» » Жалағашта озат оқушылар шәкіртақы алатын орта мектеп бар

Жалағашта озат оқушылар шәкіртақы алатын орта мектеп бар

Kyzylorda-news.kz. Бұл – Жалағаш ауданы Аламесек ауылдық округіндегі №124 орта мектеп, Шалғай ауылдағы мектепте білім сапасын арттыру мақсатында бірқатар жоба қолға алынған. Қуантарлығы, бүгінде олардың барлығы жемісін беріп, ауылдағы атын ұяда озат оқушылар қатары артқан.  
Иә, біз білім саласына бұған дейін де қалам тербедік, мемлекет келешегі бәсекеге қабілетті жастардың болашағына тікелей байланысты болғандықтан әр жылдары салада атқарылған жұмыстар ұдайы сарапталуы тиіс. Қазір мектеп директорларын ротациямен орындарын ауыстыру басталып кетті. Мақсат айтпаса да түсінікті, яғни тәжірибе алмасу арқылы білім берудегі олқылықтарға жол бермей, керісінше қалыптасқан серпінді одан әрі ілгерілету. Алайда бұл жоба өз жемісін беріп жатыр ма? Ротациямен жаңа мектепке барған директорлар білім жүйесіне нендей жаңалықтар енгізуде және оның жемісі қалай? Осы және өзге де сауалдардың түйінін тарқату үшін тілшілер тобы ауылдық елді мекендердегі мектеп тысыеымен танысып, жұмысын сараптауда. Бүгін жолымыз Жалағаш ауданына қарасты Есет батыр ауылына түсіп, орталықта орналасқан №124 орта мектепке табан тіредік. 

Шынар Халелқызының мұнда директор болып келгеніне көп болмаған. Яғни биыл ауыл мектебі жаңа оқу жылын жаңа директормен бастапты. Есет батырдағы білім ошағында бүгінде 354 оқушы білім алуда. Оның ішінде 42 оқушы алғаш мектеп табалдырығын аттаса, ауылдағы алтын ұяда 68 мұғалім бар. Бәсекеге қабілетті жастарды қалыптастыру жұмыстары біріші мектепте басталатындықтан оларға сапалы білім беру ұлағатты ұстаздардың ұдайы назарында. Шынар Халелқызы бұл бағытта жүйелі жұмыс жасап жатқан әріптестерімнің еңбегін жоғары бағалайды. 

– Қазір заман ағымына қарай кез келген жұмыс жүйесіне жаңалық қажет, оны өздеріңіз де білесіздер. Маған дейінгі мектеп директорының кемшілігін байқамадым. Бұған дейін де ауыл мектебінде білім сапасына серпін беруде тиісті жұмыс атқарылған. Бұл ротацияның мақсатын тек кемшіліктің орнын толтыру деп түсінбеуіміз керек, бұған дейін де Жалағаш ауданында ерекше қарқынмен дамыған бір сала болса, ол –  білім. Біз енді осы қарқында қалып қоймай, керісінше әлі де ілгерілеу үшін жаңа бастамалармен жұмыс жасауымыз керек, салаға мұндай өзгерісті сол үшін енгізді деп есептеймін. Былтыр 32 түлек мектеп бітірген, оның 26-сы ҰБТ-ға қатысқан. Орташа балл – 75. Түлектердің 23-і мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарында білім алуға қол жеткізді. Ал қалғаны ақылы негізде оқуға қабылданған. Бір сөзбен айтқанда, былтыр мектеп бітірген оқушылар 100 пайыз жоғары және арнаулы оқу орындарында білім алуға қол жеткізген, – дейді мектеп директоры. 

