» » Тірлігі түрленген Тұрмағамбет ауылы

Тірлігі түрленген Тұрмағамбет ауылы

qarmaqshy-tany.kz Даңғайыр ақын Тұрмағамбет атындағы ауыл аудан орталығынан 71 шақырым жерде орналасқан. Бұл өңірден ақынжыраулар, қоғам және мемлекет қайраткерлері түлеп ұшқан. Атап айтар болсақ, мемлекет қайраткерлері Сүлеймен Есқараев, Далабай Ешпанов, кеңестер одағының батыры Тәйімбет Көмекбаев, еңбек ері, батыр ана Сәлима Жұмабекова, сонымен қатар Берман Бисенбаев, Мұзарап Жүсіпов, Сүйінбай Ақбаев, Қуандық Бүрлібаев, Жаппар Тұңғышбаев, Зәуре Кәрібаева, Дінислам Тоқсанбаев сынды жыршы-жыраулар, солтүстік Қазақстан облысының прокуроры, генерал Бағбан Тәйімбетов, күрішші Әбен Тоғызбаев және басқа да ғалымдар мен ұлағатты ұстаздар, қолынан өнер тамған ұсталар мен зергерлер өмір сүрген ауыл.
Осындай дара тұлғалардың атамекенінде Тұрмағамбет ауылдық округі әкімі Мұрат Алдамұратовтың жол бастауымен ауыл шаруашылығының білікті маманы Нұржан Пірмантаев басқаратын серіктестікке атбасын тіредік. Біраз жылдан бері күріш егуде аймақ бойынша көш басында келе жатқан «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 4 егіс бригадасында жерге дән себу жұмысына біз де куә болдық.

Егістік басында шаруашылық басшысы Нұржан Айдарбекұлы мен бас агроном Ғабит Тұңғышбаевтың егіншілермен дән сеуіп жатқан жерінен түстік. Еңбектеріне сәттілік тілеген соң, директордан жұмыс барысын айтып беруін сұрадық.

«Өткен жыл шаруашылық бойынша табысты болды. Егініміз бітік шығып, Жер-Ана төсіне орналастырған күріш, басқа да дақылдарымыздан мол өнім алдық. Биыл да сол көрсеткішті қайталауда диқан-механизаторларымыз ерте көктемнен дала жұмыстарын бастап кетті. Жоспар бойынша 2200 гектарға күріш, 15 гектарға бидай, 205 гектарға мақсары, 20 гектарға түрлі бақша дақылын, 15 гектарға картоп егудеміз. 400 гектарға орналастырылған мал азығы – көне жоңышқа мен 220 гектарға егілген жаңа жоңышқамызды да күтіп баптаудамыз. Бұл жұмыстың барлығын 100-ге жуық түрлі ауыл шаруашылығы техникаларымен, түрлі мамандықты меңгерген 150 адам күшімен жүзеге асырмақшымыз», – деді ол.

