» » Ауылдан шыққан профессор

Ауылдан шыққан профессор


МЕНІҢ МАҚАЛАМНЫҢ АРҚАУЫ БОЛЫП ОТЫРҒАН ОҚУШЫМ НҰРГҮЛ ШҮЙІШБАЕВА АҚЖАР АУЫЛЫНДАҒЫ МЕКТЕПТІҢ 1987 ЖЫЛҒЫ ТҮЛЕГІ. Алтын ұя мектебін үздік бітірген ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетінің «физика және педагогика» мамандығын бітіріп, «физика пәнінің мұғалімі және тәрбие жұмысының әдіскері» біліктілігін алды.
2003-2005 жылдар аралығында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «физика және информатика» мамандығы бойынша білім алып, 21 жылдан бері осы оқу орнында студенттер мен магистранттарға дәріс беріп келеді.
Жастайынан білімге құмар, ізденгіш Нұргүл физика мамандығы бойынша жаратылыстану ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алғаны көңілге қуаныш ұялатады.
Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің физика-техникалық факультетінде физика мамандығы бойынша докторантураны тәмамдаған. Содан соң ғылыми жұмыспен шұғылдана бастады. Ғылыми жұмысының негізгі бағыты – дәстүрлі емес энергия көздері және электроимпульстік құбылыстар физикасы болғандықтан көп ізденуді, жан-жақтан тәжірибе жинауды қажет етті. Ауылдағы алтын ұя мектебінде француз тілін оқыған ол ағылшын тілін меңгеруге баса назар аударды. Күндіз түні тынбай еткен еңбек еш кетпеді. «Жер қойнауынан жылу алуға арналған жылу алмастырғыш ұңғыларын жасаудың электрогидро-импульстік технологиясын жобалау» тақырыбындағы жазған диссертациясы жоғары бағаланып, Нұргүлге философия докторы ғылыми дәрежесі берілді.
2016 жылы физика мамандығы бо­й­ынша «философия докторы» ғылыми дәрежесін алғаннан кейін 68 ғылыми еңбегі баспаға шығып, оның ішінде ҚРБҒМ білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті журналдарында 10, scopus мәліметтері базасына кіретін журналдарда 12, weboB science мәліметтері базасында 1 патент 10, шетелдердегі Халықаралық Конференциялардың материалдарында 42, РИНЦ мәліметтері базасына кіретін журналдарда 5 мақаласы жарыққа шыққан. 1 Евразиялық па­тенттің авторы. Бірнеше тақырыпта оқу әдістемелік нұсқаулықтар дайын­даған жан.
2013-2018 жылдары «Неофит Рильский» Оңтүстік Батыс университетінде (Благоевград, Болгария, Томск мемлекеттік университеттерінде) өз білімін жетілдіріп, сертификат алған. Қаншама жылғы ұстаздық еңбегі зая кеткен жоқ.
Нұргүл «Оқулықтардың және оқу-әдістемелік кешендердің са­рап­тама, сынақ нәтижелерін қарас­тыру жөніндегі пәндік комиссия жұмысындағы кәсіби біліктілігі мен жоғары жауапкершілігі үшін» және «Қазақстан білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2017» атағының иегері. Студенттерді олимпиадаларға дайындап, магистранттарды ғылыми жұмыстарға баулуда белсенділік танытып, университеттегі «Жаратылыстану ғылымдары сериясы» журналының жауапты редакторы әрі хабаршысы болып қоғамдық жұмыс атқарды.
Нұргүлдің қашықтықтан оқыту сабағына қатысқанымда оның орысша, ағылшынша еркін сөйлеп, студенттер мен магистранттарға физика пәнін өте жоғары деңгейде түсін­дірет­ніне риза болдым. Нұргүлдің биыл «Қауымдастырылған профессор» ғылы­ми атағын алғаны жалғыз өзінің емес, мектебіміздің, ауылымыздың қуанышы.
«Біз бірінші сыныпта орыс тілінен ауызша курс оқыдық. Тақпақ, өлең жаттатқаныңыз күні бүгінгідей есімде. Сізді орыс тілінің, Сапар Қойшығұлов ағайды физика, Замзагүл Қаласова апайды математика пәнінің мықты мұғалімдері, менің осындай дәрежеге жетуіме еңбек сіңірген ұлағатты ұстаздар деп танимын, сіздерге басымды иемін» дейді ол бізбен әңгімелескенде. Қарапайым отбасы, үлгілі жанұя Найзабек аға мен Сағира апаның ұл-қыздары бүгінде түрлі мамандық алып, жан-жақта жемісті еңбек етуде.
Ауылымыздың жетістігіне үлес қосып отырған кешегі оқушы, бүгінгі өз мамандығының шебері, үлгілі ұстаз Нұргүл Найзабекқызының еңбек жолы жастарға, жас ұстаздарға үлгі боларлықтай.
Кішкентай ғана ауылдан шыққан профессор Нұргүлге білім көкжиегінде қанатың талмай самғай бер демекпін.

Рая ЖӨНЕЙТОВА,
ардагер ұстаз
Ақжар ауылы
15 ақпан 2022 ж. 390 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№38 (10303)

14 мамыр 2024 ж.

№37 (10302)

11 мамыр 2024 ж.

№36 (10301)

07 мамыр 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031