Кентте келелі істер көп

Уақыт дегенің бір орнында тұрмайтынын кейде осындай бір өзгерістерге куә болғанда біліп жатамыз. Ол түгілі жақын туысыңның жаңа үйге кіргенін барып көргенде білмесең, басқа уақытта бейхабармыз. Сол секілді кентіміздің көрікті жерін аралағанда білгеніміз рас. Жыл өткен сайын ауданда инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Жол, жарық, ауыз су мәселесі әр жыл сайын кезең-кезеңімен орындалуда.
Бүгінде кент ішінде тозығы жеткен кей көшелердің келбеті жақсы. Аудан әкімінің қолдауымен тұрғындардың көкейінде жүрген жол мәселесінің түйіні шешіліп келеді. Бір кездері көшеміз нашар, жауын жауса лай батпаққа айналады дегендердің қазір алғысын алып жүр.
Биыл Жосалы кентіндегі темір жол өткелінің арғы бетіндегі бірқатар көше қайта жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілуде. Атап айтқанда, Сәрке батыр, Тырнақбаев, Батыс, Батыс тұйығы, Жамбыл көшелері толықтай асфальтталып қалыпқа келтірілген. Ал Бәйтереков, Жангелдин, Мәметова көшелеріне қиыршық тас төселіп, асфальттауға дайын тұр. Жаңартылған жолдың жайына қуанған көше тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Аудан әкімдігіне алғаусыз алғыстарын жарыса жеткізуде.
– Бұрын кентте өзгенің көшесі жөнеуден өтсе қызыға қарайтынбыз. Біздің де көшеміз қашан оңалар екен деген тілегіміз әлі күнге дейін көкейімізде тұрды. Себебі қыста қар мен жаздың жаңбырына жолымыз суға малынып, ұзаққа дейін батпақ болатын. Қазір шүкір ол күндер артты қалды. Көшемізге тас төселгеннен малақайымызды аспанға атып қуандық, – дейді Сәрке батыр көшесінің тұрғыны Қайрат Әлібаев.
Кенттің арғы бетінде шешімін тапқан тағы бір үлкен мәселе түнгі қауіпсіздік. Осы тұрғыда Ысқақов, Қайырбекұлы, Наметша, Мұстафа Шоқай, Томанов, Мүсірбаев, Жаназаров көшелеріне түнгі жарық қойылды. Қазіргі таңда кенттің келбетіне сән беріп, ажарын айшықтап тұр. Ең маңыздысы көше тұрғындары «жолымыз түнде жарық, балаларымыз мектептен қорықпай қайта алады» деп көңілдегі уайымның сейілгенін айтуда. Тұрғындардың бұлай деуінің өзіндік себебі де бар. Қазір жастар арасында топтық төбелестің қараңғы көшелерде орын алуы жиілеп кеткен. Осыдан кейін ата-ананың балаға деген алаңы басым. Енді бұл мәселенің де шешімі кезеңімен орындалып отыр.
– Көптен күткен түнгі жарық мәселесі көшемізде шешімін тапты. Оған көршілер болып қуанып жатырмыз. Көшемізде үлкен кісілер көп тұрады. Кешқұрым бір-біріміздің хал-жағдайымызды сұрап барғанда қараңғылық жолымызға кедергі келтіреді. Одан бөлек дүкенге де шығып тұрамыз. Қысты күні кеш ерте түседі. Балаларымыз сабақтан қайтады. Сол кезде қараңғыға қалып қойса уайымдап отырамыз. Осындай кезде жарықтың көмегі қатты қажет. Тұрғындардың қамын ойлап, үлкен іс жасап отырған аудан әкімдігіне алғысымыз шексіз, – дейді кент тұрғыны Күләш Бисембаева.
Ел игілігі үшін жасалып жатқан ілкімді істердің қатары мұнымен бітпек емес. Жосалы кенті әкімінің орынбасары Бақытбек Жылтыров аудан экономикасын дамытуда жыл аяғына дейін қолға алған жоспарлар әлі де жалғасын табатынын сөз етті.
– Биыл Жосалы кентінде біраз ауқымды істердің басы қайырылды. Әрбір жоба жоспарға сай кезегімен орындалуда. Мәселен, осы жылы кенттің арғы бетіне көп басымдық бердік. Тұрғындардың өтініштерін де назардан тыс қалдырмадық. Жарығы жоқ көшелерге жарық орнатылыпп, жолдары асфальтталды. Атап айтсам, Томанов, Мүсірбаев, Мұстафа Шоқай көшелері бойынша 88 бағана ауыстырылып, жаңасы орнатылды. Басына 150 Вт жарық шамы қойылды. Ол бұрынғысына қарағанда екі есе жақсы жарық береді. Ал бергі беттегі Ораз ахун, Тырнақбаев, Құдабаев, Рүстембеков, Жанәділов көшелеріне де жарық шам бағаналары қойылды. Одан бөлек кентіміздегі Шығыс каналының бойына Томанов көшесінен Мүсірбаевқа дейінгі аралыққа жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Каналдың жағасы қоршалып, тұрғындардың демалуына орынтақтар мен қоқыс жәшігі қойылады. Егер тағы қаражат қаралып жатса, ойын алаңын салу жоспарда бар. Бұл жұмыстардың барлығы жыл аяғына дейін бітетін болады, – дейді ол.
Ерсін СӘДУҰЛЫ