Тұрмағамбеттіктер Нұржан Пірмантаевтың өзін де, өзі басқаратын шаруашылықты да ауылдық округ экономикасы мен тұрғындар әлеуетін арттыруға арналған шараларға да белсене араласып жүргенін аса құрметпен атайды. Ол әрдайым мерекелік, даталық күндері тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға, ауыл қарттарына қолдау көрсетіп жүрсе, жас спортшылар мен өнерпаздарға түрлі деңгейдегі жарыстар мен байқауларға қатысуына демеушілік көрсетіп келеді. Мектеп пен балабақшаға да қол ұшын береді. Жақында дауылдан ұшып кеткен ауыл мектебінің шатырын қайта қалпына келтіріп берсе, бүгінде спорт залына да жөндеу жұмысын жүргізуді қолға алуда. Ауылда тұрғындардың, оның ішінде еңбек ардагерлерінің, бос уақытын тиімді пайдалануда жаңадан Ардагерлер үйін, мейрамхана, пошта, шаштараз, заман талабына сай демалыс саябақтарын ел игілігіне пайдалануға берді. Сонымен қатар, сүт өнімдерін өндіретін макарон, сым шығаратын цехтар, «Сәлима Ана» балабақшасы ауыл тұрғындары мақсатына жұмыс істеуде. Алдағы уақытта ауылдағы жарық желілерін де жаңалауды, шаруашылық қырманын жөндеуді жоспарлауда. «Диқанмеханизаторларымыздың еңбекке деген құлшынысы жоғары. Күрішшілер арасында Сәлима анамыздың ісін жалғастырып келе жатқан қыз-келіншектеріміз де жеткілікті. Атап айтар болсақ, 1 бригададан Баян Байниязова, Раушан Елеунұрова, 3 бригададан Мағиза Қарақасова сынды күрішші қыздарымыз биыл ЖерАна төсіне Сыр салысын орналастырып, одан мол өнім алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Мұрат Қожабаев, Нұрболат Кәриев, Болат Сәуенов, Нұржан Ертаевтай майталмандарымыз егін егу жұмысына сақадай сай тұр. Ал, Ғабит Тұңғышбаев, Серік Жиенәлиев сынды мамандар да өз білімі мен біліктілігін көрсетуге дайын. «Ұстазсыз шәкірт тұл» демекші, бұған дейін шаруашылықта еңбек етіп, құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан ардагерлер арасында, атап айтқанда Аманкелді Мүсілімов, Нұралбай Зауытов, Сырлыбай Жәрмедетов, Роза Арысланова, Дастан Бектасов өмірлік тәжірибелерін жас буын өкілдеріне үйретуде», – деді шаруашылық басшысы.

Егіншілермен болған әсерлі сәтімізден соң бізді ауыл әкімі кеңсеге қарай жол бастады.

«Қазіргі таңда ауылда 361 отбасындағы халық саны 2010 адам болса, оның белсендісі 972, жұмыспен қамтылғаны 845 адам, өз бетінше жұмыспен қамтылғаны 124 адам. Оларға Нұржан Пірмантаев басқаратын «Тұрмағамбет» ЖСШ, Ерлан Бисембаев басшылық ететін «Әділет LTD» ЖШС, Ақмарал Жарасова басқаратын №29 орта мектеп, Айгүл Задаева басшылық ететін бөбекжай-бақша, Талғат Бәйменов жетекшілік ететін ауылдық клуб үйі қызмет етеді. Ауыл тұрғындарында есепті кезең бойынша 3139 бас мүйізді ірі қара, қой-ешкі 6803 бас, жылқы 649 бас, түйе 7 бас, 2732 құс болып тіркелді. Өткен жылы тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету және жұмыспен қамту бойынша 15 отбасының 115 мүшесіне әлеуметтік көмек тағайындалса, 57 жұмыссыз тұрғынымыз ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. 5 жас маман Жастар тәжірибесі арқылы жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, ауылда аяқ су мәселесі шешілді деуге болады. Былтыр осы мәселе бойынша қиыншылықтар туындағанымен, биыл облыстық табиғатты қорғау басқармасы арқылы ауыл тұрғындарының өтініші бойынша 2 дизельді насос сатып алынды. «Тұрмағамбет» ЖШС мен жасалған келісім-шарт арқылы электр желісі тартылып, 2 дизельді насосы «Үбіс» каналына қойылып, ауыл тұрғындарының өтініші орындалды. Бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Бұл салада да көптеген іргелі істер атқарылуда. Ауылдық әкімшілік мамандарының тындырымды жұмыстарының арқасында өткен жылы 23 тұрғын «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында қайтарымсыз несие алып, қазіргі уақытта кәсіптерін кеңейтуді жоспарлауда. Жалпы айтқанда, ауыл бойынша 99 кәсіпкер өздері таңдаған кәсібімен ауыл тұрғындарына жан-жақты қызмет көрсетуде. Білікті ауыл шаруашылығы маманы Ерлан Бисембаев басшылық жасайтын «Әділет LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де егістік алқапқа күріш дақылын орналастыруда. Олар да қоғамдық жұмысқа белсене араласып, ауыл әлеуетін көтеруге қолдау көрсетуде.

