» » Жүргенов жүріп өткен жолдың белгілі де беймәлім тұстары

Жүргенов жүріп өткен жолдың белгілі де беймәлім тұстары

qarmaqshy-tany.kz 1964-1965 жылдардан бастап қоғам және мемлекет қайраткері, есімі Орта Азияға белгілі Темірбек Қараұлы Жүргеновті ауыз әдебиеті мұраларын зерттеуші, ғалым Мардан Байділдаев, тарих ғылымдарының докторы Рамазан Сүлейменов, содан кейін осы жолдардың авторы зерттеп, жүргеновтануға зор үлес қосты. Кейіннен жүргеновтанушылар көбейді. Осы зерттеулерде қайраткердің өмір жолы, ол атқарған қызметтер, жазған мақалалары жайлы айтылып, жазылып келгендіктен қайталап жазбай, көпшілік оқырмандар ғана емес, тіпті жүргеновтанушылардың өздері біле бермейтін бірсыпыра қыры мен сырларын қысқаша баяндап өтпекпін.
Т.Жүргенов те ет пен сүйектен жаралған адам ғой. 1919 жылы Көңтөбеде отырған әкесінің үйіне келіп, замандастары Ысмахан, Ысқақ, Кіребайлармен әңгіме-дүкен құрады. Ол сол кезде Ырғыздағы шағын милиция отрядын басқарады екен. Ет үстінде жіліктегі асықты алу үшін Ысмаханмен ағаш сапты бәкіге таласқан оқиғасын сол дастарқанда Т.Жүргеновпен бірге болған әкем Майлыбай Бекбергенов 1960-1961 жылдары айтқан-ды. Бұл оның туған ауылына келгесін балалығы ұстап кеткенін көрсетеді.
Екінші бір оқиға әңгімені Темкеңнің немере ағасы Нұржан Жұдырықов айтқан еді. Ол кісі қай жылы болғанын ұмытыпты. «Теміршеге Ырғыздың Жағалбайлы руының байы (әрі биі) Қалинұрдың қызын айттырып қойған болатын. Бірақ Қара көкесіне хат жазып, арнайы адам жіберіп, әкелер уәдесін бұздырды» деген болатын.
Үшінші бір дереккөзде 1921 жылы 25 желтоқсан күні Ырғыз уезі басқару комитетінің Орынборға уездің өкілі болып барған Т.Жүргеновті атқару комитетімен келіспей қамағанына қарсылық білдіріп, орталыққа Ырғыз атқару комитетінің төрағасы Тойбазаров телеграмма жіберген. Ол телеграмма 1921 жылдың 26 желтоқсанында тіркелгені жөнінде белгі қойылған.
Төртінші дерек-құжатта 1922 жылы Орынбор облыстық партия комитеті Ә.Жангелдинмен бірге Т.Жүргеновті Адай округіне НКВД қызметіне жіберуге шешім қабылдады. Алайда Т.Жүргенов өзінің денсаулығына байланысты бара алмайтынын айтып, дәрігер А.Райбштейннің 1922 жылдың қарашасында берген анықтамасын ұсынады. Облыстық партия комитеті мен партиялық комиссия мүшелері одан Адай округына баруды талап етеді. Олар дұрыс шешім шығармағаннан кейін Т.Жүргенов 1922 жылдың 16 қарашасындағы және 4 желтоқсанындағы арызымен өзін партия қатарынан шықты деп есептеуін сұрайды.
1922 жылдың 8 желтоқсанында Орынбор қаласында «Т.Жүргеновтің партиялық қылмыстық ісі» арнайы қаралады. «ККП (б)-ның мүшесі Т.Жүргеновтің партия мүшелігінен шығу туралы арызына сәйкес оны өзінен-өзі шыққан деп есептелсін» деп қаулы қабылдайды. Бұдан қоғам және мемлекет қайраткерінің сол тұста-ақ большевиктер партиясына ықыласының төмен болғандығын аңғарамыз.
Партиялық тәртіпке бағынбады деп партиядан шыққан болып есептелінген қаулыға ырғыздық жастар ұйымы қарсы болып, оның Ырғызда комсомол ұйымын құрғанда басшылық жасаған Т.Жүргенов екенін атап көрсетіп, оны қудалауды тоқтатуға шақырып, шешім қабылдаған. Мұнан кейін де Темкеңді баспасөз беттерінде қаралау мақсатында мақала жазылып, оған Жүргеновтің жауап мақаласы басылған.
