» » Шәкіртке қамқор Қарлығаш

Шәкіртке қамқор Қарлығаш

qarmaqshy-tany.kz Ұстаз алдын көрмеген жан жоқ шығар, сірә. Өскелең ұрпаққа білім беруді өзіне кәсіп қана емес, өмірлік мән қылған ардақты да қадірлі мұғалімдер өңірімізде жетерлік. Мұғалім болу – әркімнің қолынан келеді. Ал нағыз ұстаз болу үшін көп еңбек пен тер төгу қажет. Мереке мезіретіндегі бүгінгі мақаламыз 27 жылдан аса саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған кент орталығындағы №121 мектептің мұғалімі Қарлығаш Мырхиева туралы болмақ.

Ұлағат иесі 1975 жылы осы өңірде өмірге келген. Жаңақала (қазіргі Көмекбаев) ауылдық округіндегі №185 орта мектепті бітіріп, Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетінде білімін жетілдірген. 1996 жылдан бері ұстаздық жолды жалғап келеді. Осы уақытқа дейін 4 сыныпты бітіртіп, қанат қақтырған.
Білікті ұстаздың облыстық, аудандық білім жүйесіндегі жас ұрпақты оқытып, білім беру мен тәрбие үрдісін ұйымдастырудағы және жетілдірудегі шығармашылық еңбектері еш кетпеген. Ол түрлі дәрежедегі мақтау қағаздары мен құрмет грамоталарымен марапатталған. Мамандығын ерекше жақсы көретін мұғалімнің сүйікті ісі жөнінде пайымы бөлек.
– «Ұстаз» деген сөзді, «ұстаз» деген мамандықты мен ең қадірлі де қасиетті қызмет деп есептеймін. Себебі, ұстаз шәкіртін адалдыққа баулып, өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін себеді. Жақсы мен жаманды үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіреді. Ең жақын жанашыры әрі ақылшысы, досы әрі сырласы бола біледі. Бір сөзбен айтқанда, ұстаз – бүгінгі қоғамды алға сүйрейтін озық ойлы адамның тәрбиешісі, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы. Ұстаз да өз кезегінде осы міндетті жан жүрегімен сезініп, қоғам жанашыры болуға ұмтылуы керек. Осы орайда «Ұстаз қандай болу керек?» деген сұрақтың жауабын қазақтың данышпан, дана ақыны Абай атамыздың шығармаларынан табамыз. Ұстаз – «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» иесі. Ыстық қайратымен бар білген білімін оқушы бойына сіңіретін, нұрлы ақылымен өміріне жарық сәуле шашатын, жылы жүрегімен баланың жан-дүниесін баурай білген ұстаз ғана баланы тұлға ретінде қалыптастырады. Жаңа ғасыр мұғалімінің бойында сергектік, байқағыштық, сезімталдық, әділдік, байсалдылық, ұстамдылық, сабырлылық сияқты қасиеттер тоғыса келе, мейірімділік атты ұлы ұғыммен ұштасып жатса ғана ұстаз еңбегі өз мәресіне жетіп ұстаз деген ардақты атаудың шын иегері болады, – дейді Қарлығаш Мұханбетқалиқызы.

«Ұстазсыз шәкірт тұл» дегендей, Қарлығаш апайдың да шәкірттері бүгінде сан-салада қызмет жасап, еліміздің гүлденуіне тер төгуде. Ұстаз еңбегі қашанда шәкірт жетістігімен өлшенеді. Әрбір мұғалім өз оқушысының жеткен жеңісіне қуанады, оны мақтанышпен айта жүреді. Білікті ұстаз да білімді оқушыларын әсте ұмытпайды. Түлеп ұшырған әр түлегінің жетістіктерін санамалап айтып беруге бар.
– Маған өзім ұшырған түлектің барлығы ыстық. Мектеп бітіргендеріне бірнеше жыл болса да, әлі хабарласып, жаңалықтарымен бөлісіп отырады. Былтырғы бітірген сыныбымнан 3 оқушы «Алтын белгі» иеленсе, 2 оқушым үздік аттестат алды. Барлығы бірдей мемлекеттік грант иеленді. Осы көрсеткіш негізінде облыстық білім басқармасының Алғыс хатын иелендім. Ұстазға мұнан артық құрмет бар ма? Ал отбасымда отағасы Ербол екеуміз 4 перзент тәрбиелеп отырмыз. Ақтөбе ауылындағы үлкен әулетке келін болып түстім. Үлкендердің батасымен, ақ тілегімен өсіп-өніп келеміз. Енем біздің алаңсыз жұмыс істеуімізге қол ұшын беріп, бала тәрбиесіне көмектесіп, үнемі тілекші болып отырады. Осы анамыз отбасымыздың берекесін, шаңырағымыздың шаттығын келтіріп отырған жан. Қандай семинар, тренинг, байқауға барамын десем де, қарсылық танытқан емес. Қайта «үйді уайымдамай барып келіңдер, елге қызмет етіп жүрсіңдер» деп қолдау білдіреді. Басшымыз Болат Жұмабаев ағайдың талапшылдығының арқасында ұжым да жоғары жетістіктерге қол жеткізуде, – дейді білікті ұстаз.
Иә, жасаған жұмысыңа алғыс алу – нағыз білікті маманға берілген лайықты баға. Жауапкершілік жүгі жоғары мамандықты арқалап, елдің баласын қатарға қосып жүрген ұстаз жайлы ата-аналардың да айтары бар. «Менің Нұрайым және Жанарыс есімді немерелерім №121 мектепте оқыды. Қарлығаш апай Нұрайымның сынып жетекшісі болды. Сыныбындағы оқушыларына ықыласы ерекше еді. Әр баланың мінезіне сай қарым-қатынас жасап, өзіне баурай білді. Оқушылары да апайлары секілді алғыр, қайратты, білімді, көңілді болып өсті. Қазір барлығы студент. Былтыр робототехникадан 5 оқушысы Алматы қаласына республикалық жарысқа барды. Сонда өз пәні болмаса да оқушылары үшін жолға шықты. Қыс мезгілі болғанына қарамастан, өз балаларын әжесі мен әкесіне қалдырып, өзгенің балалары үшін алаң қылып, абыроймен барыпкелген еді. Бұл әркімнің қолынан келе бермейтін ерлік деп білемін. Оқушылар үшін барын беруге әзір болған ұстазының қамқорлығын шәкірттері де ұмытпапты. Жақында Нұрайым «Қарлығаш апайым Харекет қоры арқылы баспаналы болып жатыр екен. Құтты болсын айтшы» деп қуана хабарласты. Бұл жаңалыққа жанұямызбен қуандық. Кәсіби мереке қарсаңында табысталған баспанасына бақ-дәулет қонақтасын» дейді ата-аналар атынан М.Шүлтікова.
«Дүниеде көп адамды бақытқа кеңелткен адам – бақытты» деген ұлағатты сөз бар. Қаншама шәкірттердің қолына бақыт, білім кілтін ұстатқан ұстаз Қарлығаш – бақытты жан, ардақты ана. Ендеше елдің баласын тәрбиелеуді өзіне мақсат еткен әрбір мұғалім кейіпкеріміздей мамандығына адалдық танытса, ұстамды, саналы, өрелі ұрпақтың өсері анық.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
03 қазан 2023 ж. 1 157 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031