» » Азамат жолы – ар жолы

Азамат жолы – ар жолы

qarmaqshy-tany.kz Киелі Жосалы кенті талай дарын иелерін үкіліп өсіріп, олардың үлкен өмірге қанат қағуына себепші болған атамекен. Халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Асылы, адам өз өмірінің суретшісі. Ол өмірін сырлап, бояуға, оған ажар, түр беруге, тіпті әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді» деген даналық сөзі бар. Әрдайым осы бір жаныма жақын адамды яки көшеде, не басқа да жерде көргенімде жазушының адамдар туралы жоғарыда айтқан салихалы пайымы есіме түседі.

Рас, ол жүректен шыққан жыр жауһарларымен ел есінде қалған ақын да емес, күміс көмей жыршы яки адам арашасы дәрігер, талай шәкіртке білім сыйлаған ұстаз да емес. Ол шаруа отбасынан шыққан, елін сүйіп, еліне қызмет еткен, Жаратқанның сыйлаған өміріне риза болып, ұрпақ тәрбиелеп, қолдан келгенше туған елінің туын биікке желбіреткен қатардағы қарапайым азамат. Саналы ғұмырында көпті көріп, көкейіне түйген жан.

Міне, осындай құтты мекенде туып-өсіп, туған елінің өркендеуіне еңбегін сіңірген ардақты азаматтың бірі – Болатбек Сағымбаев.

Қазақ батыры Бауыржан Момышұлының «Адал болмай азаматпын демегін» деген өмірлік ұстанымын бойына сіңіріп өскен Болатбек Сағымбайтегі әкесі Қитарбек пен анасы Марияның құтты шаңырағында тәрбиеленген 9 ұл-қыздың бірі. Ол 1969 жылы мектепті тәмамдаған соң екі жыл ауылда еңбек етіп, содан кейін Отан алдындағы әскери борышын өтеуге Семей қаласына аттанады. Онда ол Семей атом сынақ полигонында әскери міндетін атқарып, елге оралады.

Семей атом сынақ полигоны қазақ халқына үлкен қасірет әкелгені белгілі. 1948 жылы ашылып, 1991 жылы жабылған полигонда 456 рет ядролық және термоядролық сынақ жүргізілген екен. Оның 116-сы ашық, яғни жер бетіндегі немесе әуе кеңістігінде жасалды. Тарихшылардың айтуынша полигонда әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болған екен.

Ұзақ жылдар бойы оның зардабын шеккен қазақстандықтардың шыдамы таусылып, 1989 жылы Семейдегі атом полигонын жабу мақсатындағы күресті бастауға ұйғарған «Невада-Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны ұйымдастырушы есімі елге танымал қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов болды. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі ұсынысты КСРО және АҚШ мемлекеттерінің Президенттеріне үндеу қабылданды.

Міне, сондай қасіретті аймақта әскери борышын өтеп, талай сынақты басынан өткерген жерлесіміз бүгінде тәуелсіз елде бейбіт өмір сүруде.
Болатбек Қитарбекұлы әскери қызметтен кейін Қызылорда қаласындағы арнайы политехникалық орта оқу орнында алған білімімен Байқоңыр қаласында сантехник, кейіннен Жосалы кентіндегі «ПМК-83» құрылыс-жол мекемесінде электрик, кран автокөлігін жүргізуші болып, ұзақ жыл абыройлы еңбек етеді.

Жас маман еңбек еткен жылдарда өзінің алған білімі мен тәжірибесін өміріне серік етіп, үлкен құрмет төрінен көрінеді. Елеулі еңбектері үшін де көптеген мадаққа ие болып, мерейі үстем болады.

Жылдар өте Болатбек ағамыздың еңбегін бағалап, аудан басшылары оны «ДОССАФ» мектебіне инструктор қызметіне, яғни жастарды көлік жүргізуге, басқа да салаға бейіндеп, олардың қоғамнан орнын сайлап алуына қызмет етуге жібереді. Ал, кейіннен ұжымдастары оны кәсіподақ төрағасы қызметіне сайлайды.

Міне, осындай қызметтерді атқара жүріп, ол көптеген игі бастамалардың жүзеге асуына мұрындық болады.

