Маңғыстау өңірінен сүйінші хабар
Ақтау қаласында өткен «Біз күн перзентіміз» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінде ауданымыздың перзенті Шыңғыс Алтайұлы бас жүлдені иеленіп, ел мерейін үстем етті.
Байқауға Қырғызстан мен Қытай елінен және еліміздің барлық аймағынан 220 өнерпаз бақ сынаса, оның ішінде «Халықтық орындау» номинациясына Алматы, Қызылорда, Петропавл және Ақтөбе облысынан 20-дан астам өнерпаз қатысқан. Байқаудың ережесі бойынша әр қатысушы екі туынды орындау қажет. Осы орайда Шыңғыс Құрманғазы Сағырбайұлының «Бұлбұлы» мен Қаршыға Ахмедияровтың «Күткенде» күйін орындап, қазылар алқасының жоғары балына ие болған.
– Бұл фестивальге 3 ай дайындалдым. Жалпы домбыраны алты жасымда қолға алып, түрлі республикалық және халықаралық байқауларға қатысып келемін. Кешегі байқауға да жақсы дайындықпен келгенімнің нәтижесінде бас жүлдені қанжығаға байладық. Оған өз сенімім жоғары болды, – дейді Шыңғыс Алтайұлы.
Жас күйшінің бұған дейінгі жеңістерін ел біледі. Жыл басынан бергі облыстық байқауларда бас жүлдені қолдан бермеуде. Әрине жас талантты шыңдауда ұстазының еңбегі зор. Рыскүл Табынбаева шәкіртінен болашақта үлкен асулар күтетінін айтады.
– Шыңғыс өте алғыр бала. Домбырада ойнауы ерекше. Онымен бірге дайындықта жүргеніме де жеті жылға жуықтапты. Кешегі Ақтауда өткен жарыста қатты уайымдап, тақымымды қысқаным рас. Себебі күй атасы Құрманғазының шыққан жері Батыс Қазақстан өңірі болғандықтан ол жақта сен тұр мен атайын дейтін нағыз қара домбыраны серік еткен жас күйшілер жетерлік. Оны жарысқа барып жүргенде көп көріп жүрдім. Соны ойлап аздап қобалжыдым. Алайда бас жүлдеден хабар келгенде қатты қуандым. Бүкіл облыстың ішінде Сыр елінің атын шығару мен үшін үлкен абырой, – дейді ұстазы.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