Ал, енді өңірімізді көркейтукөгалдандыру аясында атқарылған жұмыстарды сараласақ, көшелеріміз де кезең-кезеңімен жөнделуде. Атап айтқанда, біршама көше жарықтандырылды. Алдағы уақытта Әнтай көшесіне күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жоспарда бар. Ауылдың орталық алаңынан ауыл тумаларының қолдауымен волейбол алаңы салынды, мектепке және жастарға арнап түрлі спорттық құралдар сыйға берілді. «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі спорттық құрылғылар сатып әперді. Ауыл тұрғындарының өтінішімен аудандық бюджеттен өрт сөндіру тіркемесі, ауылды аяқсумен қамтамасыз етуде дизель моторы мен трансформатор алдық. Ал, енді мәдени-спорт және рухани қолдауда атқарылып жатқан игі шараларға тоқталсақ, өткен жылы жырау Разақ Мыңжановтың туғанына 100 жыл, Тасберген жыраудың туғанына 150 жыл, даңғайыр ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің туғанына 140 жыл толуына арналған іс-шаралар жоғары дәрежеде аталып өтілді. Басқа да түрлі деңгейде өткен өнер байқауларында, спорттық жарыстарда өнерпаздарымыз бен спортшылар ел мерейін асқақтатып, абыройға кенелді. Ал, енді алдағы жоспарымызда тізбектер болсақ, жаңадан амбулатория салумен, 4 көшеге орташа жөндеу жүргізу көзделсе, сонымен қатар «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен ауылдағы электр желі бағаналарын, трансформаторларын жаңарту жұмыстары жүзеге асырылмақшы», – деді ауыл әкімі.

Мектеп – білім бұлағы

Тұрмағамбет Ізтілеуұлы атындағы №29 орта мектеп аудандағы тарихы тереңді бойлаған киелі қара шаңырақтың бірі.

Біздер мектепке келгенімізде алдымыздан білім ордасының жаңадан тағайындалған директоры Ақмарал Жарасова күтіп алып, мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігін таныстырды. Жарық та кең, заман талабына сай жабдықталған оқу кабинеттерінде білім нәрімен сусындап жатқан шәкірттермен түрлі тақырыпта әңгімелестік. Содан соң мектеп басшысымен бірге екінші қабатта орналасқан «Жасыл мектеп» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қанықтық.

Ақмарал Жарасованың айтуынша, «Жасыл мектеп» жобасы аясында құрылған кабинетте өсіріліп жатқан түрлі гүлдер, жеміс ағаштары, көкөністер биология пәнінің мұғалімдері Меруерт Ерінбетова, Гүлжауһар Дербесінова, Жанар Байсүгірова, Ержан Байғұлиевтердің ерекше еңбегі екенін тілге тиек етті. Кабинетте мамандардың теңгегүл, дримиопсис, каланхоэ, замиокулькас және басқа да сирек сортты гүлдер, қияр, жуа, жүгері, баклажан, шалғам және жеміс ағашы – құрманың өсіп тұрғанын көріп, мұндай ғажайып жобаны жүзеге асырушыларға алғысымызды айтып, одан әрі мектептегі ауыл мұражайында сақталған құнды жәдігерлермен таныстық. Айымжан Бектасованың таныстыруымен біздер мұражайға қойылған ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шапаны мен басқа да қолданған заттарын, майлы бояумен салынған автопортреттерді, ауылда өсіпөнген ақын-жазушылар, жыршы-жыраулардың, қоғам қайраткерлерінің, спортшылардың, жалпы зиялы қауым өкілдерінің өмір жолдары жайлы көрмені тамашаладық. Мектеп кітапханасындағы «Коворкинг» орталығының атқарып жатқан жұмыстарына зейін қойдық. Мектеп директоры болған Мәлік Шоқбаров атындағы сыныпта болып, оның тарихымен таныстық.

