» » Өмірі — өнеге

Өмірі — өнеге

qarmaqshy-tany.kz Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі, жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі. Ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып тер төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрібәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан ұстазға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы – жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі ұстаздық ету екені ақиқат. Өйткені бұл мамандық иелерінің мойнына ешнәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай бүлдіршіннің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие ұрығын егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген.

Міне, осындай ардақты есімді 40 жылдан астам уақыт саналы өміріне серік еткен ардақты жандардың бірі – Жосалы кентінің тумасы, ұлағатты ұстаз, Астана қаласының тұрғыны Исламбек Айекенов.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылының басында Ұлы Отан соғысы және ішкі істер саласының ардагері Сәдібек әкеміз бен Жәмиләш анамыздың отбасында дүние дидарын ашқан ол аудан орталығындағы М.Фрунзе атындағы №27 орта мектепте білім алады. Содан соң, өз қатарластары сияқты комсомолдық жолдамамен «Межколхозстрой» құрылыс мекемесінде еңбек жолын бастап, бір жылдан соң Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың дайындық курсында, одан әрі жоғары оқу орнының «Тарих және құқық» пәні мамандығын алып шығады.

Жас маман ұстаздық қызметін алдымен аудан орталығындағы №183 орта мектепте бастаса, Отан алдындағы азаматтық әскери борышын өтеп келген соң ұстаздық қызметті №27 орта мектепте жалғастырады.
«Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға», – деп ақын Абай айтқандай, ұлағатты ұстаз Исламбек Сәдібекұлының білім саласын дамытуға қосқан елеулі қызметіне де 40 жылдан асты.

«Ақылды жігіт атқа да мінер, таққа да мінер», – дейді дана қазақ. Қиын да қызықшылығы мол ұстаздық еткен жылдарында түрлі қызметтік сатылардан өтті. Ол қатардағы мұғалімдіктен бастап, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, аудандық білім бөлімінің инспекторы, мектеп директоры, аудан әкімінің орынбасары, аудандық білім бөлімінің басшысы, аудандық аграрлық-техникалық колледжінің директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Өңір экономикасы мен тұрғындар әлеуетін арттыруда көптеген игі бастамалардың басықасында болды. Ел-жұрттың мүддесіне арналған жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетті. Міне, осындай тындырымды тірліктердің бастамашысы болған жерлесіміз қазіргі таңда Астана қаласында ұстаз мамандығы бойынша шәкірттерге тәлім-тәрбие беруде.

– Мен бар саналы өмірімді білім саласына арнаған жанмын. Ата-анамнан алған тәрбие мен ұстаздарым берген тәліммен өсіп-өндім. Ұстаздық қызметте көптеген аға буын өкілдерінен тәлім алдым. Өзім де шәкірт тәрбиелеп, олардың қоғамнан орын алуға еңбек сіңірдім. «Адам болар жігіттің жары өзіне лайық, керуен бастар жігіттің нары өзіне лайық» деп даналар айтқандай, өзім сүрген өмірдің қиыншылығы мен қызықты кезеңін бірге өткеріп келе жатқан жарымды да осы ұстаздық қызметімде таптым. Ұрпақ өсірдік, саналы өмірін білім саласына арнап, бүгінде құрметті зейнеткерлік демалыста отырған, ендігі өмірін немерелерінің өсіп-жетілуіне арнаған өмірлік жарым – Шолпанмен бірге үкілеп өсірген ұрпақтарымнан 10 немере сүйіп, олардың қызықты да шаттыққа толы өміріне шаттанып отырған жайым бар, – дейді Исламбек Сәдібекұлы.

«Кемер белбеу – бел сәні, кемел жігіт – ел сәні» дегендей, ұлағатты ұстаз ағамыз елімізде білім саласының дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін білім саласы қызметкерлерінің ең жоғары наградасы – «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін омырауына тақса, ұстаздар қауымы үшін ең бір мәртебелі атақ – «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері атанды. Сонымен қатар ол «Тәуелсіздікке – 10, 20 жыл» мерекелік, басқа да салалық медальдармен марапатталды. Облыс, аудан әкімдіктерінің, республикалық, облыстық, аудандық салалық басшылықтың Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен мадақталды.

Жоғарыда айтқанымыздай, жерлесіміз зайыбы Шолпан Ермановамен бірге үкілеп өсірген ұлдарының үлкені – Бақытжан Астана қаласындағы ҚРның Бас прокуратурасы басқармасының басшысы, Нұржаны ҚР Бас прокуратурасына қарасты Көлік прокуратурасында аға прокурор болып қызмет етеді. Ал Батыржан Астана қалалық ішкі істер департаментіне қарасты басқарма бастығының орынбасары, кіші ұлы Әбілқайыр ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасында оперативтік топтың аға қызметкері.

– «Қасиетіңнен айналайын Қармақшым, сенен шықты бар жақсым» дегендей, сенің әрбір тасың маған қымбат. Құмың мен түтінің ыстық. Туып-өскен ауылымнан жырақта жүрсем де сен мен үшін сүйікті Отанымсың. Сырдария өзенінің суын ішіп, ауасын жұттым. Дос таптым, қызмет еттім. Мен бақыттымын. Туған жерден жырақта жүрген көптеген қармақшылық сені атамекен деп біледі. Сенен барша мұсылман қауымының абызы Қорқыт баба, үш жүздің пірі Марал ишан мәңгілік пана тапты. Мен де сенің бір перзентіңмін. Сол үшін де өзімді бақытты санаймын, – дейді Исламбек ағамыз.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
15 маусым 2023 ж. 848 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (10386)

08 наурыз 2025 ж.

№17 (10385)

04 наурыз 2025 ж.

№16 (10384)

01 наурыз 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 479
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31