Жас жыршылар жарқылы
Көшеней жырау – көңіл арнасын жыр атты өзенге бұрып, өмір достығын қатарластарымен қазынадай бөліскен, текті жердің топырағында талайлармен тел өскен, бел мен белестен қатарласа өтіп, қасиет құндаған, дүние үнін тыңдаған, тебіреніс жүректі, ел тіректі ұзан жыраулардың жалғасы еді.
Жуырда аудан әкімдігінің қолдауымен К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің ұйымдастыруымен даңғайыр жыраулар Жиенбай, Рүстембектердің мұрагер ұрпағы, жыр жампозы Көшеней Рүстембековтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақтың күміс көмей Көшенейі» атты облыстық жас жыршылар байқауы өтті.
Оны аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов ашып, Көшеней жырау жайлы ой толғамымен бөлісіп, жас жыршы-термешілерге сәттілік тіледі. Көмейінен жыр төгілген өнерпаздардың өнеріне белгілі жырау, «Мәдениет саласының үздігі», облыстық Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театры директорының орынбасары Серік Жақсығұлов, аудандық К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің директоры Айгерім Ешбаева, ақын, жырау, Қосжан жыраудың ұрпағы Қасарбек Кәрібаевтар қазылық жасады. Байқауда көршілес Арал, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласының дарынды жастары өзара бақ сынасты. Мұнда Сыр сүлейлерінің шығармаларын қазақтың қара домбырасында Сырдың сырлы мақам-саздарына салып нақышына келтіре орындап, сайыс көркін қыздыра түсті.
Кешке жиналған көрермендер өнеге мен өсиетке толы термелерді тұшына тыңдап, жыр жампоздарының өнеріне сүйсіне қол соқты. Өнерпаздар арасынан оқ бойы оза шапқан жалағаштық Думан Ахметов бас жүлдені қанжығасына байлады. Жүлделі І орынды жерлесіміз Малика Алдамжарова еншіледі. Ал ІІ орынға Арал ауданынан келген Әл-Фараби Жалғасов пен қармақшылық Руслан Өтегенов жайғасты. ІІІ орынды Қызылорда қаласынан келген Динар Рахман мен қармақшылық Алмат Азаматовтар өзара бөлісіп, арнайы Дипломдармен марапатталды.
Айта кетейік, бұл байқау дәстүрлі қалпын сақтап, биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отыр.
Ақнұр САҒЫНТАЙ