«Өнерлі өрге жүзер» демекші, мектеп өнерпаздары мен спортшылары республикалық, облыстық жарыстарда жүлдегер атанып, білім ордасының абыройын асқақтатуда. Атап айтқанда, оқушылар арасындағы аудандық күзгі спартакиадада мектеп шәкірті А.Шалқарұлы «Үздік шабуылшы» номинациясымен марапатталса, қол добынан өткен аудандық біріншілікте пән мұғалімі Ғ.Бектасов «Үздік жаттықтырушы» номинациясына ие болды. Оның шәкірттері облыстық жарыстарда үздіктер қатарынан көрінуде. Ұлттық мектеп лигасы аясында өткізілген аудандық жарыста Б.Мархабатова «Үздік ойыншы» номинациясына ие болса, мектеп құрамасы жарыс жеңімпазы атанып, мектеп мерейін тасытты. Ал, жекелей жарыста Х.Ақылбекқызы мен Ә.Алтынбеков жүлделі ІІІ орынға көтерілді. Ұлттық ойындар жарысында да мектептің 5 сынып оқушысы Е.Нұрлан «Үздік ойыншы» номинациясымен, облыстық ішкі істер департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен өткен жарыста Алғыс хатпен марапатталды.

Кәмиланың «Інжу» тігін шеберханасы

Ақтөбе қаласында дүние дидарын ашып, Тұрмағамбет ауылына келін болып түскен Камила Құнанбайқызының жұмыссыз жүргеніне де біраз жыл болыпты. Жылдар өте бала кезден тігіншілік кәсіпке үйір болып өскен ол жары Батырбекпен ақылдаса келе, өткен жылы қайтарымсыз грант арқылы несие алып, тігіншілік кәсібін бастап кеткен.
Кәсіпкер «Інжу» жеке кәсіпкерлігі арқылы ауыл орталығынан «И.Н.С» атты тігін шеберханасын ашып, ауыл тұрғындарына тігіншілік қызметін көрсетіп келеді.

«Анаға қарап қыз өсер» дегендей, қыз бала жас кезінен анасына қарап бойжететіні рас. Бала кезден олар анасы не істесе, не үйретсе, өсе келе соған жақын болады. Менің анам бос уақытында кесте кестелеп, киім тігетін, шұлық тоқитын, әсіресе өзі тіккен киімдерді ою-өрнекпен безендіруді жақсы көретін. Мен де анамның осы қасиетін бойыма сіңіріп өстім. Өсе келе одан үйренгендерім алдымнан шықты. Құрақ көрпеше тігу менің сүйікті ісім. Сонымен қатар қыз, бесік жасауын жасаймын. Келін шымылдығын да тігемін, көрпежастық тігу де қолымнан келеді. Ер адамның шалбарын, костюмін қысқартамын, әйелдер көйлегін тапсырыс бойынша пішіп, қазақы үлгіде костюмдер мен камзолдар тігемін. Ою-өрнектеймін. Жалпы ауыл тұрғындарының тапсырысын қолдан келгенше орындаймын», – дейді кәсіпкер.

Камила Құнанбайқызы отбасында да үлгілі отанасы, ауылдастарына ибалы келін. Ол жеке меншігінде мүйізді ірі қара малын ұстап, одан айран пісіп, ірімшік, құрт қайнатып отбасылық дастарқан мәзірін толтырады.

«Кәсібімді кеңейтуді жоспарлаудамын. Өйткені, кейде тапсырыс көп болады. Үлгермей қаламын. Көрпені қолмен тігемін. Қасыма бірнеше көмекші алу да жоспарымда бар. Жолдасым Батырбекпен бірге 5 бала тәрбиелеп отырған жайым бар. Олардың барлығы да мектепте білім алуда. Озат оқушылар, мектептегі қоғамдық жұмыстардың белсенді мүшесі», – дейді кәсіп иесі.

Мал баққанға бітеді

Ауылдағы көпбалалы отбасылардың бірі – Бекмахановтар отбасы.

