Назарларыңызда «250tv.news»
Мектеп оқушыны біліммен қанаттандырар қасиетті орын. Бүгінгі уақыттың ағымына орай мектепке қойылар талап пен міндет те көбеюде. Өзгеріске толы өмір ағыны көз ілеспес жылдамдықпен дамып, жаңа технологиялар қолданысқа енді. Білім берудің формасы да өзгеріп, жаңашалана түсті. Осы ретте оқушыны өзге қырынан көрсетер жаңа мүмкіндіктер де тууда. Робототехника, кәсіпкерлік негіздері сынды сабақтар түрлі мамандықтың қыр-сырын үйретсе, жаңа заманға сай жобалар таным көкжиегін кеңейтуде. Сондай жобаның бірі Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінде қолға алынды. Жаңа жоба бүгінде әлеуеті артып, сұранысқа ие болып тұрған YouTube каналында жүргізіледі.
«250tv.news» жобасы мектептің ішкі жаңалықтарымен бөлісуге арналған жаңа форматтағы дүние. Тың идеяға қолдау білдірген мектеп директоры Гүлжаһан Мұнарбаева бұл жобаның оқушыға берері мол екенін жеткізді. Расымен бүгінде көпшілік қызыға қарайтын YouTube каналында пайдалы ақпараттар жетерлік. Алайда ол туған мекеннің, оқып жатқан мектебіңнің жаңалығын өз ортаңда жүрген адамның дайындаған дүниесін тамашалау тым бөлек. Әрі оқушылар үшін де қызықты. Осы уақытқа дейін жаңалықтар топтамасының екі шығарылымы жарыққа шыққан. Онда мектепте сабақтың оқытылу барысы, өткен іс-шаралар, жағымды жаңалықтар бөлісілген. Қаралым саны да аз емес. Яғни жаңа жоба көпшілікке қызығушылық тудыруда. Жаңалықтардан бөлек, ардагер-ұстаз Райкүл Қаратаевамен, мектеп түлегі Сырым Әділбековпен, мектеп медбикесімен сұқбаттар жүргізілген.
– Бұл жоба ІІІ тоқсаннан бастап жүзеге асуда. Басты мақсат – мектеп жаңалықтарын көпшілікке көрсету. Алғашқы шығарылым мектептегі оқушы санының көбеюіне байланысты карантиндік талаптардың сақталуы, сабақтардың өту барысына арналса, екіншісі мектеп жаңалықтарына бағытталды. Жаңалықтан бөлек бастауыш сыныптарға арналған «Бала тілі» секілді жаңа айдарлар ашып, оқушылар арасында телевизиялық сайыс өткізу жоспарда бар. Әрине, ол уақыттың еншісінде. Жаңа жобаны көрген өзге оқушылар тарапынан да тың идея, ұсыныс-тілектер келуде, – дейді кітапханашы Нұргүл Тілеубек.
Кітапханашылық қызметімен бірге мектептің facebook парақшасын жүргізетін маман жаңалықтарды жинастырып, мәтінін дайындаса, видеоға монтажды қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абылай Шәймерденұлы жасайды. Ал жүргізуші 7 сыныптың озат оқушысы Қайсар Карабдинов. Қайсардың сөз саптауы мен камера алдында жасқанбай сөйлеуі болашақта білікті маман боларын аңғартады. Жаңа жоба оқушының шығармашылық қабілетін дамытатыны анық. Тіпті кейбір оқушы үшін бұл болашақ мамандығының бастауы да болуы мүмкін. Сондықтан «250tv.news» жақсылыққа бағыттар жасампаз жоба боларына сенім мол.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА