Ақайлық атбегі
«Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады» деген қазақ бәйгеге қосар жылқыны жаратуға ерекше мән берген. Нағыз атбегі «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығатын жануарды алыстан таниды. Дегенмен қазір қыл құйрықты жануарға қызығатын қалталы азаматтар көбейгенімен, мықты атбегілердің қатары сирек. Ал бүгінгі біздің ақайлық кейіпкер отбасымен жылқы десе алыстан-ақ тақымын қысатын жандар. Дәстүрді дәріптеген олар мемлекеттен қаржы алып, жылқы бордақыласа, ат жаратып бәйгеге де қосып жүр.
73 жасты алқымдаған Сайлау Жалғасбаласының жаратқан жүйріктері талай жүлдені қанжығаға байлатты. 20 жасынан бастап бәйгеге ат дайындап жүрген Аралдың тумасы Ақай ауылына 2013 жылы көшіп келген. Жастайынан ата-бабалары кәсіп еткен қой шаруашылығымен айналысқан. Көп жыл балық шаруашылығында инспектор, одан кейн Арал ауданында мал бордақылау алаңында мал бордақылап, тіршілігін ауылшаруашылығына арнаған ақсақал «Босағамды әлі бір бәйге ат кесіп өткен жоқ» дейді сөз арасында. Жасы келген соң бұл істі ұлы Бауыржан жалғастырып келеді.
– Қазір бәйгелерге ұлым, келінім, немерем өздері барып, жаратып әкеліп жатыр. Мен тек қуанышын көріп жүрмін. Алау есімді 2 жастағы құнанымыз биылдыққа 8 мәрте бәйгеге қосылды. Маусым айында балалар күніне арналған мерекеде Арал ауданы ат шаптырып, той жасады. Одан соң Қазалы ауданында да бәйге болып, соған қостық. Әр қиырдан жиналған жүйріктерді шаңқаптырды. Бұрын қазанатым болды. Бәйгеде ешбір сәйгүлікке дес бермейтін. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған, барлық атжарыста бірінші келді. Содан жер-жердегі жарыс жалғаса берді. Аралда мереке қарсаңында тойланған бәйгеге келдік. Жарысқа қосыла алмастан ауырып өліп кетті. Бұрын балаларым шапса, қазір 13 жастағы немерем Марғұлан шабандоз. 3 жылдан бері аттың құлағында ойнап келеді, – дейді Сайлау ата.
Мамыр айында өткен атжарыста Алау Ақайда өткен бәйгеде төртінші болып шауып келіпті. Ал облыс атынан Нұр-Сұлтанда қаласында өткен Президент кубогіне барып, онда 5-ші келіп, талайын шаңқаптырған.
Алау – 2 жаста. Атасы ақалтеке, таза қанды, иесіне 2-3 көлік мінгізген айғырдың баласы. Анасы да құлынымен қорада тұр. «Келінім сауып отыр, саумал, қымыздың дәмін татып отырмыз. Ұлым Бауыржан мемлекеттен қаржы алып, қазір мал бордақылаумен айналысуда. Ара-тұра бәйгеге ат қосып, ізімді жалғап жүр» дейді атбегі.
Жүйрікті жарату үшін оны ең алдымен шабатын күйге жеткізу керек. Әрі, қазақы жылқының ішінде әртүрлі жаратуды сүйетіні болады. Бәрін бір тәсілмен баптай алмайсың. Және әр жаттықтырушының баптау әдісі әртүрлі. Ал Сайлау атаның тәсілі қандай?
– Атбегілік – үлкен өнер. Егер бұл өнерді жоғалтып алсақ, қайта қалпына келтіру қиын. Мәселен, бокстан жаттықтырушы табылмаса, оны шетелден алдыртуға болады. Ал атбегіні әкеле алмайсың. Өйткені қазақтан артық аттың бабын білетін халық жоқ. Біз тұлпарды таңдап, сәйгүлікті сайлап мінген үлкендердің көзін көрдік. Олар жануарды сырт пішініне қарап-ақ танитын. Солардың арқасында жүйрікті жаратудың түрлі тәсілін меңгердік. Қазір тәжірибелі атбегілердің қатары сиреп барады. Ал жас жігіттердің көпшілігі ат жаратудың әдісін жетік білмейді. Осының салдарынан талай жүйріктің өліп кеткенін көрдік. Менің тәсілім бойынша алдымен атты семіртемін. Бұл уақытта жетектеп ойнатқаным болмаса, мініп, күш салмаймын. Аттың күшіне байланысты желе шоқыту керек. Осылай атты бірте-бірте арытады. Кейбір жануар арықтап болмайды. Мұндайда үнемі мініп, аттың аяғын кетіруден сақ болған жөн. Жалпы, нағыз бапкер жүйріктің арқасына ер тигізбейді. Жүйріктің терін алдыру, суыту, таң асыру әдістерінің де өз реті бар. Дұрыс суымай, тері алынбаған жүйріктің қаны бұзылып, ісініп кетеді. Жүйріктің күші – етінде. Біреулер өрге қарай жүргізіп, жылқының бұлшық етін шынықтырады. Ал жылқыға жаны ашымайтын адам аз уақытта атының аяғын кетіріп, қор қылады. Бабы келіскен сәйгүлік қашықтыққа бағынбайды. Оның ішінде қазақы жылқыдан шыққан жүйріктер жүз шақырымға дейін көсіліп шабады, – дейді атбегі.
Ілгеріде қазақы жылқыдан шыққан жүйріктің бір күн шапқаны таң асырғанмен, екі күн шапқаны бусандырғанмен тең болса, үшінші күні жүйрік көсіліп шабады екен. Бұндай шабыс жылқының қазанатында ғана кездеседі дейді ақсақал.
Иә, қазақ халқы қашаннан Қамбар ата ұрпағын қасиетті жануар қатарына қосқан. Тіпті, оны төрт түліктің піріне балап, перзентіндей мәпелеген. Ақай ауылының тұрғыны, жас кезінен мал шаруашылығына, оның ішінде жылқы бағуға өмірін арнаған Сайлау Жалғасбаласының есімі аймақ атбегілері мен шабандоздарына таныс. Қазір атқа ие болған баласы Бауыржан әке ізін жалғаса, оның ұлы, жас шабандоз Марғұлан да өсе келе ата жолын сабақтастырмақ.
Айнұр ӘЛИ
Сурет автордыкі