» » Ақайлық атбегінің арғымағы

Ақайлық атбегінің арғымағы

qarmaqshy-tany.kz Ақайлық атбегі Асланбек Әбдіразақов ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан атбегілік ұлық өнердің мұрагері. Онымен бала жасынан айналысып келеді.
Жақында Ақай ауылына тілшілік тірлікпен сапарлап барғанымызда оның отбасында болдық.
Бізді жылы шыраймен қарсы алған оған келу мақсатымызды айтқан соң, ол бізді құдайы қонаққа теңеп, алдымен үйден дәм татып шығуымызды сұрады. Меңтай есімді отанасының жайған дастарқанындағы қымыз, құрт, ірімшік және басқа да ас мәзірінен дәм таттық та әрі қарай атбегінің бастауымен ауласындағы қорасына кірдік. Таза да жинақы қорада кісінеген жылқылардың дауысын естіген бізге күле қараған атбегі:
– Мына шетте бірінші тұрған ағылшын тектес, талай жарыстарда жүлдегер атанған «Тайбурыл» деген сәйгүлік, ал келесісі – ағылшын тұқымдас «Самал» атты жүйрік. Ол – облыстық, республикалық бәйгелердің жеңімпаз, жүлдегері. Әріректегісі – «Мұңтаза». Бұл сәйгүлік те талай ат бәйгенің көркін қыздырып, ел мерейін тасытқан. Ал енді мынау «Нарқасқа» атты неміс тұқымдас құнан. Биыл Қуаңдария ауылында өткен құнан бәйгеде жеңімпаз атанды. Наурыз мерекесіндегі ат жарыста да бірінші болып келді. Қазіргі таңда «Мені бәйгеге салсаң болады» дегендей, бабында тұрған құнан. Анау басын шұлғып тұрған ирландиялық «Жемчуг» пен өзі қатысқан халықаралық түрлі жарыста бәйгені ешкімге бермеген Тараздан шыққан атақты англоараб тұқымдас «Оқжетпес» есімді сәйгүліктің баласы «Қоянқасқа» бүгінде көпке қол жеткізбес жүйрік десем артық айтқандық емес. Мына тайға келсек, ол – «Жебе». Франко-араб жүйріктерімен будандасқан. Биыл бірнеше бәйгеге қатысып, бас жүлдеге ие болды, – деді бағымындағы сәйгүліктерімен таныстырған атбегі.

«Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» дегендей, А.Әділбекұлы жүйріктерінің бабын жасайтын көмекшілері туралы да айтып өтті. Алғашқы шабандоздың бірі Мирас бүгінде өзінен кейінгі ізбасарларының жаттықтырушысы екен. Мәди есімді тағы бір жаттықтырушы осы сәйгүліктердің бәйге алуына үлкен еңбек сіңіріп жүрген азамат. Ал, мектеп оқушылары Нұрмағамбет пен Ермұхамбет – шабандоз. Оның ішінде, Нұрмағамбет түрлі деңгейдегі ат жарысының үш дүркін жеңімпазы. Осы жерде айта кетерлік тағы бір жайт, Асланбек Ақай ауылындағы ат спорты федерациясының президенті болып ауыл атбегілерінің шешімімен бірауыздан сайланған екен.
Ауылымызда жылқы баптаумен айналысатын азаматтар жетерлік. Тұрғындар арасында атбегіліктің атасы атанған Сайлау ағамыз бен Әбдуәли, Әбдімәлік, Бауыржан сынды бауырларымыздың бағымында әрқайсысында 3­4 сәйгүліктен бар. Ауыл жастары арасында да жүйрік ұстап, осы кәсіпті жандандырып жүргендер аз емес. Әрине біз оларға қолдау көрсетіп, ақыл­кеңесімізді береміз. Қасымызға ертіп, атбегіліктің қырсырына қанықтырамыз. Федерация әсіресе жастарға қолдау көрсетуді алдына мақсат етіп қойған. Өйткені келешекте атбегілік аталар салт­дәстүрін жалғастыратын солар емес пе? Сонымен қатар, әр жылдың наурызында ауылда тай жарысын ұйымдастырамыз. Ол біздің жас шабандоздарымызға, бәйгеге шабатын тайларымыздың алдағы ат жарыстарына дайындау есебінде өткізіледі. Жақында тағы да ауылішілік бәйге ұйымдастырмақшымыз. Ол алдағы уақытта Қармақшыда, Қызылордада өтетін үлкен ат бәйгесіне дайындық. Осындай тәрбиелік мәні зор істің нәтижесінде ауылдың біршама жастары осы кәсіпке бейімделіп, өздерін жұмыспен қамтып отыр. Тіпті ауылда жұмыссыз жүрген жастарды қасына тартып, атбегілік кәсіпке бейімделуіне көмек көрсетуде, – дейді Асланбек.

