Жаңа бірлестік патриоттық тәрбиені насихаттайды
![](/uploads/posts/2023-09/medium/1693909752_zhaa-brlestk-patriotty-trbien-nasihattaydy.jpg)
Бейсенбіде Жосалы кенті әкімі аппаратының мәжіліс залында осы филиалдың жиыны өтіп, оны кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев жүргізді. Жиында сөз алған жаңадан құрылған бірлестіктің төрағасы Самат Бұлақбаев үкіметтік емес ұйымның құрылу мақсаты мен алда атқаратын жұмыс жоспарымен таныстырды.
– Бағытымыз – әскери патриоттық тәрбиені насихаттау болғандықтан, осы мақсатты ұстанамыз. Қазіргі кезде ер балалар арасында ұлттық елжандылық тәрбиесін сіңіру өзекті. Отан алдындағы міндетін абыроймен өтеу, елдің, халықтың алдындағы ер азаматтың мақсат-мұраттары жайлы қоғамдық бірлестік ардагерлерінің айтары көп.
Түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, жас өркеннің азамат болып қалыптасуына еңбек ететін боламыз. Оған бірлестік мүшелерінің өмір және еңбек тәжірибелері молынан жетеді, – дейді бірлестік төрағасы.
Іс-шарада бірқатар бірлестік мүшелері марапатқа ие болды. Атап айтқанда, Жақсылық Арыстанбаев, Ғалымжан Қайымбаев, Төлеген Бетаев, Әбдікәрім Бегалиев және басқаларына «Орталық әскерилер тобы» ардагері», Қазақстан Республикасының «Халық құрметі» медалі тапсырылса, Ерболат Ұзақбаев, Айтбай Бұғыбаев, Сағындық Тойбазаров, Батыр Қайымбаев, тағы басқалары бірлестік мүшелігіне қабылданып, куәліктер тапсырылды. Сондай-ақ, ұйымның бірқатар мүшесі филиалдың құттықтауына ие болды.