Салық саласының сарбазы
qarmaqshy-tany.kz Ел болашағы үшін саналы өмірін арнап, жерлестерінің құрметіне бөленіп жүрген жанның бірі – Данияр Қосбергенов.
Ол 1977 жылы Жосалы кенті тұрғындары, қаржы саласының маманы Жамбыл Сүйінтайұлы мен ұзақ жыл медицина саласында елеулі еңбек еткен Патима Шайхысламқызының отбасында дүние дидарын ашқан. Замандастары сияқты орта мектепте білім алып, жүрек қалауымен Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының «Агроөндірістік кешеніндегі экономика және менеджмент» бөлімінде жоғары білім алса, кейіннен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білімін жетілдіреді.
Еңбек жолын Қармақшы ауданы бойынша салық комитетінде салық маманы болып бастаған ол жылдар өте аудит бөлімінің жетекші маманы, бөлім бастығы, басқарма басшысының орынбасары қызметтерінде үлгілі ісімен танылып, салалық басшылық міндеттеген тапсырмаларды абыроймен атқарады.
«Көп еңбек еткен адамға бақыт басын иеді» дегендей, жас та болса өзіне жүктелген функционалдық міндерттерді жауапкершілікпен атқарған жас маман кейін келе облыстық салалық басшылықтың ұйғарымымен Жалағаш ауданындағы мемлекеттік Кірістер басқармасына басшы болып тағайындалады.
Жауапкершілік, ізденімпаздық, талапшылдық деген ұстанымды өміріне серік еткен Данияр Жамбылұлы Жалағаш ауданында қызмет еткен жылдарда да өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқара білді. Салық базасын арттыруда сала бойынша жинаған тәжірибесімен ауданның аймақта алдыңғы қатарға шығуына сүбелі үлесін қосты.
«Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі», – дегендей, ұлылық тәмсілін санасына сіңіріп өскен білікті басшы қай лауазымдық қызметте жүрсе де өзінің туған жерге деген адал қызметі, жауапкершілігі мен талапшылдығының арқасында басшылық тарапынан қолдау тауып, 2019 жылы туған жерге оралады. Нақты айтқанда, аудандық мемлекеттік Кірістер басқармасына басшы болып келеді. Салада кәсіби маманның аудан экономикасының нығаюына, өңірдің дамуына қосқан ерекше үлесін де айта кету біздің міндетіміз.
Ол екі рет Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық Комитетінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік Кірістер органдарының үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Конституциясына – 25 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне – 10 жыл» төсбелгісімен наградталды. Сондай-ақ, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хатына ие болса, өткен жылы аудан бойынша «Қаржы саласының үздігі» номинациясының иесі атанып, абырой биігінен көрінді.
Осындай өнегелі өмір жолымен қоғамнан өз орнын сайлап алған Данияр Жамбылұлын сөзге тартқанымызда ол: «Әке өнегесі ұрпаққа аманат» деп даналарымыз айтқандай, бала кезімде қаржыгер болып еңбек еткен әкемнің жұмысына қызығып өстім. Өсе келе әке жолын өзіме аманат ретінде таңдадым. Еңбек жолымда салықшы деген құрметті мамандықтың қыр-сырын терең меңгеруге атсалысқан, саланы ұзақ жылдар басқарған ұстазым Қалдыбек Сүлейменовтің орны бір бөлек. Осы мамандықпен туған халқыма қызмет етіп келе жатқаныма 25 жылға жуық уақыт болыпты. Талғат Ильясов, Мейрамбек Сатлабаев, Айтбай Бұғыбаев, Зере Метерова сынды білікті де білімді ағаәпкелерімнен тәжірибе жинадым. Ал, бүгінгі күні Қайрат Сәден, Ләззат Қыпшақбаева, Дәуіржан Мусилимов, Нұрсұлтан Бектұрғанов, Гүлзана Қожамұратова, Оразбек Құлқатов сынды өз ісінің шеберлерімен бірге ауданның экономикалық даму көрсеткішінің бірі – салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық және уақытылы түсуін қамтамасыз етуде еңбек етіп жатқан жайымыз бар. Басқарма қызметкерлерінің тындырымды жұмыстарының арқасында биылғы жылдың І тоқсанының қорытындысымен жалпы мемлекеттік бюджет жоспары 608 млн 383 мың теңге болса, оның түсімі 717 млн 378 мың теңгені құрап, 108 млн 995 теңгеге артық немесе 117,9 пайызға орындалуы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, басқарма қызметкерлері көлеңкелі экономикамен күресу мақсатында салық базасын ұлғайту бағытында атқарылған жұмыстар қорытындысымен аудан қоржынына осы тоқсанда қосымша 76 млн 398 мың теңгенің қосымша салығының түсуі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, қазіргі таңда басқармада жас мамандар тобы өздеріне міндеттелген функционалдық қызметтерін абыроймен атқарып, ауданымыздың әлеуметтік экономикалық дамуына тың серпіліс беруде», – деді ол.
Адамның жеке басының қалыптасуы отбасынан басталады. Оның өсіп-жетілуі, өн бойындағы адамгершілік қасиеттер де осы отбасында қалыптасады. Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Атаана тәрбиесін алып, осындай қасиетті ұғымды санасына сіңіріп өскен Данияр Қосбергенов өмірлік жары, аудандық экономика және қаржы бөлімінде бас маман болып қызмет ететін Майра Рысбекқызымен бірге көтерген бақытты шаңырағында тәрбиеленген Нұрай және Айдана есімді қыздары Астана қаласындағы медицина университетінің «Жалпы медицина» факультетінің грант иегері атанса, Дінмұхаммед, Данаби, Дінислам есімді ұлдары Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің озат оқушылары.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