Дәстүрлі спартакиада
qarmaqshy-tany.kz Жақында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына және Ауғанстанда қаза болған жерлестеріміз Нұрлыбек Айсауытов, Әнуарбек Өміров, Рақымжан Доспанов және елге келіп соғыстан алған жарақатынан қайтыс болған Алтай Жыңғылбаевты еске алу мақсатында мектеп оқушылары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, аудан жастарымен спорттың бұқаралығын арттыру, мектеп оқушыларын отансүйгіштікке тәрбиелеу, оларға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында дәстүрлі аудандық спартакиадасы өтті.
Ол жылдағы дәстүрмен спорттың 7 түрінен аталып өтілді. Атап айтар болсақ, волейбол, қол добы, асық ату, бес асық, қол күрес, үстел теннисі, АК-74 қаруын бөлшектеп жинақтау және оның оқжатарын жарақтау.
Спартакиада қорытындысымен асық ату жарысында І орынды №121 орта мектеп командасы жеңіп алса, бес асық ойнаудан №30 орта мектеп командасы жарыс жеңімпазы атанды. Қол күресінде де №30 мектеп құрамасы алда болды. Сонымен бірге, қол добы жарысында №121 мектеп көш басынан орын алса, үстел теннисінен өткен жарыста №105 мектеп-лицей құрамасы І орыннан көрінді. Ал, ұлдар арасында волейболдан өткен жарыста №105 мектеп спортшылары, қыздар арасындағы жарыста №26 мектеп командасы жарыс көшінен табылды. АК қаруын бөлшектеп жинау және оқжатарын жарақтау бойынша өткен жарыста №121 мектеп командасы жеңімпаз атанды.
Тартысты да қызықты сәттермен өрнектелген спартакиада корытындысымен жалпы командалық есеп бойынша №105 мектеп лицейі жарыс жеңімпазы атанса, ІІ және ІІІ орындарға №30 мектеп пен №26 мектеп құрамалары көтерілді.