» » » Ауылыма құрметім ерекше

Ауылыма құрметім ерекше

qarmaqshy-tany.kz Әрбір адамның өзіне тән мінезі болса, Рая әпкемізді біз сабырлы, салиқалы ана ретінде білеміз. Ол кісінің қайсыбір өнегесі де көз алдымызда. Оқырман бұл қай Рая деп ойлап отырған болуы керек. Ол – Ақжар ауылының ардагер ұстазы Рая Жөнейтова.

Р.Қайырқызы Жосалыда дүниеге келген. Ш.Уәлиханов атындағы No26 мектептің түлегі. Еңбек жолы осы мектепте аға пионер вожатыйлықтан басталған. Қызылорда педагогикалық институтын физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.
Қолына диплом алған жас қыз Ақжар ауылындағы No28 орта мектепке мұғалім болып келеді. Одан соң Ақжар ауылдық кеңесінің төрайымы қызметінде болады. Мұнан соң "Шаттық" балабақшасында әдіскер, тәрбиеші болып жұмыс істейді. 2016 жылға дейін ауыл мектебінде жемісті еңбек етіп, зейнетке шығады.
Бізді тәнті еткені – Рая Қайырқызы қашан көрсеңіз де бір қалпынан танбайтыны. Салмақты, байыппен сөйлеп, іс қылады. Елдік мүддеге жаны ашып, көптің қызу ортасында жүреді. Әсіресе жастарға деген ықыласы бөлек. Жосалыда туып, қалада оқыған бойжеткеннің Ақжар ауылына келгені де бір қызық әңгіме.
– Ол уақытта институтта оқып жүргендерді төртінші курста ауылдық жерге тәжірибе алуға жіберетін. Біздің No336 топтың 18 студентін Ақжар, Тұрмағамбет ауылдарына жіберді. Ақжарға жақындаған сәтте марқұм Ибраев ағайға "Ағай, біз осы Ақжарда қалайық, бұрын кішкентай кезімізде осы жақта тұрыппыз деп едім. Ағай да келісе кетті. Сөйтіп Тұрмағамбетке баратын біздер Ақжардан түсіп қалып едік. Содан бері Ақжар өзімнің туған ауылымдай болып кетті, – дейді ол сол кезді еске түсіріп.
Ұлағатты ұстаз 20 жылдан аса уақыт ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы болып қоғамдық жұмыс атқарып келеді. Жас шәкірттерін біліммен сусындата жүріп, мектепте білім қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болумен қатар, ауылда әйелдер кеңесіне жетекшілік етіп екі бірдей жауапкершілікті жұмысты алып жүрген. Не нәрсеге де отбасындағы тәрбиенің әсер ететіні айтпаса да түсінікті ғой. Апамыздың елдің ортасынан қоғам белсендісі әрі қадірлісі атануында ата-анасының көп еңбегі жатыр. Анасы Рахима Ермаханқызы ұзақ жыл No30 ПМК мекемесінде кітапханашы және кәсіподақ комитетінің төрайымы болып еңбек етсе, әкесі Қайыр Жөнейтов 15 жыл бойы үздіксіз аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін абыроймен атқарған азамат. Оның кез келген жұмыста белсенділік көрсетіп, халыққа болсын дейтін қасиеті де осы ана-анасынан дарыса керек-ті.
"Нағашыларымыз мейірімді, көпшіл, қонақжай мақтауға сөзім жетпейтін ақкөңіл адамдар. Мен бірақ анамды ана демей жеңге орнына санағанмын. Бәрі де өмірден өтті ғой. Әлі күнге оларға деген сағынышым сейілген емес" дейді ол өткенге құрметін білдіріп.
Өмір мектебі білгеніңді жетілдіріп, білмегеніңді білуге үйретеді. Сол секілді апайдың өмірден өз көрген-білгені, көкейге түйгені аз емес.