Айта кетейік, биыл Жалағаш ауданындағы №124 орта мектепте 354 оқушының 22-сі 11 сыныпты тәмамдайды. Бұйыртса, барлығы да 100 пайыз ҰБТ-ға қатысуға ниетті. Олардың Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу-қатыспауы өз еркінде. Ұстаздар мен түлектер дайындықты қыркүйек айында бастапты. Балалардың қарқыны жаман емес. «Үйрек балапанын күзде санайды» дегендей, директор нәтижесін алдағы уақыттың еншісіне қалдырды. 

– Меже барлық баланың мемлекеттік грант иегері болуына жұмыс жасау ғой. Алдағы уақытта сол межеге жұмыс жасауға тырысамыз. Мектеп түлектерін негізінен қандай пәндер, қандай мамандықтар қызықтырады, біз алдымен осы жағын зерттеп аламыз.  Балаларымыздың басым бөлігі жараты¬лыстану бағытындағы пәндерді таңдап отыр. Көбісі химия, биология, физика пәндерін таң¬дауда. Оларға «Сен мына мамандыққа қарағанда басқасын таңда» дей алмаймыз. Бала қай пәнді, қай мамандықты таңдаса, сол салада оның үлкен жетістікке жетуіне әріптестеріммен шама-шарқымша жұмыс жасаймын. Себебі мақсатымыз да сол, мейлінше олардың қалаған мамандық иегері болып, мемлекеттің, қоғамның дамуына сүбелі үлес қосатын бәсекеге қабілетті болуына жұмыс жасау, – дейді Шынар Халелқызы. 

Мектептегі оқушылардың түрлі деңгейдегі олимпиадаларға, жарыстарға қатысу қарқыны да жоғары, нәтиже де жоқ емес. Жалпы, білім ошағында озат оқушылар санында өсім бар. Олардың қатарын көбейтуде бірқатар жоба да қолға алынған. 

– Балалардың олимпиада, байқау секілді түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысу қарқыны жоғары. Нәтиже де жаман емес. Аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүрген оқушыларымыз да жетерлік. Мұның барлығы осындағы ұстаздардың еңбегі мен шәкірттер ізденісінің арқасы деп білемін. Мектепте 3 озат оқушымыз болған, енді олардың санында өсім қалыптастыруымыз керек болатын. Бұл бағытта жергілікті кәсіпкерлермен, шаруашылық төрағаларымен ақылдасып, демеушілер есебінен оларға шәкіртақы тағайындауды қолға алғанбыз. Бұл жобаға ауылдағы «Көктөбе» шаруашылығының негізін қалаған Әбдірасулла Әбдәлиев ағамыз қаржылай қолдау көрсететінін айтты. Сондай-ақ білім саласында ұзақ жылдар қажырлы еңбек еткен осы ауылдың тумасы Гүлбану Орынбаева да әкесінің атынан шәкіртақы тағайындауды жөн деп тапты. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Білімге, жас ұрпақтың келешегіне, мемлекеттің болашағына алаңдайтын жағдайы бар азаматтар осындай-ақ болсын. Қазір сол кісілердің арқасында мектептегі 3 озат оқушымыз қаңтардан бастап айына 5 мың теңге көлемінде шәкіртақы алып отыр, – деді мектеп директоры.
Иә, бұл – жақсы бастама, оған дау жоқ. Мұның озат оқушылар санында өсім қалыптастыруға сеп болары сөзсіз.  Оның білім саласына айтарлықтай көмегі тигенін мектеп директоры да жоққа шығармады. 
– Біз ол қаржыны тек озат оқушының өзіне жай бере салмаймыз. Барлық оқушылардың басын қосып, озаттарды үлгі етеміз. Оның да нәтижесі бар. Мәселен, қаңтар айында озат оқушылар үшеу болса, бір тоқсанда олардың санында өсім қалыптасып отыр. «Олар да алдағы уақытта мұндай шәкіртақы ала ма?» деген заңды сауал туындайтыны сөзсіз. Немесе ертең «жай сөз екен, ізденіп не істейміз» деген кейбір балаларда таяз түсінік қалыптасуы да мүмкін ғой. Қазірдің өзінде «біз де шәкіртақы тағайындасақ» деген кәсіпкерлерден, жеке азаматтардан ұсыныс түсіп жатыр. Сондықтан алдағы уақытта оларға да шәкіртақы тағайындауға жол ашылады деп ойлаймын. 

