» » Тағдырына мойымаған

Тағдырына мойымаған

qarmaqshy-tany.kz Асқар ағаны бұрыннан сыртынан танитынмын. Еңселі, сөзі нық азаматтың ажары да келіскен. Қасына келгеннің ішін пыстырмайды. Сөйлеп тұрған кісі. Бұрыннан танитын едім дегенім, ағайдың ата-анасының үйі менің ет жақын туысқанымның көршісі болып келетін. Сайлау аға ауданға белгілі жүргізуші болса, Фазила апа атақты Нияз молданың ұрпағы. Осындай ата-ананың отбасында дүниеге келген Асекең ағамызды жақын тани бастаған уақытым – редакциядағы қызметіммен тығыз байланысты.
Соқырлар қоғамын басқарып тұрған кезінде көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, соған шақырылатынбыз. Зағип жан дардың ортасында жиі болып, олардың спорттық ойындарын, әсіресе шахматтан өтетін жарыстарын қызыға тамашалайтынбыз. Көз жанары әлсіз болса да, олардың ала тақтаның үстіндегі ойын арпалысын талай мәрте көз көрді. Оқырманымыз кім жайында айтпағымызды сезіп отырған шығар. Иә, бүгінгі әңгімеміз «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі «Жосалы» корпоративтік қорының президенті болған Асқар Қолдабеков турасында өрбімек.
А.Сайлауұлы Ақтөбе ауылында 1963 жылы дүниеге келді. 1970 жылы Жосалы кенті орталығындағы Ү.Томанов атындағы №183 орта мектептің табалдырығын аттап, оны 1980 жылы ойдағыдай аяқтайды. Мұнан соң №30 жылжымалы механикаландырылған колоннада құрылысшы-монтажшы болып қызмет атқарады. Араға 2 жыл салып, өз қатары секілді білім қуып, Алматыға жол тартады. Әсем қалада Зооветеринарлық институтына оқуға түсіп, «Ветеринар» мамандығын алады.
Талапты жастың одан арғы еңбек жолы аудандық ветеринарлық стансасында жалғасады. Әуеліде ветеринар-техник болып істесе, кейін келе Қорқыт бөлімшесінің басшысы болып тағайындалып, жауапкершілігі жоғары қызметті абыроймен алып жүреді.
Жас болса да Асекеңнің ұжым мен еңбекті ұйымдастырудағы қарымды қабілеті басшылық назарын аудартады. Ол аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің «Ветеринаракушер» бө лімшесін шеберлікпен басқарса, осы бөлімнің Жастар ұйымының жұмысын да дөңгелетіп алып кетеді.
Өкінішке қарай, қызмет сатысы өсіп, көтеріліп келе жатқанында әттеген-ай дерлік жағдай орын алады. Көз жанары күн санап әлсірей берген азамат денсаулығына байланысты өзі аттай қалап алған мамандығын тоқтатуына тура келді. Кейде қанша қимасақ та, Жаратушының ісіне мойын ұсынуға көндігетін кездер де кезігеді екен. Арыстай азаматтың да тепсе темір үзетін шағында қос бірдей шырағынан айырылып, көз алдының көмескіленіп бара жатқаны жанына батпады емес, батты. Бірақ ол мойымай, тағдырын да, алдынан шыққан кедергіні де тік тұрып қарсы алды. Аяқ-қолы сау, он екі мүшесі түгел талайға үлгі болды. Ешқашан еңсесінің түсіп, сағының сынғанын көрсеткен емес. Өмір деген жарықты бұрынғыдан да сүйе түсіп, жүрген жерін думанға айналдыратын. Адам басы қосылған жерде қолына гитарасын алып, қоңыр даусымен тыңдарманын елітіп ән салатын. Асекеңнің әншілігін білетіндер оған қалай да қолқа салған болар еді.
Арда азамат 1992 жылдан бастап 1-топ көз мүгедектігіне шықты. Осы жылдан бастап Қазақ соқырлар қоғамының мүшелігіне қабылданды. Ал, 2013 жылдан бері аудандық Зағиптар қоғамы негізінде «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Жосалы» корпоративтік қорын құрып, оның 2018 жылға дейін президенті болып еңбек етті. Оның іскерлігі, жұмысты ұйымдастырудағы қабілеті, білімі мен біліктілігі осы саланың дамуына игі әсерін тигізді. Осы қарымымен «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиал төрағасы қызметінде де аймаққа таныла білді. 2019 жылы Қызылорда оқу-өндірістік кәсіпорнының директоры болса, өмірінің соңына дейін «Қазақ соқырлар қоғамы» Қызылорда бастауыш ұйымының басшысы қызметін атқарды.
Асқар Сайлауұлының ұзақ жылғы еңбегі ескерусіз қалмады. 2014 жылы «Ауданның жыл үздігі» атанса, Астанада өткен «Жүрек жылуы» форумына делегат болып қатысты. Осы жылы облыста алғашқылардың бірі болып мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауда инватакси және жеке көмекшілік қызметін жеңіп алып, бірнеше қызметті қатар атқарып отырды. Жеткен жетістіктері үшін республикалық, облыстық, аудандық деңгейде түрлі марапатқа ие болды. Қор құрылғаннан бастап аудандық зағиптар қоғамы ұйымдастырған іс-шаралар және көз мүгедектеріне көрсетілетін материалдық көмектер бойынша да облыста маңдайалды орыннан көрініп келді.
Ағамыз отбасында қамқор әке атана білді. Саналы ғұмырында жары Сәнімай Әуесовамен ұлағатты ұрпақ өсіріп, бақытты отбасылық өмір кешті. Өзі ортамызда болмаса да, артында елі айта жүрер іргелі ісі қалды. Бұл да болса, көңілге медеу.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
30 тамыз 2023 ж. 507 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031