«Адамдар қуанса деп тұрамын»
qarmaqshy-tany.kz Еңбекті әркім де істейді, бірақ абыроймен істеу бір бөлек. Сол еңбектің бейнетін арқалап, зейнетке шыққан кезде де үйде отырып қалмай, көптің арасында болу ол да өзінше бір мәртебе. Отбасын қатар алып жүріп, негізгі және қоғамдық жұмысты қоса атқару – жаны нәзік әйелге жеңіл тисін бе?! Дегенмен, ондай аналарымыз ортамызда жүр. Оның бірі – ардагер ұстаз, Ақжар ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Рая Жөнейтова. Бүгінгі сұқбатымыз қоғам белсендісімен өрбімек.
– Рая Қайырқызы, қай жерде туып-өстіңіз, еңбек жолыңыздан да аз-кем айтып өтсеңіз?
– Жосалыда туып-өскенмін. Ш.Уәлиханов атындағы №26 білім ордасын бітіргенмін. Еңбек жолымды осы мектепте тәлімгер болып бастадым. Сол кездегі мықты-мықты ұстаздармен жақын араласып, бірге қызмет еткенімді марқая айта аламын. Мектеп директоры Әбдуали Жаназаров ағайдың өзінен үйренгенім қаншама. Сауатты жазу – соның бірі. Ағай алдында отыратын хатшы қыздың жазған қағазында үтір, нүктеден қате кетсе де құжатын қабылдамай кері қайтаратын. Бірақ осы талаптан соң ол қыз кейін өте сауатты жазатын болды. Әрбір қағазына жауаппен қарайтын. Ағайды біз галстугіміз желбіреп, есіктің алдында сағат жеті жарымда күтіп тұратынбыз. Зада Тілеуқабылова, Шыназкүл Шаймаханова деген апайлар болды, аға тәлімгерлер. Директордың бір көзқарасынан-ақ жинақтала бастайтынбыз. Ол бізге «Мынау дұрыс емес» демейді. Сонда да болса, бізге қарамаса екен, көзін салмаса екен деп іштей тілейтінбіз. Осы тәртіпке қалыптастық. Мектептің сол кездегі білімді де білікті мұғалімдерімен бірге еңбек еткеніме бойымды мақтаныш сезімі билейді. Сөйтіп жүріп, қалада дайындық курсынан өтіп, педагогикалық жоғары оқу орнының «Физика-математика» факультетінің «Физика» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Педагог ретіндегі алғашқы еңбек жолым Ақжар ауылында басталды. Онда әдістемелік қағаздарымызды сиямен жазатынбыз. Қызыл шүберекке журналдардың қиындыларын жабыстырып, қабырға газетін шығаратынбыз. Иә, ол да бір сол кездің ерекшелігі екен. Жолдамамен тәжірибеден өткенде оқушыларым үйіме қайта-қайта келіп, «Біздің ауылға келіңізші, бізге мұғалім болыңызшы» деп айта бергесін, солардың көңілін қимай №27 мектепке алған жолдамамды Ақжардағы №28 мектепке қайтадан ауыстырып алдым. Бүгінде әкем өмірден кетіп қалды ғой. Сол кісі менің шешіміме қатты ренжіп, жібергісі келмеді. Дегенмен, 1980 жылды әлі ұмытпаймын. 1 қыркүйекте Ақжарға келіп, ұстаздық қызметімді бастадым. Осы жерден зейнетке шықтым.
Еңбек жолыма тоқтала өтсем, 1980 жылдан бастап 2016 жылға дейін мектепте істедім. Арасында 2-3 жыл ауылдық кеңестің төрайымы қызметін атқардым. Мектепте физикадан сабақ бердім. Сынып жетекшісі болдым. Қоғамдық жұмысымның ең алғашқысы – білім ошағында комсомол комитетінің хатшылығы болды. Жұмысымның нәтижесі болған соң, мектеп директорының бастауыш сыныптар, одан тәрбие, оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін сеніп тапсырды. Ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасар да болдым. Қандай жұмыс атқарсам да сынып жетекшілігімді қосып алып жүрдім. Алғашқы бітірген сыныбым – 1964 жылғылар. Олар да зейнет жасына жақындап қалыпты (жымия күліп). Енді бір сыныбым биыл 40 жылдықтарын жасап, мектепке, балабақшаға келіп сәлем берейін деп жүр.
