлік емес, күнделікті қажеттіліктерін қарызға алуда.
Бір қарағанда бұл адамның жеке басының ісі сияқты, бірақ түптеп келгенде, ол – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының ең көкейтесті мәселелерінің бірі. Белгілі қаржы сарапшысы Олжас Құдайбергенов «Адамдарға әйтеуір бірдеңе қылып өмір сүру керек. Егер 2019 жылы несиелерін кешіргендердің басындағы жағдайын сұрап көрсең, олар ең бірінші туған-туыстарына, дос-жарандарына берешек болған, сосын қарыздарын қайтару үшін банктерден несие алған. Ақыр аяғында банктердің несиесін қайтаратын ақшасы болмай, пұшайман күйге түскен» деді.
Әлбетте, қара халық мұқтаж болғандықтан басқа амалы қалмағандықтан, банктен несие алады. Әйтпесе, біздегі қаржы институттары белгілеген 15-20 пайыздық өсімақымен несие алуға кім құштар дейсіз?! Оған комиссиялық алымдар мен жасырын үстемелерді тағы қосыңыз. Біздегі банктердің мөлшерлемесі қаншалықты жоғары болса да, халық күнкөріс үшін бәрібір несие алуға мәжбүр. Өркениетті мемлекеттерде (Еуропа, АҚШ, Жапония, басқа да елдерде) банктердің мөлшерлемесі 2-3 пайыздан аспайды. Жергілікті халық тіпті оның өзін қымбатсынады. Ал мұндай мөлшерлеме қазақ үшін ертегі сияқты.
Жалпы, халықты несиеге тәуелді етіп отырған негізгі фактор – жаппай қымбатшылық. Бой бермейтін саясат. Адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, несиеге деген тәуелділігін жою үшін табысын көтеруге жұмыс істеу керек. Сонда ғана, тұтынушының қарызға деген тәбетін тыю мүмкін болар еді. Дей тұрғанмен, еңбекақысы көтеріліп жатқандар да жетерлік. Бұл қымбатшылыққа тұсау, несиеге кедергі емес. Сайып келгенде ел ішіндегі экономикалық саясатқа түбегейлі өзгеріс енгізу халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына бірден-бір себеп болар еді. Әйтпесе, қарыз бен қымбатшылықтың қысып тұрғаны жасырын емес.
Қалың қалай, қарыз дәптері?
Ірі супермаркеттен өзге үлкенді-кішілі азық-түлік дүкендерінің көпшілігінде елдің қарызын жазып қоятын «қара дәптер» бар. Дүкеншіге көзтаныс болып қалған келушілер ақшасы жоқ болса, «қара дәптерге» қарызын жаздырып, қажетін ала береді. Бұл енді таза қазақстандық үрдіс. Ресейді қайдам, ал Еуропада, Америкада немесе Күншығыс елінде ондайды елестету мүмкін емес. Біздің көнбіс халық күнкөріс үшін оған да көнген. Дүкеншіге тауарының қарызға болса да өткені керек, ал ақшадан қысылған жанға жаздырып болса да тамақ алып ішуі керек.
Мақаланы жазу барысында бірнеше дүкенге бас сұқтық. Шағын дүкендер. Бірақ халық күнделікті тұтынатын өнімдерге лық толы. Әңгімелесе келе оларда да қарыз дәптері бар екенін білдік. Алайда кәсікерлер өздерінің аты-жөні мен дүкен атын жариялауды жөн көрмеді.
– Дүкенге келген 10 адамның 3-еуі қарызға жаздырып әкетеді. Қазір жұрт жаздырып алған азық-түліктің қарызы 800 мың теңгеден асып кетті. Кейбір кісілер 50-60 мың теңгеге дейін қарыз. Арасында берешектерін бермей қашып кетеді. Ақшасын 2-3 ай, тіпті жарты жылдан кейін әрең қайтаратындар бар, – дейді ол. Сонда біз:
– Қарызын қайтармайтын адамға неге бересіз? – дедік.
– Қалай бермейсің? Біреуі жалынып, ақырғы сөзін айтып тұрып алады. Біреулерінің жалақысын кешіктіріп жатады, енді біреулерінің тұрақты жұмысы жоқ. Оның үстіне, олар арақ-шарап алып жатқан жоқ қой, нан, су, макарон, қант, өсімдік майы сияқты ас-ауқат сұрап тұрған соң бетін қайтара алмайсың, – дейді кәсіпкер.
