» » Ауданда даму динамика жоғары

Ауданда даму динамика жоғары

Уақыт ілгерілегелі ауданға қарасты кент және ауылдық округтердің әлеуметтік ахуалында ауыз толтырып айтарлықтай ілкімді істер бар. Оны күнделікті тіршілігімізде байқап келеміз. Ауданның экономикасын дамытуда жолға қойылған жобалар кезеңімен орындалып, жақсы нәтижеге қол жеткізілуде. Осы аптада аудан әкімі Жандос Еркінбек кент және барлық ауылдық округтің тұрғындарымен кездесіп, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп берді.

К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде өткен Жосалы кенті тұрғындарымен кездесуде аудан басшысы өзі басшылық тізгінін қолға алғаннан бергі қол жеткізген қарқынды қадамдары мен алдағы жоспарлары жайлы айтып берді.

– Ауданымызда биыл қолға алған жұмыстар кезегімен атқарылып, оң нәтижесін беруде. Мәселен, Байқоңыр қаласындағы көпқабатты 5 тұрғын үй құрылысының аумағын абаттандыру мен инженерлік жүйелер құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, былтыр Ақай ауылында салынып басталған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмысы тоқсан бес пайызға аяқталып қалды. Биыл бұл жобаны жыл аяғына дейін бітіріп, ел игілігіне беру жоспарымызда бар. Халықты таза ауыз сумен қамтуда Қармақшы, Т.Көмекбаев, Алдашбай ахун ауылдарында су құбырын жаңадан жаңғырту толығымен орындалды. Өткен айда облыс әкімінің орынбасары Қайрат Ырзақұлұлының қатысуымен нысандардың лентасы қиылып, тұрғындар жүз пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ал енді Жосалы кенті бойынша биылғы жылы 33 жобаны іске асыруға қаржы қаралды. Соның бірі – «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, одан бөлек аурухана ішінен томография кабинеті ашылып, халыққа қызмет көрсетуде, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбек.

Аудандағы елді мекендерді бір-бірімен байланыстырып тұрған маңызды жолдардың бірі – «Самара-Шымкент, Ақжар-Тұрмағамбет-Көмекбаев» автожолы. Қайнаған тынымсыз тіршілікке нәр беріп жатқан күре жолдың қадірін, оның бейнетін жүріп көрген жол жүргіншісінен артық ешкім біле қоймас. Әсіресе, жолдың сапасы нашар болса, әрине адам шоқырақ аттың үстіне мініп келе жатқандай күй кешері анық. Уақыт жылжып өткен сайын көлік пен байланыстың жаһандық қарым-қатынастар жүйесіндегі рөлі әдәуір өсті. Қазіргі уақытта бұрынғы кездердегідей емес, заман талабына сай құрастырылған ауыр жүк және жолаушылар көліктерінің аудан, облыс, халықаралық қатынастағы қарқынды қозғалысы әлденеше есеге артқанын біз жақсы білеміз. Осыдан-ақ, жолдың шын мәнінде өмірдің өзегі, тұрмыс-тіршілігіміздің қайнар көзі екенін аңғарамыз. Биыл осы жолды жөндеуге тиісті қаражаттың жартысы бөлініп, соған сай асфальт төселді. Бүгінде жонылған тақтайдай тегіс жолдар барар жеріңе лезде-ақ жеткізеді. Аудан басшысы енді келер жылдың басында қалған қаражат қаралса, көктемде осы жұмысты толығымен аяғына дейін жеткізетінін айтты.

Биыл аудан аумағында 21 көше орташа жөндеуден өтсе, оның 6-уы Ақжар, Ақтөбе, ІІІ Интернационал, Ақай  елді мекендерінде шешімін тапқан, яғни көшелер толығымен асфальтталып, пайдалануға берілген. Ал қалған 15 көше Жосалы кентінде орындалуда. Жыл аяғына дейін Жосалы кенті әкімшілігі тарапынан мердігер мекемелермен келісу арқылы демеушілік есебінен тағы екі-үш көшеге жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар түнгі жарықтандыру бойынша кентте 10 көшеге жарық жүргізілсе, 2 көшенің жарық бағаналары ауыстырылған.

 Аудан әкімі кентте атқарылар ауқымды жұмыстардың бірі – білім ошақтарының жылыту қазандығын газға ауыстыру жолға қойылғанын жеткізді. Атап айтқанда №27, №121 орта мектептері мен №21 «Тоғжан» бөбекжай балабақшасын газ отынына қайта жабдықтауға тиісті қаражат бөлінгенін, әрі қарай жоспар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.

Сондай-ақ Жосалы кентінде көптен бері көтеріліп келе жатқан үлкен мәселе – темір жол өткеліне тірек қабырғалары бар көпір салу да айтылды. Қазіргі таңда көпірдің жобасына облыстық бюджеттен қаржы бөлінсе жыл аяғына дейін жобаны аяқтау көзделіп отыр. Аудан басшысының есеп беруінен кейін тұрғындардың ұсыныс-пікірі тыңдалды. Кент тұрғындары Қуаныш Төреев, Қаршыға Есдәулетов, Амандық Алтынбаев, Бақыт Төребаева, Бақыткүл Маханова, Палаукүл Тобжанова, Тәжітай Тоқсанбаева, тағы басқалары малдың жайылымдық жерін кеңейту, көше кедергілерін қою, көшелерге тас төсеу, асфальттау, медициналық аппарат алуға байланысты өзекті мәселелерді көтерді. Мұнан бөлек әкім есебін мұқият тыңдағандар атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алғыстарын жеткізді.

Кездесу соңында аудан басшысы қатысушыларға алғысын білдіріп, осы есептік кездесуде көтерілген мәселелі сауалдар бойынша іс-шаралар жоспары әзірленетінін, ол бойынша жұмыстар жүргізілетінін және мәселелер үнемі бақылауда болатынын айтты. Апта ішінде аудан әкімінің кестеге сай есеп беруі шалғай жатқан Төретам кенті, Ақай, Қармақшы, Көмекбаев, Қуаңдария, Алдашбай ахун, Дауылкөл, Ақжар, Ақтөбе, ІІІ Интернационал, Жаңажол, Иіркөл және Төребай би елді мекендерінде жалғасты. Аудан басшысы Жандос Еркінбекұлы ауыл тұрғындарымен кездесуде ауданның жайын жан-жақты баяндап, тындырылған жұмыстардың аз емес екендігін, атқарылатын қыруар тіршілік одан да көп екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ әкімдердің дәстүрлі есеп беруі халық пен билік арасындағы ашық байланыстың қалыптасуына, жауапкершілікті арттыруға және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан аудандағы мәселелерді шешуге үлкен ықпал тигізетіндігін жеткізді.

Бүгінде Төретам, Ақайда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар көп. Мәселен, Ақай ауылына газ құбыры желілерін тартуға ҚР Ұлттық қорынан, республикалық бюджеттен Төретам кентіндегі газ құбырларын салуға қаржысы шешілген. Биыл Ақай тұрғындарын жыл аяғына дейін газбен қамту жоспарланып отыр. Сонымен бірге осы ауылда спорттық тренажермен жабдықталған балалар ойын алаңы да ел игілігіне берілмек.

Төртінші деңгейлі бюджет есебінен елді мекендерді көгалдандыруда Ақай ауылдық округіндегі Жанқожа батыр, Астана, Бейбітшілік, К.Күншығаров, Б.Майлин, М.Әуезов көшелеріне техникалық паспорт жасатуға, сондай-ақ, аяқ су жүргізуге арналған ұңғыма жұмыстарына, Дүр Оңғар, Бәйтерек көшелеріне жарық шамдарын орнатуға, бейнебақылау камераларына жөндеу жұмыстарын жүргізуге, Төретам кенті бойынша ұңғыма құдықтарын электрмен жабдықтау жұмыстарына қаражат бөлінген. Ал Қармақшы ауылы бойынша «Балбөбек» балабақшасының жылуын газға ауыстыру жұмыстарына қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ осы ауылда көнеден келе жатқан жел диірменін сақтап қалу мақсатында аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, қалпына келтіру жұмыстары жасалды.

Әкімнің ел ішіндегі жиі жұмыс сапары тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің уақытылы шешімін табуына зор ықпал етуде. Аудан әкімі Жандос Еркінбек тұрғындардың ұсынысын тыңдай келе алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін барша жерлестер бірлесе отырып, білек сыбана іске кірісуі керек деп түйді.

Биыл Көмекбаев, Алдашбай ахун ауылдары бойынша халықтың күнделікті тұтынатын ауызсу мәселесі шешіліп, су құбырлары қайта жаңғыртудан өткізілді. Енді Көмекбаев ауылындағы №18 «Қуаныш» бөбекжайының қазандық ғимаратын салу, Қуаңдария, Алдашбай ахун, Тұрмағамбет ауылдарында балаларға арналған спорттық ойын алаңдарын жасату, аталмыш ауылдардағы бірқатар көшеге күрделі, орташа жөндеу мен жарықтандыру жұмыстарына қаржы қаралып отыр. Ең маңыздысы халықтың денсаулығын жақсартуда Тұрмағамбет ауылында жаңадан амбулаториялық бекеттің құрылысы жүруде. Келер жылы нысан толықтай пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Кездесуде ауыл тұрғындары ең басты мәселе аяқсу тапшылығын алға тартып көтерді. Аудан әкімі  Жандос Еркінбек Көмекбаев ауылдық округіндегі «Қарақ» және «Қоңыраулы» учаскесінде су шаруашылығы жұмыстарын жүргізу, Тұрмағамбет ауылын көгалдандыру мақсатында дизельді мотопомпа су насоспен қамтамасыз ету, Алдашбай ахун мен Қуаңдария ауылдарын көгалдандыру мақсатында аяқсу жіберу жұмыстарына қаржы қаралғандығын және аталмыш жұмыстар толықтай жүргізілетіндігін, қаралған қаржылардың мақсатты жұмсалуы өз бақылауында болатынын айтты.

Екі мыңнан астам халқы бар Ақжар ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмысы бүгінгі күні қарқынды жүруде. Аудан әкімі нысанды көру барысында ауыл әкіміне сапалы жұмыстың жүруін қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарымен кездесуде Ж.Жабаев, А.Құнанбаев көшелеріне орташа жөндеу, елді мекендегі электр желілерін жаңғыртуға және қосалқы стансаны кеңейту жұмыстарына, балалар ойын және спорт алаңын орнатуға аудан бюджетінен қаржы бөлінгенін айтты.

Ал Ақтөбе ауылдық округі бойынша биылғы жылға 10 жоба нақтыланып, бюджет есебінен қаржысы қаралған. Мұнымен бірге ауылдағы Т.Салқынбайұлы көшесін орташа жөндеу, Балжарма каналы маңындағы Мүсірбаев көшесінен №3-ТВ техникалық су ұңғымасын бұрғылау, Б.Қасқырбаев, Мүсірбаев, Сейтенов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарына жоба-сметалық құжаттама әзірлеу, балалар ойын алаңын абаттандыру, Ы.Алтынсарин, Н.Сералиев, Кеңсе, А.Иманов көшелерінің құжаттамаларын жасату жұмыстары қаржыландырылып отыр.
Аудан басшысы Жандос Еркінбекұлы ІІІ Интернационал ауылының халқымен кездесуде биылғы жылы құрылысы басталған спорт кешені, Астана көшесінің орташа жөндеу жұмыстары, елді мекенде электр желілерін жаңғырту және қосалқы стансасын кеңейту, ауыл көшелеріне жол белгілерін орнату бойынша жұмыстарға тоқталды. Тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдап, жеке мәселелер бойынша қабылдау өткізді.
Биыл Жаңажол ауылында да ауқымды жобалар жүзеге асуда. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында спорт кешені мен дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде. Мұнан бөлек, ауылдарды абаттандыру және көшелерді жарықтандыру, әкімшілік ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары мен бильбордтар орналастыруға аудандық бюджеттен қосымша қаражат бөлінгендігін жеткізді.

– Қазынадан бөлінген әрбір тиынның сұрауы бар. Бөлінген қаржының өз орнымен халық игілігіне жұмсалуы тікелей өзімнің қатаң бақылауымда болады. Ауылдарда оң өзгерістер бар. Алдағы уақытта біз ауқымды жұмыстарды жүзеге асыратын болсақ ол тек халықтың қолдауының арқасы, – деді аудан әкімі.

Аудан басшысы Жандос Еркінбек елді мекендерде есеп беруін Иіркөл мен Жосалы ауылдық округінде қорытындылады. Тұрғындармен еркін форматта өткен кездесуде атқарған жұмыстарын саралады. Иіркөл ауылында аудандық бюджет есебінен балалалар ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ Жаңатұрмыс, Қазақстан, Е.Құрманбаев көшелерін жарықтандыруға жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы қаралған. Ал Жосалы ауылы бойынша 9 жоба қолға алынып, Жеңіс пен П.Байшораұлы көшесіне жарықтандыру және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Аудан басшысы кездесуді «Ел ортақ. Барлығымыздың туған жеріміз ортақ. Жұмылған жұдырықтай болып, бір-бірімізге қолдау білдіріп, әрқайсысымыз жан-жаққа тартпай бір бағытта жұмыс жасағанда ғана біз жетістікке жететін боламыз. Ел қызметінде жүрген біздерге халықтың қолдауы маңызды. Бірлігіміз бекем болса, берекеміз артарына бек сенемін» деп түйіндеді. Аталған ауылдардағы үлкендік жолынан жаңылмаған ақылшы ақсақалдар елім деп еңбектеніп жүрген  перзентіне ақ батасын беріп, тілектестігін білдірді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
23 қыркүйек 2023 ж. 318 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (10338)

14 қыркүйек 2024 ж.

№72 (10337)

10 қыркүйек 2024 ж.

№71 (10336)

07 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 1 586

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30