» » Ел бақыты – ер қолын

Ел бақыты – ер қолын

qarmaqshy-tany.kz Сұрапыл соғысқа кеңес одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар, қазақстандықтар да қатысты. «Батырлық – табиғаттың бере салған сыйы емес, бұл – патриоттың өз борышын орындау үшін қауіп-қатерге қарсы баруға өзін-өзі саналы түрде баруының нәтижесі» деген Б.Момышұлының сөзі бар. Сондықтан да дана халқымыз: «Батыр өлмейді, мерт болады» деп айтады. Ұлы Отан соғысына қатысып, елге оралған Ерназар Сексенбаев атамызды айта кетпесек болмас. Ол «Қызыл жұлдыз» ордені және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. «Ерлікке тағзым» деп аталған іс-шарамыздың басты мақсаты да атамыз сияқты қамал бұзар ерлігі мен өрлігін қайталаған айбынды жауынгер Серік Білісбаевтың ерлігін жас ұрпаққа насихаттау.
Кеңестік кезеңде де ерлік ісімен ел есінде қалған қазақ азаматтары көп болды. Соғыстан кейін Ресей әскері әлемдегі батыл да қарулы құрамымен танылды. Қарулы күштердің көптеген бөлімшелерінде дайындық деңгейі мен төтенше жағдайларда, күрделі тапсырмаларды орындауда да батылдық танытып отырды. Осындай тапсырмалардың бірінде 1991 жылы Чехия елінің Крупко-Богосудов қаласында әскери борышын өтеу кезінде 17 әскери қызметкер елге қайтуға аз қалғанда қаза болады. Бейбіт заманда жарылыстың болғаны Серіктің отбасына ауыр соққы болды. Чехия елінің халқы көп жыл өтсе де қазақ батырын ұмытпай гүл шоқтарын қойып, құрметтеуі – көңілге медеу. Біз еске алып отырған азаматтың рухына туған жері Ақтөбе ауылында 1971 жылы туған құрдастары орталық саябақта ескерткіш тақта орнатты. Осы бір іс-шараның жалғасын №109 орта мектептің кітапхана меңгерушісі Гүлназ Ешниязованың ұйымдастыруымен кездесу кеші өткізілді. Оған апасы Баян Білісбаева шақырылып, құрметті қонақты оқушылар әнмен қарсы алды.

Кеште «Өткенін қастерлеген өсе¬ді» деген қағиданы ұстана отырып, жалындаған жастық шағын оқ пен оттың ортасында өткізіп, ерлік көрсеткен жауынгер жайында мәліметтер берілді. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында ұрыс даласында қаза болған майдангерлерді үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етілді. Ел қорғаған ер бабамыз – Ерназар Сексенбаевтың ерлігі жайында айтылып, ауданның құрметті азаматы Сәпен Аңсаттың «Айтарым бар» кітабындағы естеліктерімен бөлістік. 8 сынып оқушылары Баян апайға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып жауап алды. Сынып жетекшісі Толғанай Далдабаеваның ұйымдастыруымен А.Бақбергенованың «Көңілден өшпес көктем ғұмыр» кітабы бойынша ауылдың төл перзенттерінің поэзиялық шығармаларынан өлеңдер оқылды. Кеш барысында Баян апай інісінің естелігімен бөлісе отырып, жастарды бейбіт, тыныш өмірдің бағасын білуге шақырды. Кездесу оқушылар үшін үлкен тәрбиелік мәнге ие болды.

Кеш соңы ауыл саябағында орналасқан «Ер есімі – ел есінде» атты зұлмат соғыста қаза тапқан аталарымыздың есімдері жазылған ескерткіш тақтаға және оның жанына қойылған Серік Білісбаевтың ескерткішіне «Алғашқы әскери технологиялық дайындық» пәнінің мұғалімі Алмат Садықовтың жетекшілігімен аллеяға 8 сынып оқушылары «Атамекен» әнімен сап түзеді. Іс-шарада ауыл әкімі Қанат Аралбаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– 9 мамыр – соғыстан оралмай қалған жауынгерлердің рухына бас иіп, олардың ерлігіне тағзым ететін Жеңіс күні. Бүгінгі ұрпаққа ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлық, жанқиярлық ерлігі мен елдіктің рухын көтерер үлгі болар күн. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек, – деді ол. Мерекелік салтанатта орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қыдырбек Сәденов «Ер бақыты – ел қолында, ел бақыты – ер қолында» дегендей, елге бейбітшілік пен тыныштық сыйлаған батыр бабалардың ерлік жолдарын сөз етті.

Ерлік – елдің туы. Ер қуаты – қару болса, ел қуаты – батырлары. Халық қашан да қаһарман ұлдарын пана тұтқан. «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес». Халықтың осы даналығы қашанда қазақ баласы қайда жүрсе де азаматтық парызын адал ақтауды ұмытпас.
Эльмира МЕДЕУБАЕВА,
№109 орта мектептің мұғалімі
11 мамыр 2023 ж. 417 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№36 (10301)

07 мамыр 2024 ж.

№35 (10300)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031