Бала жанының бағбаны
«Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шығады. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім»
Ахмет Байтұрсынов
Жақында Ақжар ауылдық әйелдер кеңесінің жоспарына сәйкес Зоя Абауова басшылық ететін No7 «Шаттық» балабақшасының ұйымдастыруымен бар саналы өмірін шәкірт тәр биелеуге арнаған ұлағатты ұстаз, Сыр сүлейі Көшеней Рүстембековтің жары Жұпар Ержанованы еске алуға арналған «Бала жанының бағбаны» атты танымдық кеш өтті.
Өскелең ұрпақты ұлағатты ұстаз Жұпар Ержанованың өнегелі өмір дерегімен таныстыру, ұстаз деген ұлық есімді қастерлеуге, құрметтеуге баулу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға Жұпар анамыздың ағайындары, әріп тестері мен шәкірттері, ауыл тұрғындары қатысты.
«Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау. Бірақ бұған өкінбеу керек. Жер үстінде адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс, ардақты жұмыс жоқ. Ұстаздық – ұлы нәрсе» деген екен жазушы Зейнолла Қабдолов. Расында да мектепті екінші үй десек, ұстазды анамыз дейміз. Ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Алыптың да, дананың да ұстазы болған.
Осы ретте, шәкірттері мен ауылдастарының құрметіне бөленген ардақты ұстаз Жұпар Меңбайқызы жайлы әңгіме тінін тарқатар болсақ, шырайлы Шиелінің, нақтысын айтқанда Ы.Жақаев ауылының тумасы, қара пайым колхозшы Меңбай ақсақалдың отбасында дүние дидарын ашқан Жұпар бала жасынан ән салуға құштар болып өскенін айтады көнекөз қариялар. Деректер бойынша Жұпардың анасы Еңбек Ері Закира анамыз да ән салуға құштар болған деседі. Ол мектепте білім алып жүріп, көркемөнерпаздар үйірмесінің де белсенді мүшесі ретінде түрлі мәдени шараларда ән салып, көзге көрінеді. Ал, мектепті тәмамдаған соң облыс орталығындағы педагогикалық институттың студенті атанады. Осы жерде болашақ жары Көшеней Рүстембековпен кездесіп, әрі қарай өмірін бірге өткізеді.
Жұпар Меңбайқызы Ақжар ауылына келген соң алғашқы кезде No28 орта мектепте ұстаз болып шәкірт тәрбиелесе, кейіннен ауылдағы балабақшаға меңгеруші қызметіне тағайындалады.
Бар саналы өмірін шәкірт тәрбиесіне арнап, өнегелі өмір жолымен еліне танылған Жұпар Меңбайқызы қазақ халқының салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын, тілі мен дінін ұрпақ бойына сіңіруде адал қызмет етті. Сол үшін де ол ауылдастары мен ағайын-туыс, дос-жаран, әріптестер арасында құрметті болды. Дүзбенбет-Жиенбай-Рүстембек-Көшеней мен Бидас жыраулардың шығармашылық мұралары мен жыраулық өнерді насихаттады. Оны ұрпақтарының бойына дарытуда еңбек сіңірген Жұпар Меңбайқызы жары Көшеней екеуінен тараған ұрпақтары – Арбалы мен Нұрбол, қызы Ақнұр және бүгінде жыраулық өнердің киесін арқалап жүрген Арнұр ата-ана еңбегін ақтауда тер төге еңбек етуде.
Міне, осындай ұлық ұстаздың есімін ардақтауды мақсат еткен өткен ұлық іс-шара айтыскер ақын Сырым Әділбековтің арнауымен ашылды. Әрі қарай Жұпар Меңбайқызымен қызметтес болған әріптестері Бихан Дүйсенова, Рая Дүйсебаева, мәдениет саласының ардагері Үрзахия Махамбетова, Ақжар ауылының әкімі Нұржамал Тұрсынбаева, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Рая Жөнейтова, сондай-ақ, шәкірттері атынан сөз алған Асан Асқарбаевтар естеліктер айтты. Балабақша тәрбиеленушілері кешті әдеби монтаж, ән-бимен әрледі.
Тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор болып өткен танымдық кеш соңында мәртебелі мамандық иесі, ұлағатты ұстаз Жұпар Ержанованың ұрпақтары бала бақша ұжымына сый-құрмет көрсетті.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