Отбасы отанасы Кенжегүл Жақсылыққызы жұбайы, «Тұрмағамбет» серіктестігінің қырманында жұмыс істейтін Баржұқанмен ойласа келе, мемлекет тарапынан бүгінде көпбалалы отбасыларға көмек ретінде беріліп жатқан қайтарымсыз несиеден өз үлестерін алуда. Өткен жылы «Мүйізді ірі қара малын өсіру» бағыты бойынша кәсібін бастап кетті.

Төрт бұзаулы сиыр сатып алып, бүгінде оның сүтінен қаймақ, құрт, ірімшік, айран, қатық дайындап, пайдасын көріп отыр. Сиырдан басқа қой, жылқы өсіріп олардан да пайда табуда.

«Сиырлының үйі – айран», – деп даналар айтқандай, қазақ халқы негізінен мал шаруашылығымен айналысқан халық. Мүйізді ірі қара, қой, жылқы, түйе бағып, оның пайдасын көру қазақ халқының негізгі кәсібі болғаны рас. Біздер осы кәсіпті жаңғырту мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Мемлекет те қолдау білдіруде. Жұмыссыз азаматтарға, жастарға мал шаруашылығын өркендету, тігін, қолөнер, диқаншылық, ұсталық, басқа да салалар бойынша қайтарымсыз несие беру арқылы елімізде жұмыссыздық санын азайтуға жұмыс істеуде. Мен де осындай игі бастамадан үлесімді алып, жұмысымды бастадым. Аллаға шүкір, балашағамның несібесі болар кәсібім оңынан болып, оның шарапатын көрудемін. Ал, алдағы уақытта оны кеңейтсем деймін. Үлкейтіп қора соғып, сүт бағытында мал басын көбейткім келеді. Сүт өнімдерін өндіретін құрылғылар сатып алып, құрт, ірімшік, айран сатқым келеді. Жолдасым да қарсы емес. Кәсіпкерлікке, оның ішінде мал шаруашылығына деген ниеті бар», – дейді кәсіпкер Кенжегүл.

Ақын апада – қонақта

Киелі Тұрмағамбет ауылы ақын-жазушылар мекені. Бұл ауылда Тұрмағамбет, Мұзарап және басқа да талай ақын өмірін өткізіп, туған елін жырына қосқан. Ал, бүгінде сол ақындар жолын жалғастырып келе жатқандардың бірі – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Үрліхан Өндібаева.
Сапар аясында ақын апамызға арнайы сәлем беріп, отбасында аялдадық.
Біздің келгенімізге қатты қуанған Үрліхан апа шығармашылық бағытында істеп жатқан жұмысын айтты. Сонымен қатар, бірнеше жаңа өлеңдерін оқып берді.
Негізінен ақын осыған дейін «Тұңғиықтан жыр жазсам толғап оңды», «Аңсап күткен бақытым қолға қонды», «Жүз шайырдың бірімін – қыздан», «Шүпілдеген жүрегім жырға толы», «Бір тамшы сия», «Шайырлықпен шартарапты шиырлап» атты туындыларын жарыққа шығарған.

Ақын апамыздың өмір жолына тоқталсақ, ол бар саналы өмірін сауда саласына арнаған. Яғни, 30 жыл бойы сауда саласында еңбек еткен. Алдашбай ахун, Тұрмағамбет ауылдарында бас зоотехник, ауылдық партия хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған өмірлік жары Бердіғұл Жұмабаев ағамызбен бірге 7 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, өсіріп, олардан тараған немерелердің аяулы әжесі атанып отыр. Туған елінің туын өлең-жырлары арқылы көтерген Үрліхандай ақын апайымыз көптеген марапаттарға ие болып, абырой биігінен көрінген майталман маман. Ол «Алтын алқа», басқа да наградалардың иесі. Республикалық, облыстық, аудандық жазба ақындар мүшәйрасында жүлдегер атанған ақын. Ауылдағы қоғамдық жұмыстардың белсендісі. Ақ батасымен жас өскіндерді қолдап жүрген ардақты ана.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
04 мамыр 2023 ж. 457 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930