– Сіз психолог та болдыңыз емес пе?
– Өмірдің ағымына қарай, мектептерде психологтар болу керек деп, психолог мамандық ашылып, соған бұйрық алдым. Педагог-психолог болып зейнетке шыққанша жұмыс істедім. Бізге Дәмегүл Жалғасбаева апайымыз басшылық етті. Өмір бойы оқушылармен, ата-аналармен, жұртшылықпен жылы қарымқатынаста болуды мұрат тұттым. Психолог – менің сүйікті мамандығыма айналды. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Зәбираш Сарыбаева маған «Сен нағыз өзіңнің қолыңды таптың» деп айтқаны бар бірде. Қарап тұрсам, мектепте 30 жыл кәсіподақ ұйымын басқарыппын. Одан бөлек, ауылда әйелдер кеңесінің жұмысын (қоғамдық негізде) бірге атқарып жүрдім. Бұл жұмыстар психолог маман ретінде бір-бірін толықтыратын. Бұл салада да біраз жетістікке жеттім. Шаршайтын да кездерім болатын. Отбасы, балалар бар дегендей. Бірақ бір жұмысым нәтижелі шықса, қуанышқа кенелетінмін. Кейде айналамдағылардың «Қоғамдық жұмысқа ақша төлене ме, төленбесе не керегі бар» деп бетіме келгені де болды. Көпшілік кішкентай бір жұмыс жасаса да, артық істесе де қосымша ақы алғанды жақсы көреді. Өз басым қоғамдық жұмыссыз отыра алмайды екенмін. Зейнетке шығып жатқанда да бір замандасым: «Мен таңғалып отырмын, ертең бұл Рая үйде қалай отырады, сөмкесін арқалап бірыңғай қоғамдық жұмысқа шығатын шығар?» деп айтып күлдірген. Сол айтқандай, қоғамдық жұмыстарды қазірге дейін белсеніп істеп келемін. Өзің сынып жетекшісің, өзің пән мұғалімісің, өзің психологсың, кәсіподақсың – соның барлығын шашауын шығармай алып жүруім отбасындағы жолдасымның арқасы. Сенгенім соншалық, аяқ астынан бір оқушыны аудан орталығына алып баратын болсам, артыма қарайламай кете беремін. Баланы жалғыз жіберуге болмайды. Келгеннен кейін де қайта мектепке келіп, сабағымды жалғастырып кетемін. Есептеріміз болады, басқа да шаруалар шығып жатады. Бірақ қанша шаршасам да, жаңағы айтқандай, бір мұғалімнің немесе оқушының жетістігін көрсем, соған балаша қуанып, елге жеткізгім келіп тұрады. Ауыл білсе екен, қуанышымен құттықтаса екен деймін. Қоғамдық жұмысқа тартып жүрген ауылдың қызкеліншектері, әйел-аналары марапатқа ие болып жатса, чаттар бар, соған бірден құттықтаймын. Осындай сансала жұмыста отағасым қолдау білдіріп отырады. Жалпы мұндай шаруаларда жолдасыңның қолдауы ауадай қажет. Қайда бардың, нендей жұмыспен жүрдің, үйің білуі керек. Келінінің, не болмаса әйел-ананың бостан-бос жүрмегенін отбасындағылар біліп отырса, нұр үстіне нұр. Білмеген соң қызметіңе кедергі келтіреді. Қызғаныш болуы мүмкін. Отанасының жай жүрмегенін күйеуі, ата-енесі біліп отырса, қайта жақсы сөзімен демейтін болады. Кей жағдайда жолдасы рұқсат етпейді, ата-енесі қарсы болып жатады. Сол үшін бәрін түсіндіріп айту керек деп кеңес беремін жас аналарыма. Мұндай жайттар менің тәжірибемде де кездесті. Өзімнің де қиналған кездерім болды. Бірақ та өзіңді алға жетелеп, «Қолымнан бәрі келеді» деп сенімділік танытсаңыз, ісіңіз оңға басады. Әрдайым келіншектерге айтатыным, алдымен жолдасың түсінсін. Сосын барып ата-ене түсінсін деп. Егер жарыңмен сенімдерің мықты болса, алынбайтын қамал болмайды. Мысалы, іс-шараға қатысатында жолдасыңды клубқа бірге ертіп кел деп жатамын. Жолдасы клубта не болып жатқанынан бейхабар болса, оған қалай өкпелейсің? Сәл нәрсені де бағалай білсек, отбасындағы кикілжіңді, түсініспеушілікті шайып кетеді. Ол сосын келесі іс-шараларға жақсы көңіл күйде келеді.