«Мен ауылдың қарапайым отбасында дүние дидарын ашып, мектепте білім алдым. Әскерге барып, азаматтық борышымды өтедім. «Байқоңыр қаласында, содан кейін Тұрлыбек Әлиасқаров деген ағамыз басқарған «ПМК80» мекемесінде автокран жүргізушісі, электрик болып жұмыс істедім. Берік Жұқалов, Асылбек Жұмабаев, сонымен бірге есімдері есімде қалмаған Саламасаев, Сенченко деген азаматтармен бірге ауданға қарасты елді мекен шаруашылықтарының егістігіне су айдайтын каналдарға тоспа салдық. Содан кейін ауданымыздың құрметті азаматы Аманкелді Ақжігітов ағамыз басқарған «ДОССАФ»-та инструктор, кейіннен кәсіподақ төрағасы болдым. Ұжымдастарым арасында абыройлы қызмет еттім деп ойлаймын. Мекемеде Сайлау, Райбек, Артем, Шегебай, тағы басқа да азаматтармен бірге абыройлы қызмет еттік», – дейді өткен өмірінен естелік айтқан Болатбек Қитарбекұлы.

Иә, «Өмір – дастан» демекші, кейіпкеріміздің өнегелі өмір жолы көпке үлгі. Болатбек Сағымбаев аудандағы «Невада-Семей» ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы және оны 20 жылдан астам уақыттан бері басқарып келеді. Сонымен қатар, аудандық ақсақалдар кеңесінің, «Аманат» партиясының бақылау комиссиясының белсенді мүшесі. Ағамыз аудандағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ұрпақ тәрбиесіне де бейжай қарамай, ел бірлігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген ел құрметтісі.

Ол осындай елеулі еңбегі үшін де жоғарғы билік тарапынан көптеген марапатпен мадақталды. Атап айтар болсақ, бүгінде оның омырауында «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл», Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты», «Семей полигонына 25-30 жыл» мерекелік медальдары және «Байқоңыр қаласының ардагері» төсбелгісіндей жиырмадан астам басқа да медаль-төсбелгілері жарқырайды. Сонымен бірге облыс, аудан әкімдіктерінен алған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары қаншама.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – дейді дана қазақ. Ауданымызды есімі елге белгілі қоғам қайртакері Биғали Қаюпов басқарып тұрған кез болатын. Бір күні ол кісінің қабылдауына жазылып, кірдім. Қабылдауда мені жылы қабылдап, әрі қарай аудан экономикасының нығаюы, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ілкімді істер жайында әңгімелестік. Сөз арасында мен «Невада-Семей» ардагерлері қоғамдық бірлестігі жайлы әңгіме қозғап, семейліктерге көрсетілетін көмектер жайында айттым. Нақтысын айтқанда, Семей сынақ полигонында әскери қызмет еткен азаматтарға көрсетілуге тиіс көмектер туралы. Менің сөзімді аяғына дейін тыңдаған аудан әкімі сол кездегі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділ Қошалақовқа телефон соғып, өзіне шақырды. Сәлден соң әкімге келген Әділ ініміз мәнжайды түсінген соң, мені өзімен ертіп кетіп, көмектесетінін айтты. Көмектесті де. Сонымен мен ауданда, тіпті облыста алғашқы болып, мемлекеттен көмек алдым. Одан кейін аудандағы бірлестік мүшелері де ала бастады. Ал, Сұлтан Мақашов ауданды басқарған жылдары ол азаматтың қолдауымен «Жастар» саябағында «Невада-Семей» полигоны мен «Чернобыль» апатына қатысушыларға арнап ескерткіш-белгі орнатылды. Жыл сайын атаулы мерекеде аудан әкімдігі мен аудандық қоғамдық даму бөлімінің және кәсіпкерлердің қолдауымен бірлестік мүшелері мен өмірден өткен азаматтарымыздың жесірлеріне құрмет көрсетілуде», – дейді бірлестік төрағасы Болат ағамыз.

Міне, осындай аудан тұрғындарына өнегелі өмір жолымен танылған Болат Қитарбекұлы жары, өмірінің барлық қиыншылық пен қызықты күндерінде жанында болып, қолдау көрсеткен, сауда саласының ардагері Нағипамен бірге құтты шаңырағында 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардың бақытын табуына еңбек сіңірді.

Қайраты Иіркөл ауылындағы шаруашылықта диқан болып еңбек етсе, оның жары Нұргүл балабақшада. Қызы Айгүл Алматыда тұрады. Қаладағы емдеу мекемесінде мейірбике, күйеубаласы Мейіржан кәсіпкер. Кіші қызы Ақзер де Алматы қаласындағы мектептің бірінде ұстаз, оның жары Ержан да білім саласында қызметте. Осындай ата-ана аманатын арқалап, тәуелсіз еліміздің ұланы атанған ұрпақтарынан 3 немере, 4 жиен сүйген Болатбек Қитарбекұлы бүгінде бақытты ата атанып отырған жайы бар.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
25 шілде 2023 ж. 662 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031