Мәселен, қазірдің өзінде ауылдағы Сыздықовтар отбасы «бір озат оқушы болса, шәкіртақысын өзіміз берейік» деп ұсыныс айтып отыр. Ауыл әкімі Дәулет Тәжібаев та 2-3 оқушыға шәкіртақы тағайындауға дайын екенін айтып жатыр. Қазір озат оқушылар санында өсім бар. Енді оларға шәкіртақы төлейтін кезде демеуші азаматтармен жұмыс жасап, бұл жобаны қолға алсақ дейміз, – деді білім ошағының басшысы.

Қазір ресми ақпараттардан, әлеуметтік желілерден жасөспірімдер арасында орын алған қылмыстың жиілегенін байқау қиын емес. Оның алдын алуда ауыл мектебінде бірқатар жұмыс жүруде. Жалпы, баланың болашағына тек ұстаздар ғана жауапты емес, бұл мәселеге ата-ана да, учаскелік полиция инспекторы да алаңдауы тиіс. Бірақ мектеп ұжымы олардың арасында қылмыстың алдын алуда шама-шарқынша жұмыс жасап жатыр. 

Ауылда жасөспірімдер арасында ахуал тұрақты. Күнделікті мұғалімдермен кезекшілік ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Әрқайсысының өзіне берілген көше бар, жасөспірімдердің ата-анасыз қоғамдық орында тек белгіленген уақытта ғана жүруіне рұқсат бар. Бұл дұрыс деп есептеймін. Бұл талап ауылда қатаң сақталған. 

– Менің ойымша жастарда бос уақыт болмауы керек. Олар да ұдайы ізденіс үстінде жүрсе дейміз. Бәсекеге қабілетті ұрпақ осындай жастардан қалыптасады. Ал баланың олай өсуіне жоғарыда айтқанымдай, бәріміз жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Баланың болашағына бейжай қарауға болмайды. Ал мұндай түсініктегі ата-ана оған жол бермейді деп ойлаймын. 

Мұнан бөлек ата-аналар жиналысы да ұдайы ұйымдастырылып тұрады. сондай-ақ балалардың өзімен де жиі бас қосып ұлдармен, қыздармен жеке-жеке пікірлесеміз. Сонда байқайтыным, балалар жиналыстың мақсатын кейде өздері де біліп тұрады. Олардың әлеуметтік желіден қоғамдағы жағдайлардан хабардар екенін аңғару қиын емес. Біз үшін әр баланың түзу жолмен жүруі, бәсекеге қабілетті, мақсатты болуы маңызды. Сондықтан олардың тәртібі де біздің күн тәртібімізден түскен емес, түспейді де, – деді Шынар Халелқызы. 
Мектепте 1-4 сынып аралығында 133 бала бар. Олар 100 пайыз ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Директордың өзі бұл бағыттағы жұмыс барысын қадағалап отырады. Ата-аналардың немесе оқушылар тарапынан әзірге ешқандай арыз-шағым түспеген. Оған алдағы уақытта да жол бер-мейтін сияқты. Керісінше ата-аналардан баласының оған көңілі толатынын-толмайтынын ұстаздар сұрап отырады екен. 

– Аламесектегі білім ошағы 2 корпустан тұрады, оның бір бөлігі жаңадан салынған. Ал бір бөлігі – бұрынғы нысан. Оның сапасына қатысты мәселе бұған дейін болған. Бірақ мемлекет тарапынан қолдау болып, аталған нысан күрделі жөндеуден өткен. Қазір ғимарат сапасына қатысты ешқандай мәселе жоқ.
10 мамыр 2023 ж. 321 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930