– Әкемдей болған Шәкизада ағайымның "Тек орындай алатын жұмысты ғана жоспарлаңдар" деп және апталық кеңесте жоспардың орында- луы жайлы қатаң есеп сұрайтын. Біз де тапсырманы орындауды бірінші жолға қоятынбыз. Мен ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Жұмыс жоспарлағанда да қайталанып кетпеуіне мән беретінмін. Тың дүниені жоспарлауға тырысатынмын. Сондағы бар ойым – көптің көңілінен шығу. Зейнеткерлер, үйде отырған жас аналарды түрлі жұмыстарға тартып, олардың бір- бірімен сыйласып, қоғамдық өмірге қамтылуына назар аударамын. Көптің ойынан шыққан іс-шараны баспасөз бетіне жариялауға күш саламын. Ауыл әкімі Нұржамал Бектайқызының қолдауымен "Қарттарын қадірлеген ел ардақты", "Біздің ауыл", "Ұлттық өнер – ұрпаққа аманат" атты іс-шаралар телеарнадан көрсетілді. Әйелдер кеңесінің мүшелері Ақлимаш Әбілтаева, Ақмарал Әміралиевалармен бірлесіп "Ақжарымның аналары", "Сыр сұқбат", "Шай үстіндегі ғибратты әңгіме" жобасын жүргізіп келеміз. "Шаңыраққа шаттық сыйлаушы", "Тәрбие – отбасынан басталады", "Ұстаздан шәкірт озар", "Шипагер", тағы басқа айдармен түрлі мамандық иесі, зейнеткерлер Бихан Дүйсенова, Сара Есмаханова, Гүлбану Бисенбаева, Гүлістан Қосуақова, Бекзада Әбішова, Тынышкүл Сүлейменова, Қамар Өтемісова, Жанат Лекеровалар ұйымдастырған сыр-сұқбатымызда құнды пікірлерін білдірді. "Мамандығым – мақтанышым", "Біздің көшенің тұрғындары", "Ынтымақ көршіден басталады", "Абысын тату болса" атты байқаулар қазақтың салт-дәстүрін жанұя бойына сіңіруге көмегін тигізсе, "Ақжарымның аналары" атты бейнебаян облыстық байқаудан бірінші орынды жеңіп алды. "Үлгілі отбасы – ел мерейі" сайысында да өнегелі отбасылар алғыс хатпен марапатталды. Зоя Абауова мен Әсемкүл Жақпанова "Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» медалін, Сара Әлиакпарова, Гүлназия Абдукаримова, Сара Есмаханова, Рая Мүсіркегеновалар "Офицердің анасы" төсбелгісін омырауға тақты, – дейді кейіпкеріміз ауылдағы аналарға қатысты жүргізілген жұмыстардың бірқатарымен таныстырып.
Жалпы байқауларға қатысып, ауыл намысын қорғап жүрген жас келіншектердің ата-енесіне алғыс айтып, сыйлық тапсырып тұру – жолға қойылған. "Мерейлі отбасы" номинациясы отасқанына 50 жыл болған ерлі- зайыптыларды жас ұрпаққа өнеге етіп, оларға құрмет көрсетуге арналған. Осындай бар ықыласпен атқарылған әйелдер кеңесінің жұмысы бір сарынды өмірді түрлендіріп, көңіл-күйді көтеріп тастайтыны сөзсіз. "Бұлай жасау себебім, менің ауылымның кез келген адамына мейлі ол үлкені болсын, мейлі ол кішісі болсын, оларға деген құрметім мен сүйіспеншілігім, сыйластығым" дейді ол шын ықыласымен.
"Әу демейтін қазақ жоқ" дегендей, Рая апайдың концерт жүргізіп, ән салатын да өнері бар. Бірде мынадай жағдай болыпты. Ауылдық клубта мәдени шара өтіп жатса керек. "Клуб көрерменге лық толы. Мерекелік концертімізді тамашалауға халық көп жиналды. Орындық жетпегендер сахнаға жақын жерге отырып алған. Менің бұл күні орындайтын әнім – "Бәрінен де сен сұлу" еді. Сүйемелдеуші екі гитара тартатын жігіт. Біреуі – қараторы, біреуі – ақсары келген бала. Қараторысы осы ауылдағы жалғыз ұйғыр отбасының баласы еді. Әнді бастай бергенімде қарапайымда күнде айтып жүрген әннің сөзі есіме түспей, бірінші шумағын үш мәрте айтып шыққаным бар. Сасқанымнан Жамалға қарап "Бәрінен де сен сұлу" дей беріппін. Концерт біткесін Бидас ағай "Рая, бірыңғай Жамалға қарап сен сұлу дей бергенің не? Ол қып-қызыл болып кетті ғой. Сансызбайға да қарап қоймайсың ба?" деп рақаттана күлкіге батқанымыз бар. Сол кез есіме түссе, әлі де ұяламын. Тағы бірде Қызылордадағы "Қармақшы күніне" ауыл өнерпаздарын алып бардық. Сол кездегі кішкентай өнерпазымыз Балтабай аяқастынан ауырып қалып, ауруханаға түсіп қалды. (Апасы ұрысатын болды деген қорқынышым да болмай қалған жоқ). Жас өнерпаз Балтабай бүгінде К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйі үйірмесінің жетекшісі, шәкірттеріне жыр мен жыраулық өнерді сіңіруші ұстаз болып қызмет етуде. Енді бірде Қуаңдария ауылына концерт қоюға рұқсат алып, жолға шыққанымызда көлік бұзылып қалып, баян, домбыра, электр гитарасы, барабанымызды сол жаққа қарай тас тасып жатқан сары Камаздармен бөлініп-бөлініп барған кездеріміз де болды.