– Ұзақ жыл мектепте ұстаздық еттіңіз. Осы тұрғыда ұстанымыңыз қандай болды?
– Менің ұстанымым – үйрете жүріп, үйрену. Өзімді бәрін білемін деп айтпаймын. Бір жерде іс-шара болады десе, сол адамнан бір нәрсе үйренгім келеді. Мақсатым – сол. Кейбіреулер бізді сынап отыр деп ойлайды. Олай емес. Сондай сәтте өзімде жоқ нәрсені алғым келеді. Талқылауда ортақ айтатын пікірлер болады. Ол кезде оны көптің көзінше айтпай қаламын. Дәптерге де түсірмеймін. Оны кейін жеке өзіне айтамын. Көпшіліктің көзінше айтылғасын, келесі ашық сабағына деген ынтасы түсіп кетуі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, адамның көңіліне қарау да – әдептің бір түрі.
– Бір сөзіңізде балаларымды журналға қарап тәрбиеледім, ауылдың шаруасына да икемсіз болдым деген едіңіз.
– Ол рас. Төркінімде ата-анамыз мал ұстаған емес. Сабаққа, білімге көп көңіл бөлінетін. Әкемнің ауылға барып жұмыс істеуге қарсы болған себебі де осы еді. Адам бірақ бәріне де көндігеді ғой. Жанұяда 2 қыз бала өмірге келді. Айданам қазір студент. Медколледжді қызылға бітіріп, Көкшетауда жоғары оқу орнында «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша білім алуда. Грант иегері. Үлкенім Раузананы бастауыштан бастап тіл-әдебиетке, мәнерлеп көркемсөз оқуға бейімдедім. Бала кезінен-ақ биге, әнге қызықпады. Көркемсөз оқығысы келетін. Сыныбында жарыс болса, білікті ұстаз Бихан Дүйсенова апайы пәндік олимпиадаға Раузананы дайындайтын. Қазақ тілі мен әдебиетінен жарыстарға, ғылыми жұмыстар қорғауға барып жүрді. Оның мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бүгінде отбасылы. Байқоңырда тұрады. Жанұя болғасын ішінара ренжісіп жататыны болатын шығар. Дегенмен, біздің қалыптасқан дәстүріміз – ондайды айта бермейміз. Жақсылық жаңалықты бөлісуге асығамыз. Ана ретіндегі қағидам – өзім үйде әкемнің еркесі болып өстім. Қыздарым да ерке болды. Дегенмен, олар үйде бәрін үйреніп кетті. Жолдасым – ауыл азаматы Темірхан Жұмабайұлы. 1986 жылы Ақжарға келін болып түстім. Журналға қарап тәрбиеледім. Онда бала күтіміне, ас даярлауға қатысты материалдар көптеп шығады. Одан қалды жеңгем көмектесетін. Тұрмыс құрғанға дейін сол кісілердің үйінде тұрдым. Әліге дейін рақметімді айтамын.
– Ауылдық әйелдер кеңесін басқарып келе жатқаныңызға 25 жыл болыпты?
