Ұлтпен жасайтын өнер
"Аңсаған" мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 17 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында бірлестіктен көптеген жас қолөнер шеберлері түлеп ұшты. Үкіметтік емес ұйымның аты бүгінде республикаға да тарап кеткен. Олай дейтініміз, Бақыткүл Сейіткәрімқызы төрайымдық ететін бірлестіктің дарынды балалары облыстық, республикалық, халықаралық өнер бәйгелерінде жүлде салып, аудан мерейін тасытып жүр.
Биыл бірлестік үшін жағымды жаңалықтар көп болуда. Соның бірі – қоғамдық ұйым жуырда еңсесі биік, жарық та заманауи жөндеуден өткен ғимаратқа көшкен болатын. Аудан әкімінің қолдауымен берілген ғимараттың бөлмелері кең де ұлттық ою-өрнектермен әсем безендірілген. Онда бірлестік мүшелерінің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдар анадайдан көз тартады. Балалардың байқау, жарыстардан жеңіп әкелген медаль, марапаттары да төрде жарқырап тұр. Апта ортасында осы бірлестік пен аудандық Жастар Денсаулығы орталығының бірлесе ұйымдастыруымен есте қалардай іс-шара өтті. Оған ауданымыздың аға буын өкілдері – ардагерлер, мектеп психологтары, алтын құрсақты аналар мен қолөнерге бейім білім ұяларының шәкірттері қатысты.
"Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда" деп аталған басқосуды аудандық Жастар Денсаулығы орталығының психолог маманы Әмина Кетебаева жүргізді.
Дастарқан басында қатысушылар дәмнен ас ауыз тиіп, өнегелі ой-пікірлер айтты. Атап айтқанда, Қармақшы ауданының Құрметті азаматтары – Қаршыға Есдәулетов, Амангелді Ақжігітов, Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев, үлгілі аналар Гүлхан Қосанова, Ағилаш Қанибетова, Пернеш Ембаева және басқалары өткен өмір жолдарынан еселіктер айтып, жастарға кеңестерін берді.
Басқосуда психологиялық сергіту ойындары ойнатылды. Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің педагог-психологы Бағлан Нухиев Жосалы кенті мектептерінен арнайы келіп қатысқан жас шәкірттерге тренинг жүргізіп, оның мақсатымен таныстырды. Ауызбірлікте болуды мұрат еткен ұжымдық жұмыстың нәтижесі де көңілге қонымды болды. Бір уақытта бірнеше оқушы, жан-жақтан жіпті тартып отыру арқылы ақ парақ бетіне "Аңсаған" есімін жазып, қошеметке бөленсе, осындай жаттығу үлкендер арасында да жүргізіліп, қызықты ойын көрсетілді. Әрбір адамның жинаған сан ұпайына қарай (болжамды) мінездеме берілді.
Іс-шара соңында қатысушы аудиториямен кері байланыс жасалып, белсенді қатысушыларға бірлестік төрайымы ұлттық кәдесыйлар тапсырды. Жолы ақ болсын деген мақсатпен жас қолөнер шеберлеріне, мектеп оқушыларына ардагерлер батасын берді.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА