Ата заң — айқын жолымыз
qarmaqshy-tany.kz Әр елдің өзіне тән ережесі, заңы болатыны белгілі. Қай заманда болмасын елдің тыныштығы мен тәртібін ретке келтіру үшін оған қолданатын заңы, бағынатын ережесі болған. Міне, бүгін – мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі – Қазақстан Республикасы Конституциясы күні.
Конститутция - әрбір мемлекеттің басты заңы. Ата заң аясында қазақ халқының ұлттық намысы мен қадірқасиеті оянып, рухани құндылықтарымыз қайта оралды. Ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлеріміз бен төл мәдениетіміздің дамуына кең өріс ашылды. Ата заңымыз ел бірлігін және адамның ар-ұжданы мен абыройына қол сұғуға болмайтынын негіздеп, кемсітудің кез келген түріне тыйым салу арқылы ұлтымызды ортақ мүддеге жұмылдырады. Сондай-ақ, Конституция мемлекетіміздің берік іргетасын қалап, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қазақ қоғамын біріктіруге зор үлес қосты.
Аталмыш заң 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде тиімділігін дәлелдеп, сол күннен бастап тағдыр тоғыстырған көпұлтты халқымыздың татулығы мен тұрақтылығына тұғыр болып келеді. Ата заң – мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халықтың өзі екенін айқындады. Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Оған өткен жылы жалпы халықтың таңдауына берген референдум айқын дәлел бола алады.
Мемлекеттік мереке қарсаңында аудандық мәдениет үйінде «Ата заңым айбарым!» атты салтанатты ісшара өтті. Бірінші кезекте аудан әкімі Жандос Еркінбек құттықтау сөз сөйледі.
– Қазақстан Республикасының мемлекеттілігі негізінде – еліміздің бас ты төл құжаты Ата заңымызға биыл – 28 жыл. Халықаралық қауымдастықта лайықты орын алған Қазақстан бүгінгі күні биік белеске көтерілді. Бұл орайда Ата заңымыз мемлекетіміздің берік қалыптасуының басты кепілі ретінде қызмет етіп келеді. Конституция – қуатты мемлекеттің алтын арқауы. Барша аудан тұрғындарын мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң түрлі салада табысты ең бек етіп жүрген бірқатар қызметкерлерге аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Мерекеге орай еліміздің Ата заңы негізінде жұмыс істейтін аудандық сот мекемесі мамандарының пікіріне де құлақ түріп көрдік.
– Қазақ тарихында Ата заңдар – бірнешеу. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» болған. Осындай кезеңдерден кейін «Жеті жарғы» заңы қабылданған. Бұл – қазақ қоғамының дамуында аса бір ерекше орны, маңызы бар заң болды. Мұның барлығы – қазақтың әдетғұрып, салтдәстүріне, өмір тіршілігіне, көшпелі өміріне байланысты белгіленген. Дала заңдарының негізінде құқықтық мемлекет құру идеясы Қазақ даласында жүзеге аса бастады. Еліміз өз егемендігін алған соң бізде жаңа Конституция болды. Оның негізгі тірегі – халық бірлігі, қоғамдық жəне рухани келісім, саяси тұрақтылық секілді ерекше құндылықтарды құрайды. Мемлекет пен қоғамның орнықты дамуына жол ашқан Конституция экономикалық өрлеу мен азаматтардың əлауқатының артуын қамтамасыз етіп келеді, – дейді аудандық сот әкімшісінің бас маманы, сот отырысының хатшысы Телжан Өмірұлы.
Халықтың еркіндігін айшықтайтын бұл құжат өзінің нормалары, қағидаларымен ғана емес, бекітілген идеялары арқылы да қоғам мен мемлекетті өркениеті дамыған елдің қатарына жетелейді.
Қай елде, қай халықта болмасын, мейліңіз «ұлық болыңыз», мейліңіз «кішік болыңыз» заң алдында ешкім де ешқандай артықшылықтарын пайдалана алмайды. Бәрі бірдей. Бұқараға ортақ заң біздің болашағымызға айқын бағытбағдар береді, ізгі ниетті сара жолды сілтейді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