» » Көше атауы берілді

Көше атауы берілді

qarmaqshy-tany.kz Жосалы кенті орталығындағы бұрынғы Батыс көшесіне Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Сәдуақас Баймахановтың есімі берілді.
Көшенің ашылу салтанатында аудан әкімі Жандос Еркінбек сөз сөйлеп, соғыс және еңбек ардагерінің өнегелі өмірі, еңбек жолына тоқталды.

– Бар саналы ғұмырын туған жері мен халқына арнап, артында өшпестей із қалдырып, үлкен құрметпен еске алуға лайықты азаматтарымыздың бірі Сәдуақас Баймахановқа көше атауы берілуі – аға ұрпаққа деген құрметтің жарқын көрінісі. Қазақ жерінде бүгінгідей бейбіт таң шапағының атуына ұйытқы болып, болашақ ұрпақтың алаңсыз ғұмыр кешуі жолында аянбай тер төккен ағамыздың есімі халқымен мәңгі жасайды, – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ерәлиев, Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының кеңесшісі Сергей Волков құттықтау сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға және майдангер ұрпақтарына жылы лебіздерін білдірді.

Ұлы Отан соғысының ардагері Сәдуақас Баймаханұлы 1904 жылы Иіркөл ауылында дүние дидарын ашып, әкесінің ұсталық өнерін өмірінің соңына дейін серік қылған. Ол өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарында елімізде өткен ұжымдастыру жұмыстарына қатысып, өзі тұрған ұжымшарды ірілендіруде белсенділік танытқан. Ел құрметіне бөленген. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, 1944 жылдың аяғында ұрыста алған жарақатынан елге оралады. Соғыстан кейінгі жылдарда егіс бригадирі, ферма меңгерушісі, ұжымшар ұстасы қызметтерін абыроймен атқарады. Өмірлік жары Жұмагүл анамызбен бірге ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін І-ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, басқа да медальдармен марапатталған.

Одан әрі іс-шараға жиналған жұртшылық көшенің ашылу рәсімін тамашаласа, майдангер ұрпақтары атынан Асылбек Сәдуақасов әке есімін ардақтауға атсалысқан аудан басшылығына және қолдау көрсеткен жұртшылыққа ризашылығын білдірді.

Содан кейін қатысушылар «Раяна» балабақ шасында, яғни майдангердің тұрған үйінде болып, ғимаратқа ілінген мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына қатысты. Өз кезегінде майдангер ұрпақтары балабақшаға түрлі ойыншықтар тарту етіп, сияпат жасады.

Іс-шара аясында жаңадан ашылған көше бойындағы спорт алаңында соғыс ардагерінің құрметіне арнап жасөспірімдер арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды. Оған сол аймақтағы көше командалары мен орта білім беру мекемелері құрамалары қатысты.

Тартысты сәттерге толы өткен жарыс қорытындысында №121 орта мектеп құрамасы жарыс жеңімпазы атанса, ІІ және ІІІ орындарға №26 орта мектеп пен №250 мектеп-лицейі командалары көтерілді.

Сондай-ақ, өздерінің үздік ойынымен көрермен көзайымы атанған жас футболшылар да түрлі номинация бойынша мадақталды. Атап айтқанда, «Үздік қақпашы» номинациясымен №26 мектептің ойыншысы Данияр Тоқаш, «Үздік қорғаушы» номинациясымен №121 мектеп ойыншысы Нұрсұлтан Шахмардан, «Үздік шабуылшы» номинациясымен №250 мектеп-лицей ойыншысы Данаби Жанболат, «Үздік ойыншы» номинациясымен №27 мектептің футболшысы Айқын Байсынов марапатталды.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
31 мамыр 2023 ж. 195 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031