» » Ана тілінің жанашылары

Ана тілінің жанашылары

«Ана тілін ардақ тұтып, қастерлеп,
Құрметтейік келгенінше шамамыз» – деген жыр жолдарын өмірлік қағидасы етіп, қазақ тілінің мәртебесі мен абыройын асқақтатып жүрген қаламыздағы No273 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдері Мирамкүл Мамырова мен Құралай Ахметовалардың ұстаздық жолынан ой таратпақшымын.
Олар – Ыбырай салған сара жолдың, Ахмет жазған әліпбидің аманатын арқалаған қазақ тілінің нағыз жанашырлары.
Өз заманында балығы тайдай тулаған, аты әлемге танымал Арал өңірінің Сексеуіл бекетінде ұстаз Ыбырайдың шаңырағында 1964 жылдың 30 сәуірінде ата жолын жалғастырар Мирамкүл атты қызғалдақ дүниеге келіпті. 1982 жылы әке жолын өмірлік мақсатына айналдырмақ арманмен Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың табалдырығын аттаған бойжеткен емтихандарды ойдағыдай тапсырып, студент атанды. Оқу орнын 1986 жылы бітіріп, еңбек майданына сүре жол салды. Ол 1986 жылдан бері қол үзбестен осы салада еңбек етіп келеді. Өз мамандығын жанына жақын тұтқан ұстаздық жолында талай биіктерді бағындыра білген тәжірибелі маман. Бүгінгі заманауи жаңартылған білім саласындағы жаңалықтарды оқушы игілігіне сай түрлендіре отырып, сабақ беру, сыныптан тыс жұмыстарды үйлестіруде өзгелерден озық жүретін ізденгіштігі мен шығармашылдығы өз алдына.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Бүгінгі балалар әдебиетіндегі өлеңдердің танымдық мәні» атты мақаласы, республикалық баспа беттерінде жарияланған озық сабақ үлгілері мен сыныптан тыс жұмыстары ұстаздың шығармашыл ізденісінің жемісі.
Ахмет Байтұрсынов ұстазды «Адамдық диқаншысы» деп бекерге атамаған. Ахметше бағаласақ, Мирамкүл Ыбырайқызы да талай шәкірттің жүрегінен ойып орын алған, соның жемісіндей алдынан өрбіген шәкірттері шетел асып, кейбірі туған жерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген жайы бар.
Мирамкүл Ыбырайқызының замандасы, ойы мен шығармашылық бағыты ұқсас Құралай Ахметова айтыстың жорғасы Манаптай от ауызды ақынның жерлесі, 1965 жылы Жаңақорған ауданы, Бірлік елді мекенінде дүниеге келген. М.Әуезов атындағы педагогикалық институтын 1986 жылы аяқтап, еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданындағы аралас мектептен бастаған. 2004 жылдан бастап No273 орта мектепте ұстаздық жолын жалғастыруда. Мектептегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері бірлестігінің жетекшісі, іскер ұйымдастырушы, шығармашыл мұғалім. Республикалық, облыстық, аудандық байқаулардан шәкірттері озық шығып, жүргізген шығармашылық жұмыстарын республикалық баспалар мен ғаламтор желісіндегі сайттарда таратып жүрген ізденімпаз ұстаз. Алдынан шыққан талай шәкірті түрлі маман иесі атанып, туған жеріне еңбек етуде.
Шәкірттің бойына білім нәрін себетін, адамгершілік дәнін егетін абзал жан – ұстаз. Жас шыбықтың тамыры терең, жапырағы жайқалып, жемісі мол болуы үшін үлкен еңбек қажет, оны бағбан ұзақ күтеді. Ұстаз да осы бағбан тәрізді. Ол тек шәкіртін ғана емес, ұлтын, күллі адамзат баласын бақытқа жеткізу үшін еңбектенеді.
Жаһандану дәуіріне қадам басып, әлемдік арнаға жол тартып, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастау бұлағы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Білектің емес, білімнің күшімен ілгерілейтін жаңа заманда ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді.
Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан ұстаз болу да – жүректің батырлығы ретінде бағалауға болады. Бұл орайда мемлекетіміз мұғалімдердің беделін көтеруде жан-жақты қолдау көрсетіп, білім саясатына басымдық беріп келеді. Жас ұрпақты тәрбиелеуде ерен еңбегімен танылған осындай ұлағатты ұстаздарымызды дәріптеу – адамзаттық ұлы борышымыз.
Гүлмира АМАНҚҰЛОВА,
No273 мектептің мұғалімі
27 қараша 2022 ж. 489 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 381

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 460

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930