«Бүгінгі жас ұрпақтарға Темірбек Қараұлының қызметтік жазбасын газет арқылы ұсынып отырмын. Т.Жүргенов 1898 жылдың қараша айының басында бұрынғы Қазалы уезі, Қаракөл-Қостам болысындағы «Іздібай» өзегі маңында туған. Ауыл молдасы және Тұрмағамбет ақыннан білім алғаннан кейін Жалағаш ауданына қарайтын Аламесектегі 2 сыныптық орысша-қазақша, одан кейін Қызылордадағы Суханский атындағы училищеде, 1917-1918 жылдары Уфадағы жер өлшеуші училищеде оқыған. Ә.Жангелдиннің көмегімен 1918 жылы Торғай облыстық советтер съезінің секретары болса, 1919 жылы Алашордашыларға қарсы күреске қатысады. Аратұра Торғай облыстық газеті «Қазақ мұңында», 1921-1922 жылдары қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде жауапты хатшы болды. 1920-1921 жылдарда Ырғыздағы атқару комитетінің төрағасы және Орынбордағы жұмысшы факультетінде, 1923-1927 жылдары СаГу-де студент және Түркістан Республикасындағы Қазақ АСР-інің өкілі қызметін қоса атқарды. 1926-1927 жылдары Қазақ педагогикалық институтының директоры және СаГу-де оқытушы, 1929-1930 жылдары Тәжікстан қаржы комиссары, 1930-1933 жылдары Өзбекстан оқу-ағарту және 1933-1937 жылдар аралығында Қазақстан оқу-ағарту комиссары болып, жоғары дәрежедегі қызметтердің тізгінін ұстады.
1937 жылдың 2 тамызында «Халық жауы» ретінде ұсталып, 1938 жылдың 25 ақпанында Боралдайда атылған.
Ең сорақысы сол, әйелі Дәмеш Ермекова «Алжир» түрмесінде отырса, Т.Жүргеновтің әкесі Қара Жүргенов 1937 жылы 25 қыркүйекте Қызылордада атылған.
Ал ағалары Досжан, Қосжан Қарақұмдағы (1930 жылғы) көтерілістің басшысы, тіпті Досжан П.Лаубаев қайтыс болғасын хан аталса, Қосжан отряд командирі болады. Олардың Өтебайдан тарайтынын да айтқан. Кеңес өкіметі алдап шақырып, 1930-1931 жылдары атып жіберген. Оған қоса інісі Ысқақ та атылып кеткен. Кеңес өкіметінің «қамқорлығының» арқасында Жүргеновтер әулетінен 5 адам тікелей атылған және 4-5 кісі 8-10 жылға Сібірге жер аударылған.
Көпшілікке беймәлім жайдың бірі мен жазып жүргендей 1928 жылдың 15 қазанындағы мәлімдеме жазбада «...Бұрынғы Қазақстанның Ташкенттегі өкілі Т.Жүргенов әкесі және ауылдастарына тәркілеу жөнінде хабарласып, олар малдарын ағайын-туыстарына, балаларына бөліп жібергенін» айтады.
Т.Жүргенов Орта Азия мен Қазақстанда оқу-білім, өнер, мәдениетті дамытуға айрықша еңбек еткен. Оның 6-7 кітабы мен газеттерде жарияланған ондаған мақалалары бар.
Темірбек Қараұлы жайлы 10-ға жуық зерттеу кітаптары, 2 кино, бірнеше арнайы телехабары мен пьеса және роман жазылды. 125 жылдық мерейтойы халықаралық дәрежеде ұйымдастырылуда. Түркияда, Ақтөбе, Астана, Алматы, Қызылорда қалаларында түрлі тақырыптағы мазмұнды конференциялар өтті. Жақында Жалағаш ауданы, Т.Жүргенов ауылында 125 жылдыққа арналып, үлкен мерекелік іс-шаралар өткізілді.
Республикамызда жүргеновтанушылардың басында болғанымды мақтан етемін. Бабалар есімі жаңғыра, жаңара берсін демекпін.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
ғалым, жүргеновтанушы
29 қыркүйек 2023 ж. 215 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031