– Мақсатым – ауылдағы қызкеліншектердің отбасыларының тұрақтылығын сақтау. Жас жұбайлардың арасы ажырап кетпесе екен дейміз. Кең¬ес құрамына зейнеткер аналарымыз да кіреді. Осы кісілердің барлығының тізімі бар. Әлеуметтік картасы жасақталған. Бүгінде елді мекенде 105 зейнеткер ана, 35-60 жас аралығында 204 қыз-келіншек бар. Қызмет істейтін және еңбек ететіндеріне онша алаңдай қоймаймын. Мен сол жұмыс істемейтін, үйде бос отырғандарын қоғамға тартуды бірінші кезекке қоямын. Осы категорияға басымдық беремін. Ай сайын аналарды құттықтап тұрамыз. Марапатқа енгізіп отырамыз. Ауыл әкімшілігінің сый-сияпатына ұсынамыз. Үлкен апаларымыздың отбасына барып, көңілін сұраймыз. Өткенде бірқатарын тегін саяхатқа апардық. Ауыл әкімшілігі мен шаруашылықтарға алғысымыз шексіз. Қаржы жағынан демеген. Алда «Батаменен ел көгерер...» деген фестиваліміз бар. «Бұрымды қыз» деген байқау өткізсек дейміз. Ауылда шашын өсіретін қыздарымыз жетерлік. Солардың да құндылығын көрсетудің сәті түсіп тұрғандай. Адамның еңбегі деп, әрбір өткізген іс-шарамызды баспасөз бетіне жариялауға тырысамыз. Оған арнайы папка арнап қойғанмын. «Мен бақытты отбасымын» тақырыбында әйел-аналардың эссе жазу байқауы ұйымдастырылды. Жазба жұмыстарын сақтап қойғанмын. Әйелдер кеңесінің құрамы 15 адамнан тұрады. Түрлі сала мамандарымен қоса, зейнеткерлеріміз де бар оның ішінде.
– Ашық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Осыған сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Ауыл дегенмен, ауыл мен қала теңесіп кетті деуге болады қазір. Ауылдың кез-келген үйінде мысалы, суы кіргізілген. Кірді машинаға шайып алады. Заманауи нәрсенің көбі табылады. Бір жағынан пайдасы да бар секілді. Зияны да аз емес. Балаларды айтпағанда, үлкендердің өзі дастарқан басында телефон ұстап отырады. Жиналыстарда да телефонға қарап отырған адамды байқасаңыз, өзіңіз қысыласыз. Сол себепті де ретімен пайдаланса. Жеке көзқарасым – әлеуметтік желіге материал жариялар кезде барынша абайлау керек. Біреудің жеке өміріне қол сұғу, біреуге ренжісе, сол туралы салып жіберу соңғы жылдары жаппай белең алды. Бұны дұрыс деп есептемеймін. Бұл ақпаратты қаншама адам оқып отыр. Оның ішінде сол отбасының үлкендері мен балашағасы бар. Ертеңгі күні кектеспесіне кім кепіл? Бірден келіп суретке немесе видеоға түсіріп, оны жалпақ дүниеге жариялап жіберуге қарсымын. Өмір болғасын неше түрлі жағдай болады. Бірақ бұл одан шығар жол емес. Айтар әңгімеңіз болса, бетпе-бет сөйлесуге болмас па еді?! Ойынға кіріп кету, бала өміріне қауіп төндіретін сайттар да осы әлеужеліде.
– Қыз баланың тәрбиесі күрделі деп жатамыз...
– Қызға жанұясында ең жақыны анасы мен жеңгесі. Қарап отырсақ, қазір қыз балаға кей тұста жеңгесі ондай жақын емес. Шын жаны ашитын шешесі мен мектептегі ұстазы. Қыз баланы өте қатты да ұстамау керек. Өте еркін де жібермеу керек . Қатты ұстаса – сыртқа шыққанда теріс ортаға бұрылып кетуі бек мүмкін. Жіберіп тарту керек деген әдіс бар ғой. Пікірлес. Ұрыспа. Қыз бала – ұлттың анасы. Мұғалім болғанымызда ұлдарым аман болса екен, қыздарым аман болса екен деп тілеп жатып, оянатын едік қой.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК