Сүйіспеншіліктен басталған сүйікті іс
Бүгінде ауданымыздағы кәсіпкерлікке бет бұрған тұрғындарға қайтарымсыз грант негізіндегі қаржылар, жеңілдетілген несиелер бөлу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Осылайша адалдық пен ерінбей еңбек етуді мақсат еткендер шағын кәсіптен-ақ көктеп, көгеріп отыр. Соның бірі Төретам кентінің тұрғыны – Бибігүл Жылкелдиева. Ол бүгінде шағын наубайхана ашып, нан өнімдерін жергілікті халыққа ұсынуда.
«Жас келсе, іске» демекші, ерінбеген адам табыстың көзін табады. Бибігүл бойындағы жастық жалынын жұмысқа, кәсіпке қарай арнағанды жөн көреді. Бала күнінен анасының тәтті тоқашына үйреніп өскен оған бұл іс еш қиындық туғызбай, керісінше одан әрі дамытуды ойлайды. Өткен жылы бизнес-идеялар негізіндегі мемлекеттік«Ұлттық жоба» шеңберінде грантқа қатысып, қайтарымсыз қаражат алады. Алған қаражатына қажетті құрал-жабдықтарын алып, вокзал маңындағы шағын дүңгіршек пен жанындағы 2 бөлмелі жерді наубайхана қылады. Содан бері шағын кәсібін дөңгелетіп, кент тұрғындарын тәтті нанмен қуантып отыр.
– Өзім біраз уақыт жұмыссыз отырдым. Үйде қарап отырмай кондитерлік өнімді өздігімнен үйрендім, қыздарыма да үйреттім. Сол уақыттан бері түрлі тәттілерді пісіріп, тапсырыс қабылдап жүрдім. Былтыр Бибігүлім «Кәсіп бастайық, тәуекел етейік» деген тілегіне ата-ана ретінде қолдау көрсетіп, қызымыздың бастамасына қуана келістік. Жолдасым Серікбай қазірде зейнеткер. Осы нан өнімдеріне қажетті заттарды алып көмектеседі. Өзім 4 баланың анасымын. Ұлым Талғат Байқоңыр қаласында жұмыс істейді. Индирам биыл Астанадағы ЕҰУ оқуға түсті. Кенже қызымыз Іңкәр 2 сыныпта оқиды, – дейді анасы Марзия апай.
Қазір қалада болсын, ауылда болсын, азық-түлік дүкендері мен сауда орындарының ішінде сұранысқа ие тауарлардың бірінші тізімін күнделікті тұтынатын нан және нан өнімдері құрайды. Ал сапасы жоғары нан-тоқашқа тұтынушылар тарапынан сұраныс күннен-күнге артып келеді. Себебі таңертеңгілік күйбің тіршілікпен таңғы ас ішіп үлгермегендер осындай тәтті нанмен жүрек жалғап алады.
– Мемлекет басшысы әрдайым өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет деген ойға басымдық береді. Сол себепті де түрлі бағдарлама қолға алынып, қарапайым жанның кәсіпкер атануына, ал кәсіпкердің өз ісін одан әрі үлкейтуіне жағдай жасалуда. Сондықтан халық қолда бар мүмкіндіктен айырылып қалмай, қажетіне жарата білсе деймін. Осы жерді алар кезде біздің алдымыздағы кісілердің біраз заттары болды. Қолданылған пештері бар-ды. Бірақ жаңа кәсіпті жаңа заттармен бастағанды дұрыс көрдім. Пештерді арнайы Алматыдан алдырдық. Тек қана нан өнімдерін дайындап қоймай, жартылай фабрикатталған заттарға да тапсырыс қабылдаймыз. Сонымен қатар, пирожки, бәліш, қалаш, жұмсақ көп рогалики, бал тортын әзірлейміз. Фаст-фудтың ішінен бургер, ход-дог, донер, пицца секілді түрлерін дайындап сатамыз. Орталық жер болғандықтан адамның қарасы үзілмейді. Мұнымен қоса дүкендерге де өткіземіз. Аллаға шүкір, ақырындап алға жылжып келеміз. Келешекте осы кәсібімізді кеңейту жоспарда бар, – дейді кәсіп иесі.
Наубайхана өнімдері тұтынушы тарапынан жоғары бағалануда. Тұрақты тапсырыс беретін тұрғындармен қоса сұраныс саны күннен-күнге көбеюде. Ең бастысы, дайындалған өнім сөреде тұрып қалмайды. Ал баға – қолжетімді, сапа – көңілге қонымды. Кәсіп қылған адам қашанда жетістікке, мақсатына жетеді. Оны көзімізбен көріп келеміз. Ебін тауып әрекет етсеңіз, кәсіпті дөңгелетіп әкетуге болады. Әркім тек өзіне ыңғайлы, бейіміне қарай еңбек етсе болғаны.
Ақнұр САҒЫНТАЙ