Айбек – СЫР БАРЫСЫ
qarmaqshy-tany.kz Өткен аптада Қызылорда қаласындағы «Еуразия» спорт кешенінде қазақ күресінен облыстық «Алтын белбеу» жарысы өтті. Аймағымыздың барлық өңірінен әр жастағы аудандық, қалалық «Алтын белбеу» жарысы жеңімпаздарының басын қосқан дүбірлі шарада қармақшылық боз кілем шеберлері де бақ сынасты.
Нәтижесінде 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында 55 келіде А.Абитай І орынды, 75 келіде Б.Ерғалиев ІІ орынды, ал 46 келіде Т.Қожахметов, 60 келіде Б.Бақытжанұлы, 75 келіден жоғарыда Д.Мүтәлов ІІІ орынды жеңіп алса, 2006-2007 жылы туғандар арасында 46 келіде М.Ібіраш жарыс жеңімпазы, Д.Камал, 80 келіде А.Сейдалыұлы ІІ орын, 50 және 60 келі салмақтарда Қ.Темірбекұлы, Д.Сәбитов жүлделі ІІІ орын иегері атанды. Ал, жастар арасында өткен белдесулер нәтижесімен 55 келіде Әділет Жүніс, 66 келіде Рахатәлі Сартай ІІ орынды иемденсе, 84 келіде Саят Төлес, Әділет Үбайділда 100 келіден жоғары салмақта жүлделі ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, ересектер арасындағы белдесулерде 74 келі салмақта Дінмұхаммед Алтай ІІ орынға, 55 келіде Шыңғыс Мұқанғалиев, 66 келіде Арман Жалғасбекұлы, 82 келіде Ерлан Жақсыбеков, 90 келіде Ринат Тоғысов ІІІ орынға көтеріліп, аудан абыройын асқақтатты.
Келесі кезекте ересектер арасындағы түйе палуандар белдесуінде Айбек Серікбаев ақтық белдесуде жерлесіміз Еламан Ерғалиевті жеңіп, Сыр барысы атанды. Нұрым Сәлімгереев жүлделі ІІІ орынды иемденді.
Айта кетерлік жайт, жыл сайын шілде айында Астана қаласында өтетін дәстүрлі республикалық «Қазақстан барысы» жарысына биыл Сыр бойы өңірінің намысын қорғауға Айбек Серікбаев, Еламан Ерғалиев қатысады. Сонымен қатар, «Қазақстан барысы – 2022» жеңімпазы, жерлесіміз Мақсат Исағабылов өзінің жеңімпаздық атағын қорғайтын болады.
Сөйтіп, биылғы жылғы «Қазақстан барысы – 2023» республикалық жарысына ауданымыздың үш палуаны қатысады. Бұл қармақшылық спортсүйер қауым үшін үлкен мақтаныш. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз!
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