Біз отанның сарбазымыз!
qarmaqshy-tany.kz Алдашбай ахун ауылындағы №10 бөбекжайбақшасында тәрбиеленушілерге туған жері мен елінің патриоты болуға тәрбиелеу, достыққа, білімге баулуда «Балдырған» тобының тәрбиешісі Айгерім Қалпиеваның ұйымдастыруымен «Біз Отанның сарбазы» тақырыбында жігіт сұлтаны байқауы өтті.
Бөбекжай-бақша меңгерушісі Гүлжан Қуантаева мекеме бойынша атқарылған жұмыстар, тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің жетістіктері жайлы хабарламасынан кейін, сайыс талапкерлері «Тегімді менің сұрасаң...», «Жігітке жеті өнер де аз», «Құралайды көзге атқан», «Көркіне ақылы сай», сонымен қатар шығармашылық сайыс, атап айтқанда сурет салу, оны жапсыру, тағы басқа да ойын түрлері бойынша өзара сынға түсті.
Байқауға қатысушы жас сұлтандар алдымен өздерін өлең арқылы таныстырса, келесі кезекте мергендігін көрсетуде садақ атудан жарысқа түсті. Сондайақ, би билеп, өлең айтып, өнерін көрсетсе, сұраққа жауап беруде «Біз қай елде тұрып жатырмыз?», «Бағдаршамның көзін ата?», «Бір аптада неше күн бар?», «Қазақ тілінде неше әріп бар?», «Біз қай ауылда тұрамыз?», «Төрт түлік малды ата?», «Тудың түсі қандай?» және басқа да сұрақтарға жауап беріп, көптің көңілінен шықты. Сайыскерлер үй жұмысы бойынша бірі – сурет салу, енді бірі – сурет жапсыру бойынша да өзара жарысты.
Қызықты да тартысты өткен байқаудың қорытындысында әділқазылар шешімімен бас жүлдені Нұрислам Бақтиярұлы жеңіп алса, қалған сайыскерлер бөбекжайбақша меңгерушісінің қолынан мадақтама қағаздарын алып, түрлі номинацияға ие болды.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