Қазақ халқы жылқыға «Төрт түліктің төресі» деп баға берген. Жылқы, оның ішінде жүйрік ат туралы сөз қозғалғанда осы кәсіп иелерінің делебелері қозып, рухтанып кетеді.
Біз Асланбекпен әңгімелесіп тұрғанда жанымызға өзін Әбдуәли деп таныстырған орта жастағы азамат келіп, әңгімемізге қосылды.
– Манадан бері екеуіңіздің жылқы туралы әңгімелеріңізді тыңдап тұрдым. Бірақ шыдамадым. Жылқы, оның ішінде жүйріктер жайлы әңгіме естігенде менің делебем қозып кетеді. Ренжімеңіздер. Шыдай алмадым, – деп әңгімесін жалғастырып кетті.
– Мен де қармақшылықпын. Қуаңдария елді мекеніненмін. Туған әкем Жалғас та, оның әкесі де атбегі болған. Биыл Ақайға қоныс аударғаныма 20 жыл болыпты. «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» дегендей, мен де бала жасымнан жүйрікке жақын болып өстім. Бала кезімнен бәйгеге шаптым. Ақай ауылында атбегілікті кәсіп еткен азаматтар жетерлік екен. Арасында үлкен кісілер де бар. Міндетті түрде олар біздің ісімізге араласып, салт­дәстүріміздің одан әрі жалғасуына қолдау көрсетіп тұрады. Біз үшін ағалардың ақылкеңесі, бағыт­бағдары өте маңызды. Кейде атымызды да жаратып береді. Біз ақайлық атбегілер отбасымызбен араласамыз. Мен бүгін Асланбектің «Самалының» тұяғын тағалауға келіп, сендермен дидарласып отырмын. Жаттықтырушылар мен шабандоздар келген екен. Оларға да көрген­білгенімді, өмірден түйгенімді сабақ ретінде айтамын. Үш ағылшын, бір араб тұқымдас «Жүлдегер», «Бұйрық» және «Самғау», «Мулат» атты жүйріктерім бар. Бәрі де бәйге шауып, жүлдегер атанған сәйгүліктер. Оларға балаларым Данияр, Мадияр қарайды, Нұрділда есімді балам мен немерем Әбдусадық шабандоздық жасайды, – деді атбегі Әбдуәли.
Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, адамзат баласының қоғамдағы орны қашанда ерекше, абыройы биік. Қазақ ұрпағы ертеден мал бағып, оның ырыздықнесібесі мен ырысына бөленген халық. Оның ішінде төрт­түліктің төресі саналатын жылқы ертеден қазақ баласына мінсе – көлік, сойса – азық, ішсе – сусын болған. Қазіргі таңда елімізде, оның ішінде Ақай ауылында төрт түлікті түлетіп, ауыл экономикасының өркендеуіне атсалысып жүрген шаруашылықтар да бар екенін айта кеткен жөн. Сондай шаруа қожалығының бірі – кейіпкеріміз Асланбек Әбдібекұлының «Асланбек» атты қожалығында жылқы өсіруден басқа Ресейден әкелінген 200­ге жуық асыл тұқымды қаз бар.
– Менің екінші хоббиім қаз асырау. Мұнымен де ай налысқаныма біраз жыл болды. Қаздарды арнайылап Ресейден алдырдым. Бұлар ерекше күтімді қажет ететін асыл тұқымдас құс. Олардың жемін де арнайылап Ресейден, еліміздің солтүстігінен алдырамын. Өніміне келсек, ертең еркектерін күзде семіртіп сатамын да, балапандарын келер жылға дейін өсіремін. Жұмыртқаларынан да пайда бар, шаруашылықта сауын жылқылар да бар, – дейді дәстүрді ұлықтаушы.
Қазір Ақай ауылында ат жаратып, бәйгеден озып, жүлде алып жүргендер арасында Асланбек Әбдіразақовтың орны бөлек. Ол ақайлық жас атбегілердің ұстазы, кешегі құрық көтерген сейіс аталардың ізбасары. Атадан әкеге, әкеден өзіне дарып, бүгінде ұрпақтарына сейістік өнердің қырсырын үйретіп жүрген атбегі. Зайыбы Меңтай Оралбекқызымен бірге үкілеп өсірген ұл­қызының тұңғышы Ислам – Тараз қаласында тұрады. Ол да әкесі сияқты атбегілікпен айналысады. Жамбыл облысы өңіріндегі атбегі, сейістерден дәріс алып, тәжірибе алмасып, оны туған ауылында жүзеге асыруға жұмыс істеуде. Одан кейінгі баласы Әбілмансұры да әке жолын ұстанған, қожалықтағы құстарды күтіп­бағу соның міндетінде. Ерасылы Байқоңыр қаласындағы мекемеде электрик болып жұмыс істейді. Шаруашылықтың электр желілерін реттеуді өз міндетіне алған маман. Ал, қызы Айбибі ауылдағы бөбекжай­бақшасында бала бағбаны болып еңбек етеді.

Нұрбай Жанәділов
20 тамыз 2023 ж. 438 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№74 (10339)

17 қыркүйек 2024 ж.

№73 (10338)

14 қыркүйек 2024 ж.

№72 (10337)

10 қыркүйек 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 1 639

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30