Қарап отырсақ, әр кезеңнің өз ерекшелігі, өз қызығы болады екен. Сол кездегі менің өнерпаздарым – бүгінде немере бағып отырған әже мен ата" дейді апамыз салиқалы сөйлеп.
Білікті маманның ұстаздық қызмет атқарған жылдары да шәкірттерге саналы тәрбие беру, отбасындағы сыйластық, бала тәрбиесі, мектеп пен қоғамдық жұмыстарды ақсатпай қатар алып жүруінде ақылын айтып үлгі көрсеткен жеңгесі, ұстаздардың ұстазы Гүлістан Қосуақова, кез келген істі уақытылы да тиянақты атқаруға бағыт берген асқар тау әкесі Қайыр Жөнейітұлы мен аяулы анасы Рахима Ермаханқызына және әркез қолдау білдіріп, табысты еңбек етуіне бірден-бір септігін тигізген жан жолдасы Темірхан Жұмабайұлына айтар алғысы шексіз. Сондай-ақ No26 орта мектепте жұмыс істеген кезінде аға пионер вожатый Зада Тілеуқабылова, Шыназкүл Шаймаханова, мектеп директоры Әбдуәли Жаназаров, Ажар Әзқожаевалардан үйренгені көп болса, ауылдағы білім ұясында Шәкизада Шоқбаров, Сәдуақас Маханбетов, Айдарбек Әбдіраманов секілді ұстаздардың оған берер тәлім-тәрбиесі де аз болмаған.
Адамды адам етіп көрсететін оның адамгершілік қасиеті. Маман болу бір төбе болса, адам болып өмір сүру де үлкен бір ғибрат. Осы екі нәрсені бір бойына сыйдыра білген ардақты жан күн-түн демей, ата-анамен, мұғаліммен, оқушымен, қалың жұртшылықпен тығыз байланыста болып, аянбай еңбек етті. Қашан да абырой биігінен көрінді. Зейнет демалысына шыққанша директордың бастауыш сыныптар, оқу-тәрбие ісі, сонымен қатар ғылыми- әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары болып педагогикалық ұжымның құрметіне бөленді. Ұжым мүшелерінің бір-біріне деген сыйластығы мен психологиялық ахуалын теңдей ұстап тұруда кәсіподақ ұйымының орны ерекше болса, ол осы ұйымның төрайымдық жұмысын тапжылмастан отыз жыл атқарды.
Сала ардагерінің ұжымына, ауыл халқына еткен еңбегі ескерусіз емес. Аудан мұғалімдерінің ішінен алғашқысы болып өңіріне сол кездегі аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Жұлдызай Молдабаева "Еңбек ардагері" төсбелгісін тақса, "Үздік психолог", "Үздік әдістемелік кабинет", "Үздік әдістемелік орынбасар" байқауларына қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алды. Бірнеше рет аудандық білім бөлімі, аудан, ауыл әкімі, облыстық әйелдер кеңесінің, республикалық, облыстық кәсіподақ ұйымдарының алғыс хатымен марапатталса, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай облыстық кәсіподақ комитетінің "Тәуелсіздікке – 20 жыл" төсбелгісімен, "Ақжар ауылына – 60 жыл" мерекелік медалімен мадақталды.
Ауылдық әйелдер кеңесін жиырма жылдан бері басқарып келе жатқан Рая Қайырқызының өмір және еңбек жолы кімге болсын үлгі. Өмір бір орында тұрмайды. Өзі сонау 1986 жылы жас келін болып түскен әулеттің бүгінде ақылшы анасы, кейінгі буынның асыл әжесі. Жолдасы Темірхан Жұмабайұлы да кеңшарда түрлі салада еңбек етті. Жанұяда өмірге келген перзентінің бірі – Раузана жоғары білімді маман. Байқоңыр қаласында тұрады. Жолдасы Нұржанмен Нұрислам, Мейіржан, Айназ, Ахмедияр атты ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Айдана – медициналық колледжді қызыл дипломға бітіріп, Көкшетауда жоғары оқу орнында грант иегері.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
25 қазан 2022 ж. 941 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031