Келесі дүкенде де дәл осы жағдай.
– Жаңа жылдан бері тауарлардың бағасы қатты қымбаттады. Темекі мен арақ бағасына 50-100 теңге қосылды. Шоколадтар 40-50 теңгеге өсті. Нан бұрын 85 теңге болатын, енді 90-100 теңгеге әкелетін болды. Біз үстінен 5-10 теңге қоссақ, кей дүкендер 130 теңгеден де сатады. Жалпы, тауардың бәрі қымбаттап кетті ғой. Жұрт бағаны құдды мен өсіріп жатқандай ренжиді, көтерме саудадан жеткізетін бағасы сол болса не істейміз?! Қарызға бермесең, ренжіп, дүкенге келмей кететіндер бар. Бізге тұтынушымыз көп болғаны керек, әрине, олар төлем төлеуге қабілетті болса жақсы ғой. Айналадағы дүкендердің бәрінде де жұрттың қарызын жазып отыратын «дәптер» бар. Міне, қазір сатып алушылар дүкенге миллионға жуық қарыз, – деп сатушы суырмадан қалың дәптерді қолына алды.
Жыл сайын нарық бағасының қымбаттауымен бірге ақшаның құнсыз­данып бара жатқанын да ескерген жөн. Бұл ретте таяқтың екі ұшы бар екенін де білген абзал.
Дүкен сатушыларының айтуынша, бағаның өсімі халықтың сауда жасау мәдениетіне де өзгеріс енгізіп жатыр. Адамдар қазір тауарды ойланып сатып алатын болған. Тек ең қажеттісін алып, артық затқа жоламайды. Бірақ, бұл да тауарды қарызға алудан құтқармай тұр.
Тағы бір дүкен сатушысы «Тек сенімді адамдарға ғана қарызға беремін. Ақша­сын бермей кетеді деп қорықпаймын. Көбі нанның өзін жаздырып алады. Жұрт қазір ойланып сауда жасайтын болды. Тек күнделікті қажетін ғана алады, оның өзін қарызға жаздырып қояды» деген ол, нан сұрап келген соң амалсыз қарызға беретінін алға тартты.
Кәсіпкерлер мен сатушылардың айтуынша, қарызға тауар алатын жұрттың бір айдағы орташа берешегі 100 мың теңгеден асып жығылады. Айлығы оған жетпейтіндер бөліп беруге мәжбүр. Алайда келесі айлық келемін дегенше қарыз да еселене бермек. Ал қарыз дегеніңіз де несиенің бір түрі. Тек пайызсыз. Бір қынжылтатыны – күнделікті тамағын қарызға алатындардың қатары көбейген. Тоқтаусыз қымбаттап бара жатқан азық-түлік құны қарыз дәптерінің қалыңдауына әсер еткен. Тауар бағасы арзандап, табыс көзі толықпайынша, сатушылар қарыз дәптердің қалыңдай беретініне сенімді.
– Бензин бағасы өсті. Электр энергия­сы қымбаттады. Шаршы метрдің құны шарықтап кетті. Дәрі-дәрмек бағасы да көтерілді. Өкінішке қарай, бұл тізімді осылай жалғастыра беруге болады. Одан да қымбаттамаған тауарды санамалап шыққан әлдеқайда оңай. Күнделікті тамақты айлыққа дейін деп көзтаныс дүкендерге жаздырып алатынымыз жасырын емес. Басқа амалымыз жоқ. Бұрындары 10 мың теңгеге пакетімізді толтыра азық-түлік алатын едік, қазір үш-төрт зат алсаң, осы бағаны көрсетіп тұрады, – дейді дүкенге сауда жасауға келген кент тұрғыны С.Жақсыбекова.
Түйін
Биыл қымбатшылық кәдімгідей сезілді. Артық шығынды азайттық, барынша үнемдеуге тырысамыз. Жалақы өспесе де, баға күн сайын көтеріліп жатыр. Баға – көкте, жалақы – жерде. Күн өткен сайын құбылған сөредегі сандар ырыққа көнбей барады. Қайда барсаң – қымбатшылық. Не де болса, бұл мәселені шешу үшін нақты қадам, мықты тәртіп керек екені анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
26 шілде 2022 ж. 859 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 105

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930