40 жылдан астам уақыт бір салада
qarmaqshy-tany.kz Санитарлық эпидемиологиялық сараптама орталығының қызметкерлерінің аудан экономикасының нығаюына, ел әлеуетінің артуына қосып келе жатқан қызметі де, үлесі де айрықша. Ал, осы орталықта 40 жылдан астам уақыт бойы еселі еңбегімен ел құрметіне бөленіп келе жатқан орталық басшысы Алпысбай Серкешбаевтың қосқан үлесі зор десек артық айтқандық емес.
Іскерлігімен, қызметке деген жауапкершілігімен ерекшеленіп, ұжымдастары мен жерлестерінің құрметіне бөленген Алпысбай Нұрмағамбетұлының өмір жолына тоқталсақ.
Ол талай дарын иелеріне құтты білім шаңырағы атанған №105 орта мектептен тәлімтәрбие алған. Мектеп бітірген соң алғашқы еңбек жолын комсомолдық жолдамамен механикалық зауытта жөндеуші болып бастайды. Екі жылдан кейін Чехословакия елінде Отан алдындағы азаматтық әскериинтернационалдық парызын атқарады. Әскери өнердің қырсырын терең меңгеріп, туған елге оралған жалынды жас жігіт алдымен Шымкент қаласындағы медициналық техникумда «Фелдьшерлік» мамандық бойынша арнаулы білім алып шыққаннан соң аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансасында дәрігердің көмекшісі болады. Ал, жылдар өте әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің «Эколог» мамандығы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Химия-биология» факультетін тәмамдайды.
«Еңбекке жүгірген жанның еншісін Алла береді» дейді даналар. Жас маман өзінің өміріне серік еткен мамандықты одан әрі меңгеруде тәжірибелі мамандардан тәлім алып, олардың еңбек жолын, үлгілі істерін санасына сіңіруде аянып қалмайды.
– Мені алғаш аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансаға жұмысқа қабылдаған Серікбай Аманжолов ағайым еді. Кейіннен ол кісі мен үшін ең қымбат адам, нағыз ұстазым болды. Әрдайым ол елді мекендерге іс сапарға барғанда қасына ертіп жүріп, жұмысты қалай істеу керек екенін үйретті. Ұстаздан алған тәлім-тәжірибем кейін сараптама орталығы жеке бөлініп шыққан кезде, яғни мен сол мекемеге директор болып тағайындалғанда көп көмегін тигізді. Сондай-ақ, Флорида Натметша, Зоя Қалиева, Бәтіш Мұғалова, Бердібек Кәріқұлов, Әлдебай Бөгетов сынды аға-апаларымнан тәжірибе алдым. Ал, бүгінде сондай атпал да ардақты жандардан алған өмірлік тәжірибемді Жандос Аппазов, Қайыржан Матжанов, Гүлнұр Асқарова, Гүлнар Ерсейітова сынды алғыр шәкірттеріме берудемін. Олардың арасында, атап айтқанда Шолпан Байманова, Бибіт Бидаш ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК облыстық филиалында жауапты қызметте жүр, – дейді ағамыз
Білікті сала маманы Алпысбай Серкешбаев қызметте сатылап өсті. 1999 жылы аудандық санитарлық-эпидемиологиялық стансасы бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары, ал 2003 жылдан бастап ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК облыстық филиалы аудандық бөлімшесінің басшысы қызметіне тағайындалды. Осы қызметті бүгінгі күнге дейін абыроймен атқарып келеді.
Саналы да ерікті еңбек қана адамды бақытқа кенелтеді. Көп еңбек еткен адамның бағы да биік, бабы да зор болады, оған бақыт басын иеді. Еңбекпен өсіпөнген ағамыздың ел алдындағы елеулі еңбегі түрлі марапаттармен бағаланған.
«Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деген ұғымды санасына сіңіріп өскен кейіпкеріміз әрдайым білімін жетілдіруде семинар мен конференцияларға қатысса, бірнеше рет облыс, республикалық біліктілік арттыру орталықтарында білімін жетілдірді. Мақалалары аудандық, салалық басылымдарда жарияланды.
Ол екі рет Мемлекет басшысының, бірнеше рет облыс, аудан әкімінің Алғыс хаттарына ие болса, аудан әкімдігінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, «Жоғары санатты санитарлықэпидемиологиялық қызметті ұйымдастырушы маман» атағына ие болды.
Білікті маман Қазақстан дәрігерлері мен провизаторларының ІІ съезіне, бірнеше рет республикалық салалық конференцияларға делегат болып қатысса, оның есімі Қазақстан Республикасының үздік медицина қызметкерлеріне арналған кітапқа енгізілді.
Алпысбай Нұрмағамбетұлы ауданда болып жатқан қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып жүрген азамат. Ол аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы және аудан әкімінің мүгедектер мәселесі бойынша кеңесшісі қызметін атқарып жүрген жылдарда мүмкіндігі шектеулі жандарға көмегін көрсетіп, олардың қоғамнан өз орнын сайлап алуына қолдау көрсетті. Аудандық қоғамдық кеңес мүшесі ретінде де өңір тұрғындарының мүддесін қорғауда көптеген бастамалардың басы-қасында жүріп, олардың орындалуын жүзеге асыруға ықпал етті.
Аудан тұрғындарының санитарлық - эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында 40 жыл аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен, тағаммен қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, жұқпалы, паразиттік, кәсіптік аурулардың алдын алуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына айтарлықтай үлесін қосты.
Отбасы өмірді кемеліне келтіреді, бақыт әкелетіні рас. Алпысбай Серкешбаев отбасылық өмірде де бақытын тапқан азамат. Ол өмірлік жары Гүлбанумен бірге 4 ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. Бүгінде үкілеп өсірген ұрпақтарының барлығы да жоғары білімді. Бақытжаны теміржолшы болса, Бауыржаны заңгер-кәсіпкер. Әлиясы Қызылордадағы «Еуразиялық» банкте бөлім меңгеруші, ал Әзизасы аудан орталығындағы «Халықтық банктің» бөлімшесінде қызмет етеді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